Пойыз ішіндегі келеңсіз жағдай көпшіліктің назарына ілікті. Бұл жаңалықты buzyqmedia парақшасы көпші...
"Бүгін қайта қауыштық": Төреғали Төреәлі желіде күтпеген жазба жариялады
Фото: әлеуметтік желіден
Танымал әнші Төреғали Төреәлі Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевпен кездескенін айтып, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Өнер иесі кездесуден алған әсерімен бөлісіп, Нұрлыбек Нәлібаевтың өнер адамдарына көрсетіп жүрген қолдауын ерекше атап өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Әнші алдымен Нұрлыбек Нәлібаев екеуінің туған күндері бір күн айырмашылықпен келетінін айтып, ортақ туған жер мен жылдар бойы қалыптасқан сыйластық туралы ой қозғады. Оның сөзінше, уақыт өткен сайын адамдар арасындағы шынайы құрметтің қадірі арта түседі.
«Жанашыр ағалар болады… 13 қазан Нұрлыбек Машбекұлы ағамның туған күні. 14 қазан менің туған күнім. Бір күннің аралығында туған, Сырдың топырағынан түлеген бізді тағдырдың осылай тоғыстырғанына да бір сәт ой жүгіртесің. Уақыт деген кейде адамдардың арасын алыстатқанымен, көңілдегі сыйластықтың бағасын ұғындыратын сияқты.
Төреғали Төреәлі бұл жүздесудің өзі үшін ерекше мәнге ие болғанын жеткізді. Әншінің айтуынша, кездесу барысында олар өткен күндерді еске алып қана қоймай, алдағы жоспарлар мен ортақ мәселелер жөнінде пікір алмасқан.
Міне, бүгін қайта қауыштық. Бұл кездесудің мен үшін орны бөлек. Жай ғана амандық сұрасып, өткенді еске алумен шектелмедік. Сырластық, ой бөлісу, мүдде тоғыстыру, алдағы күндер туралы әңгіме өрбіді. Кейде бір адамның жанында отырып-ақ, талай жылдан бері айтылмай жүрген ойларыңды ақтарғың келеді. Өйткені кейбір адамдармен әңгіменің өзі бөлек, үндестіктің өзі бөлек.
Өнер иесі Нұрлыбек Нәлібаевтың шығармашылық ортаға, әсіресе айтыс өнері мен ақындарға қолдау көрсетіп жүргенін атап өтті. Сондай-ақ ол кездесуден ерекше әсер алып, болашаққа деген жаңа ойлар мен жақсы ниет түйгенін жазды.
Нұрлыбек аға жалпы өнердің, өнерпаздардың жанашыры. Айтысқа деген құрметі ерекше. Ақындарымызды да қолдап келе жатыр. Осындай қайта табысудың қадірін уақыт өте келе тереңірек түсінеді екенсің. Өмірде кіммен қанша жыл араласқаныңнан бұрын, қайта кездескенде қандай күйде қалатының маңызды шығар. Ал бүгінгі жүздесуден көңілге жылылық, ойға жаңа бағыт, ертеңге деген жақсы ниет түйіп қайттым.
Жазбасының соңында әнші кейбір кездесулердің адам өмірінде жаңа бастамаларға жол ашуы мүмкін екенін меңзеді. Ол бұл жүздесуді бұрынғы әңгіменің жалғасы ғана емес, жаңа кезеңнің бастауы болуы ықтимал маңызды сәт ретінде сипаттады.
Бәлкім, кейбір кездесулер дәл өз уақытында болады. Бұрынғы әңгімені жалғап қана қоймай, жаңа бір парақтың ашылуына себеп болады», – деп жазды өнер иесі.