Нигерияда шахтаға жасалған қарулы шабуыл салдарынан 12 адам көз жұмды, деп хабарлайды MadeniPor...
Туристер көп баратын Каппадокияда қайғылы оқиға: Жартас опырылып 3 адам көз жұмды
Фото: ЖИ
Түркияның Каппадокия аймағында туристер көп баратын табиғи жартас түзілістерінің бірі опырылып, үш адам қаза тапты. Тағы бес адам жарақат алды. Оқиға Невшехир қаласындағы Гөреме ашық аспан астындағы музейдің кіреберісінде болған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Оқиға 29 қазанда қатты жауыннан кейін болған. Алдын ала мәлімет бойынша, нөсер салдарынан жер көшіп, «Пері мұржасы» деп аталатын жартастың бір бөлігінен үлкен тастар бөлініп түскен. Сол сәтте маңайда жүрген адамдар құлаған жыныстардың астында қалған.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі, полиция, жандармерия және медицина мамандары жіберілген. Құтқарушылардың жұмысы аяқталып, үш адамның қаза тапқаны және бес адамның жарақат алғаны белгілі болды.
Түркиялық DHA агенттігінің соңғы мәліметінше, қаза тапқандардың екеуі – Түркия азаматтары, ал біреуі – 37 жастағы шетелдік турист. Жараланған бес адамның төртеуі ем қабылдағаннан кейін ауруханадан шығарылған. Тағы бір адамның жамбас сүйегі сынғандықтан, емделуі жалғасып жатыр.
Невшехир губернаторы Хүсейін Көк оқиғаға қатты жауыннан кейінгі жер көшкіні себеп болғанын мәлімдеді. Ал Түркия Ішкі істер министрлігі іздестіру-құтқару жұмыстарының аяқталғанын хабарлады. Қазір оқиғаға қатысты тергеу басталған.
Айта кетейік, Каппадокиядағы «Пері мұржалары» – жанартау жыныстарының ұзақ уақыт бойы жел мен судың әсерінен мүжілуі нәтижесінде пайда болған ерекше табиғи түзілістер. Бұл аймақ өзінің өзгеше ландшафтымен танымал әрі туристер көп баратын орындардың бірі саналады.