«Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасы басталды

РУХАНИЯТ
547

Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен «Қайырымдылық керуені» республикалық қайырымдылық форумында «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасының басталғандығы жарияланды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Алматы облысының әкімі А.Батталовқа экспедицияның символы ретінде экспедиция күнделігі мен туын табыс етті.

Аймақтардан келген қоғам белсенділері мен жомарт жандарға құрмет көрсетіліп, марапат ұсынылған аталмыш форумға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев, ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, әлеуметтік бағыттағы орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ҚХА мүшелері, өңірлерден келген меценаттар, демеушілер, қайырымдылық ұйымдары мен қорлар, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Форум аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасы таныстырылды. Ассамблеяның 25 жылдығының қарсаңында қолға алынған аталмыш жоба Елбасының тәуелсіз Қазақстанды құру мен дамытудағы ерен еңбегін дәріптеуге, насихаттауға арналған. Экспедиция 2020 жылдың ақпан айында басталады. Ол Қазақстанның барлық өңірлері мен Елбасының шетел мемлекеттерінде жүріп өткен жолдарын қамтиды.

««Халық экспедициясы» деп аталуының себебі, оның басты арқауы Елбасы мен халық болады. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің әрбір азаматының өмірінде маңызды рөл атқарды. Сондықтан, бұл жоба Ассамблеяның 25 жылдығында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құрудағы ерен еңбегін қоғамдық санада бекітуге бағытталған. Біз бұқаралық қоғамдық санада бірлік пен келісімнің жалпыұлттық шоғырландырушы құндылықтарын нығайту жолында жұмыс істейтін боламыз. Бұл жұмыстың негізіне Елбасының Қазақстанның дамуының қазіргі кезеңіне арналған бағдарламалық тұжырымдары алынады», - деді Жансейіт Қансейітұлы жобаның салтанатты таныстырылымында сөйлеген сөзінде.

Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, халық экспедициясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолындағы маңыздылығы жоғары кезеңдер мен жол тармақтарын қамтиды. Және ол үш бағыт бойынша жүзеге асырылады.

«Басты маршрут 2020 жылдың басында Алматы облысы Қаскелең ауданының Шамалған ауылынан басталады. Бұл мекенде Елбасы дүниеге келді, оқыды, өсті. Бұл жерде болашақ Президент тұлға ретінде қалыптасты, оның алғашқы армандары мен үміттері осы жерде от алды. Одан кейін халықтық экспедиция Қарағанды облысының Теміртау, Қарағанды қалаларына бет алады. Бұл жерлерде ол кәсіби тұрғыда қалыптасып, өз ерік-жігерін, мінез-құлқын шынықтырды. Осы жерде оның саясаткер және мемлекет қайраткері ретінде сара жолы басталды. Халықтық экспедицияның тағы бір бөлігі Украинаның Каменск қаласына барады. Бұл қаламен Елбасының көптеген жарқын естеліктері байланысты. Халықтық экспедиция 2020 жылдың наурыз айын Нұрсұлтан Назарбаевтың партия жұмысшысынан Тәуелсіз Қазақстанның Президентіне дейінгі жолды жүріп өткен Алматы қаласында қарсы алады», - деді Ж.Түймебаев.

Ж.Түймебаевтың айтуынша, халықтық экспедицияның екінші бағыты еліміздің әрбір өңірінде болады. Ал халықтық экспедиция жолға шығатын үшінші бағыт халықаралық маршрут болмақ. «Біз Елбасы тағдырында маңызды рөл атқарған адамдармен кездесіп, сұқбаттасып, экспедиция кезеңінде күнделік жүргізіп отырамыз», - деген Жансейіт Қансейітұлы экспедиция қорытындысы 2020 жылдың 6 шілдесі - Тұңғыш Президенттің туған күні қарсаңында ұйымдастырылатын Халықаралық конференцияда жарияланатынын және белсенді қатысушылардың ҚХА-ның «Халық бірлігін нығайтуға қосқан үлесі үшін» премиясымен марапатталатынын айтты.

assembly.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...