Қазақстан құрамасында Назым Қызайбайға қатысты шешім қабылданды

ашық дереккөз

СПОРТ
248

Қазақстан әйелдер боксы құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин Назым Қызайбайдың Болгарияда өтетін «Странджа кубогында» өнер көрсететінін мәлімдеді, деп хабарлады Madeniportal.kz.

Бұл – атақты спортшының 2026 жылғы алғашқы турнирі болады. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі жазды.

Елдос Сайдалиннің айтуынша, қазір Қазақстанның әйелдер құрамасы алғашқы ірі халықаралық турнирге дайындық үшін Алматыда жиналған.

«Бүгін Алматы облысында дайындықтың екінші кезеңін бастадық. Бұл жолы толық құрам жиналды, енді Болгарияда өтетін халықаралық “Странджа кубогына” дайындықты бастаймыз. Беделді жарыс 23 ақпаннан 1 наурызға дейін өтеді. Софиядағы турнирге құраманың бірінші және екінші құрамдары қатысады», – деді маман.

Сонымен қатар ол команданың көшбасшылары – үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай, екі дүркін әлем чемпиондары Алуа Балқыбекова мен Аида Әбікеева және әлем чемпионы Наталья Богданова – шетелде жеке оқу-жаттығу жиынын өткізгенін атап өтті.

«Бізге құраманың көшбасшылары – Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева және Наталья Богданова да қосылды. Бұл төрт спортшы алғаш рет Америка Құрама Штаттарында екі апталық оқу-жаттығу жиынын өткізді. Онда бірнеше елдің құрамалары жиналып, өте пайдалы спаррингтер өткізді.

Қатысушылар қатарында Қытай, Финляндия, АҚШ, Англия және басқа да елдердің өкілдері болды. Сәуір айында олар Бразилияда өтетін Әлем кубогының бірінші кезеңіне қатысады. Әлбетте, жылдың басты жарысы Жапонияда өтетін Азия ойындары болады. Осы кешенді турнирде жоғары нәтиже көрсетуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді бапкер.

Еске сала кетейік, өткен жылы Қазақстанның әйелдер боксы құрамасы IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатында екінші орын алды (3 алтын, 2 күміс және 1 қола), сондай-ақ World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпионатының жалпыкомандалық есебінде жеңіске жетті (3 алтын, 1 күміс және 2 қола).

Елдос Сайдалин 2024 жылғы сәуірде Қазақстанның әйелдер құрамасының бас бапкері болып тағайындалды.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдумның күнін бекітті, деп хабарлады Madenipo...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлеуметтік желілерде Қырғызстан МҰҚК-нің бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиевтің атынан жазылған мәлімдем...