Қазақстанға жетінші алтынды сыйлады: Алексей Луценко тарихи рекорд орнатты

Туризм және спорт министрлігі

СПОРТ
167

Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарында топтық тасжол жарысынан алтын медаль жеңіп алды. Осылайша ол Азиада тарихындағы алты дүркін чемпион атанып, қазақстандық спортшылар арасында рекорд орнатты, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Ерлер арасындағы топтық тасжол жарысында Луценко мәреге бірінші болып жетті. Қазақстандық спортшының көрсеткіші – 4 сағат 13 минут 11 секунд. Бұл Қазақстан құрамасының Азиададағы жетінші алтын жүлдесі болды.

Аталған жарыста ел намысын Евгений Фёдоров пен Николя Винокуров та қорғады.

Бұл – Луценконың Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындарындағы екінші алтыны. Бұған дейін ол жарыстың алғашқы күнінде жекелей сыннан да топ жарған еді.

Осы жеңістен кейін Алексей Луценконың жазғы Азия ойындарында алған алтын медальдарының саны алтауға жетті. Нәтижесінде ол алтын жүлде саны бойынша Қазақстан тарихындағы ең титулды Азиада спортшысы атанды.

Луценко 2014 жылы Инчхонда бір алтын, 2018 жылы Джакартада екі алтын, Ханчжоудағы Азия ойындарында бір алтын және бір күміс жүлде иеленген. Ал 2026 жылғы Аичи-Нагоя ойындарында әзірге екі рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Бұған дейін Қазақстан спортшылары арасындағы рекорд байдарка және каноэ есуден Азия ойындарында бес алтын медаль жеңіп алған Константин Негодяевқа тиесілі болған.

Алексей Луценко кәсіби мансабында әлемдік велоспортта да бірқатар ірі жетістікке жеткен. Ол жастар арасында әлем чемпионаттарында жеңіске жетіп, «Париж – Ницца» және «Вуэльта Испания» секілді беделді көпкүндіктердің кезеңдерінде топ жарған.

XX жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады. Қазақстан құрамасы сапында 558 спортшы 35 спорт түрінен сынға түсіп жатыр.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басышысының жарлығымен Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотына он судья тағайындалды...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақтауда Назарбаев зияткерлік мектебінің қызметкері жұмысқа мас күйде келген. Музыка пәнінің көркемді...