4 тілде еркін сөйлейтін 5 жастағы Айшаның құпиясы неде?

Фото: Айшаның ата-анасынан

Сұхбат
240

Айша төрт тілде еркін сөйлей алатын бала, және оның анасы тіл үйретудің тиімді әдістері туралы көп нәрсе біледі, деп хабарлайды madeniportal.kz.

Айшаңыз төрт тілді қалай үйренді? Әр тілде сөйлегенде қандай айырмашылықтар байқалады?

Кішкентайынан біз Айшамен қазақ тілінде сөйлесеміз, әлі күнге дейін солай сөйлесіп жүрміз. Айша 8 айлық болғанда ағылшын тілін енгізе бастадық. Ол кезде күнделікті әрекеттер арқылы, ойындар, саусақ ойындары, мультфильмдер мен кітаптар арқылы үйрете бастадық. Бастапқыда күніне 20-30 минут қана уақыт бөліп, кейіннен уақытын сәл ұзарттық. Күнделікті әрекеттерде де ағылшын тілін қолданып, тілін дамыттық. Мысалы, күніне ағылшын тілінде максимум 2 сағат сөйлесек, қалған уақытта қазақ тілінде сөйлестік. Айша 1 жасқа толғанда ауылдан қалаға көштік, сол кезде ақырындап орыс тілін қосуға кірістік. Алматыда орыс тілінде сөйлейтін балалар көп болғандықтан, дәл ағылшын тілін үйреткендей, күніне арнайы уақыт бөліп, орыс тілінде де толықтай жұмыс істедік. 3 жасқа толғанда қытай тілін үйрете бастадық. Ойындар, сөздер, кітаптар арқылы үйреттік. Айша 3 жас 10 айында біз Қытайға көштік. Қазір қытай балабақшасына барып, қытайлықтармен бірге оқиды, еркін сөйлейді. Сонымен қатар қазір араб тілі мен түрік тіліне қызығушылық танытып жүр, бұл тілдерді де кейін үйретуді жоспарлап отырмыз.


Айша үшін қай тіл ең жеңіл, қайсысы қиын болды?

Айшаға қазақ тілі мен ағылшын тілі ең оңай тілдер болып табылады. Ал орыс тілі қиынырақ болды. Қытай тілін қиын деп айта алмаймын, себебі оны ойын арқылы үйренді. Ал орыс тілін біз жиі қолданбаймыз, сондықтан практика аз болды, осы себепті орыс тілі қиындық туғызды.

Сіз Айшаның тілдерін үйретуде қандай әдістер қолдандыңыз? Қандай ойындар немесе жаттығулар көмектесті?

Бір тілде сөйлейтін отбасыларда баланың тілі ерте шығады, ал көп тілді ортада өскен балалардың тілі кешірек шығуы мүмкін. Сондықтан мен бұл туралы алдын ала біліп, Айшамен дұрыс жұмыс жасадым. Айшаға саусақтарына массаж жасап, оны көп қимылдауға, ойнауға, секіруге, жүгіруге ынталандырдым. Бала көп қозғалыста болмаса, тілі жай шығуы мүмкін. Баланың тілі ерте шығуы үшін, оны дамыту керек. Сонымен қатар мультфильмдерді 2-3 жасқа толғанда ғана көрсеткен дұрыс деп санаймын, себебі одан ерте көрсек, баланың тілінің дамуына кері әсер етуі мүмкін. Тіл үйретуде жүйелі түрде кітаптар, саусақ ойындары, күнделікті рутиналар арқылы, сөйлесу арқылы дамуға тырыстым. 

Төрт тілде сөйлеу Айшаның ойлау қабілетіне немесе мінез-құлқына әсер етті ме?

Әрине, әсер етті. Айша әр тілде өзін әртүрлі ұстайды. Мысалы, қазақ тілінде сөйлегенде нағыз қазақы баланың мінез-құлқында болады, ал ағылшын тілінде сөйлегенде нағыз ағылшындар сияқты әрекет етеді. Қытай тілінде сөйлегенде, қытайлықтар сияқты болады. Тілдер оның мінез-құлқын өзгертеді, әр тілде өзін әртүрлі сезінеді. 

Айша барлық тілде еркін сөйлей ме, әлде бір тілде көп сөйлей ме?

Айша көбінесе қазақ тілінде және ағылшын тілінде сөйлейді. Балабақшада қытай тілінде еркін сөйлейді. Үйде қазақ тілінде сөйлесеміз, себебі қазақ тілін сақтау үшін. Бірінші орында қазақ тілі, екінші орында ағылшын тілі, үшінші орында қытай тілі, төртінші орында орыс тілі тұр. 

Айша тілдер арасында ауыса ма?

Иә, Айша тілдер арасында ауысып кете алады. Мен оған қазақша сұрақ қойсам, қазақша жауап береді, ағылшынша сұрақ қойсам, ағылшынша жауап береді. Бұл өте оңай әрі табиғи түрде болады. 

Сіздің ойыңызша, Айша үшін төрт тілде сөйлеудің қандай пайдасы бар?

Айша болашақта тіл үйренемін деп уақытын жоғалтпайды. Ол грамматиканы еркін меңгеріп, қатесіз сөйлей алады. Болашақта кез келген шетелде еркін оқып, білім алуға мүмкіндік бар. Төрт тілде сөйлейтін балалардың болашағы зор болады деп сенемін. 

Сіз болашақта Айшаға қандай тілдерді үйретуді ойлайсыз?

Қазір Айшаға осы төрт тіл жеткілікті деп ойлаймын. Бірақ Айша араб және түрік тілдеріне қызығушылық танытып жүр, осы тілдерді де кейін үйретеміз деп жоспарлап отырмыз. 

Сұқбат үшін рақмет! Айшаның болашағы жарқын боларына сенемін! 

Сұхбат алған: Бақберген Айзат
“Ұланның” жас тілшісі
Ұ.Бағаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы
Алматы облысы Кеген ауданы Алғабас ауылы 

Без категории

Осыдан 113 ;ыл бұрын (1912) аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек...

Жаңалықтар

Оқиға Ресейдің Томск қаласында болған, деп хабарлайды madeniportal.kz El.kz ақпарат агенттігіне...