4-сәуір – бокстан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың туған күні!Е...
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасы үшінші жарыс күні жеті алтын иеленді
Сурет ашық дереккөзден алынды
Қазақстан ұлттық құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үшінші жарыс күнінде 7 алтын, 7 күміс, 9 қола медальдар алды, деп хабарлады madeniportal.kz.
Жалпы, ел қоржынындағы медальдар саны осымен 48-ге жетті, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР Туризм және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, осылайша Қазақстан құрамасы үшінші күн қатарынан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздар кестесінде көш бастап келеді.
10 қыркүйекте «Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда өткен Жамбы ату спортының Түркі стилінен алтын жүлдені Ералхан Айкөз, ал қола жүлдені Айтбек Сарыбай жеңіп алды. Күміс жүлдені түркиялық Керем Игит еншіледі. Жарыстың екінші күнінде ұлттық құраманың үш бірдей спортшысы Азия стилінен жүлделі орындарға ие болған еді.
Аударыспақтан Сырым Ізбасаров (100 келі) моңғолиялық спортшы Ерболат Жеңісбекті жеңіп, алтын жүлде алды. 100 келіден жоғары салмақта Біржан Қосалиев Қырғызстан спортшысы Кумушбек Қыдырәлиевтен басым түсіп, алтын жүлдеге ие болды. Ал 90 келі салмақ дәрежесінде Есімхан Рахматіллә күміс жүлде еншілелі. Ол Қырғызстан спортшысы Ислам Бердібекуулынан жеңілді. Ұлттық құрама спортшылары аударыспақтан жалпы есепте бес алтын, бір күміс еншіледі.
«Арғымақ» ат-спорт кешенінде дәстүрлі садақ атудан «Қалқан»нысанасынан өткен бәсекеде Ербол Тәпенов күміс жүлдеге, ал Қасымхан Қанат қола жүлдеге ие болды. Бұл – Қасымханның Көшпенділер ойындарындағы екінші қола медалі. Екінші жарыс күнінде "Пута" нысанасы бойынша Жәнібек Құлмырзаев алтын, Айкөркем Батихан қола жүлде алған болатын.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен ерлер мен әйелдер әрқайсы төрт салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қазақстандық балуандар екінші жарыс күні 4 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде иеленді. Әйелдер арасында Зарина Сарипова (65 келі) мен Роза Нысантайқызы (70 келі) алтын жүлде алды. Замзагул Файзолланова (77 келі) күміс жүлдеге, Альбина Бахиева (+77 келі) қола жүлде алды. Ерлер арасында Ерсұлтан Мұзаппаров (100 келі) пен Нұрдәулет Жарылғапов (+100 келі) алтын жүлде алды. Ерасыл Жанатаев (90 келі) қола жүлде еншіледі. Қазақстанық балуандар қазақ күресінен барлығы 15 медаль алды: 12 алтын, 1 күміс, 2 қола. Айта кетсек, жарыстың бірінші күні боз кілемде күрескен 8 қазақстандық спортшының барлығы да жеңістің биік тұғырына көтерілген болатын.
«Алау» мұз айдыны сарайында өткен кураштан екінші жарыс күнінде 7 балуан жүлде алды. Ерлер арасында Ернұр Сүлейменов (60 келі), Айбек Қазақбаев (66 келі), Нұрдін Шаймерден (73 келі), әйелдер арасында Толғанай Абеуова (57 келі) күміс жүлдеге ие болды. Марат Нигматуллаев (60 келі) пен Әділет Ахметғали (73 келі), әйелдер арасында Алтынай Нұрханова (57 келі) қола жүлдеге ие болды. Осылайша, ұлттық құрама курашты 13 жүлдемен (1 алтын, 6 күміс 6 қола) қорытындылады.
Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлингтен ерлер арасында 105 келі салмақ дәрежесінде Еркебұлан Ерлан мен 75 келі салмақ дәрежесінде Ольга Душаева қола жүлдегер атанды. Ұлттық құрама спортшылары Көшпенділер ойындарын төрт қоламен аяқтады.
«Қазанат» ипподромында өтіп жатқан көкпардан іріктеу кезеңінде Қазақстан АҚШ құрамасын 16-4 есебімен жеңді.