Көп уақыт үзілістен кейін сахнаға қайта оралған Балжан Бидаш жаңа әндерімен ғана емес, әлеуметтік же...
«Ешкімге көрсетпей жылаймын»: Ләйлә Сұлтанқызы төрт жылдан кейін жан сырын ақтарды
ашық дереккөз
Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы марқұм жолдасы Қайрат Беркімбаевты еске алып, әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады. Ол күйеуінің өмірден өткеніне төрт жыл толғанын айтып, сағынышы әлі басылмағанын жеткізді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Тележүргізушінің сөзінше, уақыт өткен сайын жақын адамынан айырылудың ауыртпалығы жеңілдемеген. Ол кей сәттерде ешкімге білдірмей, оңаша жылайтынын жасырмады.
«Қарашаның ызғары… Қайрекеңнің бақилық болғанына бүгін төрт жыл… Өзіңсіз төрт күз, үш қыс, төрт көктем өтті. Бірақ сен кеткен қарашаның ызғары бәрібір жүрегімізден кеткен жоқ… Уақыт емдемейді екен. Тек сағынышпен өмір сүруді үйретеді. Оңай емес… Қатты қиналған сәттерде ешкімге көрсетпей, кейде оңаша жылап аламын. Шыным», – деп жазды ол.
Ләйлә Сұлтанқызы марқұм жарына арнаған жазбасында отбасының бүгінгі тыныс-тіршілігін де бөлісті. Балалары Сағадат пен Сардардың өсіп келе жатқанын, немересі Таймастың дүниеге келгенін және үлкен немересі Ажардың шетелде білім алып жүргенін айтты.
«Ағайын-туыс аман. Сені сағынышпен еске алып, үнемі дұғасына қосып жүретін жақындарың бар. Соның бәріне шүкіршілік етемін. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын! Алла алдынан жарылқасын», – деп жазды тележүргізуші.
Осылайша, Ләйлә Сұлтанқызы төрт жыл өтсе де, жарына деген сағынышының сейілмегенін жеткізді.