Ұшақ қону кезінде бес адамды қағып кетті

Фото: видеодан скриншот

PESTEL
196

Майамиде Boeing 767 жүк ұшағы қону кезінде ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, қоршауды бұзып, тасжолға шығып кеткен. Әуе кемесі бірнеше автокөлікке соғылып, өртенді. Кем дегенде бес адам қаза тауып, тағы бесеуі зардап шекті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.  

Апат Майами халықаралық әуежайында болған. CNN ақпаратынша, Amazon үшін рейс орындаған Boeing 767-300 жүк ұшағы қону кезінде ұзындығы үш шақырымға жуық жолақта уақытында тоқтай алмаған.

Ұшақ сағатына шамамен 210 шақырым жылдамдықпен әуежай қоршауын бұзып өтіп, навигациялық мұнараларға тиіп, жолға шығып кеткен және онда бірнеше көлікпен соқтығысқан. Соққыдан кейін Boeing өртене бастаған.

Салдарынан кем дегенде бес адам қаза тапты. Тағы бес адам жарақат алды, олардың үшеуінің жағдайы өте ауыр. Құтқарушыларға кейбір зардап шеккендерді қатты зақымдалған көліктердің ішінен шығаруға тура келген.

Ұшақтың пайдаланылғанына 32 жыл болған. Ол Майамиге Пуэрто-Рикодан ұшып келген. Пилоттардың диспетчерлермен сөйлескен жазбаларына қарағанда, қону алдында экипаж ешқандай ақаулар туралы хабарламаған және апаттық белгі бермеген.

Оқиға орнынан түсірілген алғашқы кадрлар желіде жарияланды.

Апатқа ұшыраған Boeing Amazon үшін жүк тасымалдайтын 21 Air әуе компаниясына тиесілі.

Екі компания да оқиғаны растап, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты.

"Бүгін Майами халықаралық әуежайында болған оқиға салдарынан бес адамның қаза тапқаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадық. Біз қаза болғандардың отбасыларына, жақындарына және осы қайғылы жағдайдан зардап шеккендердің барлығына шын жүректен көңіл айтамыз", - делінген Amazon өкілі Келли Нантелдің мәлімдемесінде. 

Апат зардабы әуежай аумағынан тыс жерлерде де сезілді. БАҚ деректері бойынша, оқиға орнынан шамамен бес шақырым жердегі үйлердің тұрғындары қатты дірілді сезген. Кейбіреулер бастапқыда жарылыс болды деп ойлаған.

Апат орнында құтқарушылар мен өрт сөндірушілер жұмыс істеді. Әуежай маңында қою қара түтін мен көптеген өрт сөндіру көліктері көрінді.

Оқиғаға байланысты әуежай жұмысына шектеу қойылды. Кейбір рейстер тоқтатылып немесе кешіктірілді, ал жолаушыларға ұшудың басқа нұсқаларын іздеуге тура келген. 

Шоу-бизнес

Жақында дүркіретіп той жасаған белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан отбасындағы тағы бір қуанышты жиы...

Шоу-бизнес

Жыл сайын өткізілетін сұлулық байқауына кастинг басталғанын Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақ...