Әлижан Аблағатов Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында ушудан алғашқы медальді жеңіп алып, бұл ойын...
Қайрат Боранбаев “Алтын доп” церемониясында көзге түсті
Фото: видеодан скриншот
Қазақстандық кәсіпкер, «Қайрат» футбол клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Лондонда өтіп жатқан «Алтын доп» марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қайрат Боранбаев салтанатты іс-шараның тікелей эфирінен көрінді. Әлем футболының үздіктері жиналған кеш биыл Ұлыбритания астанасындағы London Palladium театрында ұйымдастырылды. Sports24.kz басылымының хабарлауынша, Боранбаев шараға «Манчестер Юнайтед» клубында өнер көрсеткен әрі ағылшын командасының бапкерлер штабында жұмыс істеген Майкл Кэррикпен бірге келген.
26 қазанда өтіп жатқан марапаттау рәсімінде 2026 жылдың үздік футболшылары, бапкерлері мен клубтары анықталады. Биыл «Алтын доп» сыйлығының табысталып келе жатқанына 70 жыл толғанын жазған болатынбыз. Осыған орай ұйымдастырушылар марапаттау кешін алғаш рет Лондонда өткізуді ұйғарған.
Қайрат Боранбаев - Алматының «Қайрат» футбол клубының негізгі иесі әрі бақылау кеңесінің төрағасы. Ол 2012 жылдан бері клубтың дамуына қатысып келеді. Оның есімі команданың қаржылық жағдайын жақсарту, футбол академиясын дамыту және клуб инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстарымен байланысты.
2011 жылы Боранбаев басқарған «ҚазРосГаз» компаниясы «Қайрат» клубының негізгі демеушісі болды. 2012 жылы компания клубтың 70 пайыздық үлесін сатып алды. Кейін Боранбаев клубты жеке сатып алғанын айтып, оның құны шамамен 16 миллион АҚШ доллары болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, клубты сатып алған кезде команданың қарызы да болған.
Боранбаевтың басшылығы кезінде клубтың балалар мен жасөспірімдер футболына арналған инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлінді. 2018 жылы «Қайрат» футбол академиясы ашылды. Онда жас ойыншыларды кәсіби футболға дайындауға жағдай жасалды. Академияда Қазақстанның түрлі өңірінен келген балалар жаттығады.