ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ДАРА ШЕБЕРІ – МӘРӘШ КЕНИЕВА

Фото: MadeniPortal.kz

ҚАЛАМГЕР
67

Қазақ қолөнерінің тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған шеберлер аз емес. Солардың қатарында есімі ел жадында сақталуға лайық, ұлттық өнердің өркендеуіне елеулі үлес қосқан жерлесіміз – Кениева Мәрәш Ғабділмәжитқызы. 

Ол – Қазақстанның тұңғыш әйел ағаш ұстасы, суретші-қолданбалы өнер шебері, жоғары санатты реставратор, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері.

Бүгінде Әдебиет және өнер музейінің қоры Мәрәш Ғабділмәжитқызының шығармаларымен толықтырылып, шебердің есімі мен еңбегін насихаттауға мүмкіндік туып отыр. Бұл – жерлесіміздің өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа таныстыру, ұлттық өнердің қадірін арттыру жолындағы маңызды қадам.

Мәрәш Ғабділмәжитқызы 1944 жылы 18 ақпанда Көкшетау облысы, Көкшетау ауданы, Қызылағаш ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын ерте бастаған ол өмірінің әр кезеңінде білімге, ізденіске және шығармашылыққа ұмтылды.

1951–1963 жылдары Қызылсая орта мектебінде білім алғаннан кейін, 1964 жылы «40 жылдық Комсомол» атындағы тігін фабрикасында еңбек етті. 1965 жылы Көкшетау қаласындағы мұғалімдер курсын тәмамдап, 1965–1968 жылдары Қарашілік орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарды.

Алайда, Мәрәштің өнерге деген қызығушылығы оны жаңа ізденістерге жетеледі. 1968–1972 жылдары Украинадағы Черновцы облысының Вижница қаласындағы қолөнер училищесінде білім алып, ағаш өңдеу мен сәндік-қолданбалы өнердің қыр-сырын меңгерді. Осылайша, ол кейін бүкіл өмірін арнайтын кәсіби жолға түсті. 

Оқу орнын аяқтаған соң Көкшетау қаласындағы Тұрмыстық химия фабрикасында, Щучье қаласындағы жиһаз фабрикасында суретші-ағаш шебері болып еңбек етті. Ағашпен жұмыс істеу – үлкен дәлдікті, төзімділікті және шығармашылық қабілетті талап ететін күрделі өнер. Ал әйел адамның бұл кәсіпті кәсіби деңгейде меңгеруі сол кезең үшін айрықша құбылыс еді.

1974–1995 жылдары Мәрәш Ғабділмәжитқызы Алматы облысының Каменка ауылында суретші-технолог, «Қазмузейреставрация» мекемесінде суретші-қалпына келтіруші ретінде еңбек етті. Сонымен қатар Ықылас атындағы Республикалық халық музыкалық аспаптар музейінде қызмет атқарып, халқымыздың көне музыкалық мұрасын сақтауға атсалысты. 

Ал 1996–2005 жылдары Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде қалпына келтіру бөлімінің жоғары санатты суретші-реставраторы болды. Осы кезеңде музейдегі жүзге жуық экспонатты қалпына келтіруге үлес қосты. Бұл – шебердің кәсіби біліктілігі мен өз ісіне деген жауапкершілігін айқын көрсететін еңбек.

Мәрәш Кениеваның шығармашылығы тек ағаш өңдеумен шектелмеді. Ол қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарын жасауға, олардың құрылысын зерттеп, қайта жаңғыртуға ерекше көңіл бөлді. Домбыра, шертер, дауылпаз, шіңкілдек, тай-тұяқ және басқа да ұлттық аспаптарды жасап, халқымыздың музыкалық мұрасын сақтауға өз үлесін қосты. 

2006–2013 жылдары Қазақ ұлттық музыка академиясында қазақ музыкалық аспаптарын қалпына келтіруші болып қызмет атқарып, студенттерге музыкалық аспаптардың құрылысы мен жөнделуі жөнінде дәріс берді. Осылайша ол өзінің кәсіби тәжірибесін кейінгі ұрпаққа үйретіп, ұстаздық міндетті де абыроймен атқарды. 

Шебердің қолынан шыққан көптеген бұйымдар еліміздің музейлерінде сақтаулы. Ағаш тегенелер, түрлі тостағандар, ожаулар, киіз үйдің ағаш бөлшектері және ұлттық музыкалық аспаптар – оның шеберлігінің айғағы. Қызылорда қаласындағы музейде сақталған «Қымыз жиынтығы», Жаркент қаласындағы музейдегі үлкен шырақ панары, сондай-ақ Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіндегі ұлттық аспаптар – Мәрәш Ғабділмәжитқызының шығармашылық мұрасының бір бөлігі. 

Ағаш өңдеу шебері ретінде оның ерекше туындыларының бірі – М.Горький атындағы демалыс саябағында қойылған үлкен жұмыр ағаштан ойылып жасалған «Түлкі мен күлше» атты скульптуралық жұмысы. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстандағы Арыстан баб кесенесіндегі XV ғасырға тиесілі 3,5 метрлік ағаш діңгекті қалпына келтіруге де атсалысты.

Мәрәш Кениеваның еңбегі республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де танылды. 1989 жылы оның қолөнер бұйымдары Марокконың Рабат, Мекнес, Касабланка және Фес қалаларында өткен «Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі сәндік-қолданбалы өнері мен графикасы» атты көрмеге қойылды. 

Шебер домбыра жасау өнерінде де бірнеше рет жоғары нәтиже көрсетті. 1992 және 1996 жылдары домбыра жасаушы шеберлердің республикалық «Үкілі домбыра» байқауларының жүлдегері атанды.

2001 жылдан Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі болды. Оның бірқатар қолөнер жұмыстары 2002 жылы жарық көрген «Қазақстан сәндік өнері. ХХ ғасыр» атты альбомға енгізілді. Еңбегі еленіп, 2011 жылы «Құрмет» мәртебелі төсбелгісімен марапатталды. 

Мәрәш Ғабділмәжитқызының өмір жолы – өнерге деген адалдықтың, еңбекқорлықтың және ұлттық құндылықтарға қызмет етудің жарқын үлгісі. Ол ағашты жай ғана өңдеп, бұйым жасаған жоқ. Шебер әр туындысы арқылы халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, эстетикалық талғамын кейінгі ұрпаққа жеткізді. 

2023 жылдың 1 қыркүйегінде өмірден өткен Мәрәш Кениеваның артында мол шығармашылық мұра қалды. Оның қолынан шыққан әрбір бұйым – қазақтың дәстүрлі өнерінің тарихынан сыр шертетін құнды жәдігер. 

Мәрәш Кениева – өз дәуірінің шебері ғана емес, қазақтың дәстүрлі өнерін келешекке жалғаған дара тұлға. Оның өмірі мен шығармашылығы ұлттық өнерге қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді. 


Айнаш
Садвокасова,

Әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушысы

СПОРТ

Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жарақатына байланысты Қытайда өтетін Билли Джин Кинг кубогы...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Жамбыл облысында қайтыс болған 19 жастағы Мәдина Рашидқызының анасы сегіз айлық немересін көре алмай...