Елордалық «Астана» футбол клубы жаңа мәселеге тап болды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz....
Жүлде алмаса да, рекорд жаңартты: Ғалымжан Балабек Әлем кубогында көзге түсті
ҰОК
Қазақстандық жүзуші Ғалымжан Балабек Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан Әлем кубогының кезеңінде ел рекордын жаңартты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қазақстан құрамасының спортшысы 400 метрге еркін әдіспен жүзу сайысында 3 минут 47,13 секунд нәтиже көрсетіп, 12-орынға тұрақтады.
Бұл көрсеткіш Ғалымжан Балабектің бұрынғы жеке рекордынан да жоғары болды. Бұған дейін ол аталған қашықтықты 3 минут 47,52 секундта жүзіп өткен еді. Осылайша қазақстандық спортшы өз нәтижесін 0,39 секундқа жақсартып, жаңа ұлттық рекорд орнатты.
Жарыста алтын медальді АҚШ өкілі Карсен Фостер жеңіп алды. Ол 400 метрді 3 минут 37,39 секундта жүзіп өтті.
Күміс жүлде 3 минут 37,74 секунд нәтиже көрсеткен бельгиялық Лукас Пьер А. Энвоға бұйырды. Ал Оңтүстік Африка Республикасының спортшысы Мэттью Колдуэлл 3 минут 40,95 секунд көрсеткішпен қола медаль иеленді.
Айта кетейік, Ташкенттегі Әлем кубогының кезеңі 10 қазанға дейін жалғасады.
Биылғы Әлем кубогы Баку, Ташкент және Астана қалаларында ұйымдастырылып отыр. Жарыстың қорытынды кезеңі 15–17 қазан аралығында Қазақстан астанасындағы «Барыс Аренада» өтеді.