2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, боксшы Бақыт Сәрсекбаев қаз...
Белгілі спорт журналисі жұмыстан кетуге мәжбүрлеп жатқанын мәлімдеді
Фото: әлеуметтік желіден
Спорт журналисі Аслан Қаженов әлеуметтік желідегі парақшасында Геннадий Головкинге қатысты пікір білдіргеннен кейін қысымға ұшырағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жұмыс беруші одан қызметінен өз еркімен кетуді талап еткен, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
"Сол кезде Геннадий Головкинге қатысты постты алмасаң, эфирге шығармаймыз, жұмыстан шеттетеміз, заңмен қудалаймыз деген сияқты әртүрлі хабарлама келді. Екі күннен кейін «ұлтаралық алауыздықты қоздырдың» деген себеппен соттатқалы жатырмыз дегенді тағы жеткізді. Амал жоқ, постты алып тастадым. Отбасы бар, бала-шаға бар дегендей".
Аслан Қаженов Астанаға оралғаннан кейін қысымның күшейгенін айтады. Оның мәлімдеуінше, жұмыс орнында өз еркімен қызметтен кету немесе бірнеше бап бойынша жауапқа тартылу талабы қойылған.
"Енді Астанаға келсем, жұмыста «қазір өз еркіңмен қызметіңнен кет немесе бірнеше бап бойынша соттатамыз дегенді» алға тартады. «Хабар» Агенттігінің заңгері кәдімгідей ізденіп, бүкіл постымды зерделеп шығыпты. Арасынан «қаракөздер құқығын қорғамадың» дегенді ұлтаралық алауыздықты қоздыру, «сенің көтіңе кірмеймін» дегенді жеке басын балағаттау деп, кәдімгі ресми арыз-шағымдарын дайындап қойыпты. Айтпақшы, бұл істер ІІМ-де жатыр. Егер өз еркіммен кетпесем, басың бәлеге қалады дегенді қадап айтты", – деді журналист.
"Ең қызығы – барлық тапсырманы Президент Әкімшілігіндегі бір адам беріп отыр дейді. Одан кейін ақпаратқа жауапты министрдің тікелей тапсырмасы дегенді естідім. Жазбасы да бар", – деп мәлімдеді ол.
Журналист өзінің спорт саласындағы мәселелерді көтергені үшін қудалауға ұшырағанын айтып, сөз бостандығы мен журналистің кәсіби құқығына қатысты сауал қойды.
"Біз өзі қандай елде өмір сүріп жатырмыз? Қазақ спортының проблемасын айту – қылмыс па? Қазақ спортшыларының жанайқайын жеткізуші – қылмыскер ме? Сөз бостандығы қайда? Журналистің құқығы қайда? Сонда «Ясмина Тоқсанбаеваның, Виктория Графееваның, Наталья Богданованың жеңістерін ұрлатып, не істеп жүрсіңдер?» дегенге темір торға қамата ма? Онда біткен екенбіз ғой", – деп жазды Қаженов.
Мемлекеттік арнада 15 жыл еңбек еткенін айтқан журналист Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, мәселеге назар аударуды сұрады.
"Құрметті, Қасым-Жомарт Тоқаев, бұл мәселе Сізге жетеді және назар аударасыз деп сенемін. Мемлекеттік арнада 15 жыл еңбек еткен қатардағы тілшіні осынша қысымға алып жатыр. Мен қарапайым адаммын. Біреулер сияқты төбеден тапсырма беретін саяси ықпалым да жоқ не азулы адвокаттарды жалдап қырылатын ақшам да жоқ. Бірақ, объективті түрде сын айта аламын. Сол арқылы отандық спорттағы жағдайларды оң бағытта реттеуге боларына сенімдімін…".