"Айкадан" соң, өз-өзіме келе алмадым

КИНО
3699

Самал Еслямова Айка ролін ойнамапты. Өмір сүріпті Айка болып. Бірнеше жылға созылған түсірілімде сыртқы келбетін өзгертпей сақтағаны бір бөлек, кейіпкердің ішкі линиясын үзбей ұстағанын айтсаңызшы. Канн кинофестивалінде алған жүлдесі үлкен еңбекпен келіпті, шынымен. 

Ал режиссер Сергей Дворцевой жалт етіп тез өте шығатын кадрлармен, элементтермен үлкен мәселелерді қозғайды екен. Тіпті сол сәтке назар аудармағандай өте шығады камера. Бірақ, ащы трагедия жатыр ол жерде. Айка бұрыңғы жұмыс істеген кафесіне келіп, "Өз орныма шығам, бұл менің жұмысым" деп жалынатын кез. Өзі секілді жұмыс істеуге келген қыз-жігіттер қараңғы, тар, лас жерден шығып жатса, қол созым жерде сахнада бал өтіп жатыр. Төбеден шашылған гирлянд, жарқ-жұрқ жарық, айқайлаған әуен, билеп жатқан әдемі қыз-жігіттер. Сол мезеттегі Айканың көңіл-күйін Самал Еслямова тек көзқараспен берген. 3-4 секундқа қана тұрып қалады, сахнаға қараған көзі жаныңды ауыртып жібереді. Таңданыс, қызығу, үрей... Осы үш сезім қатар көрінеді жанарынан. Актерлік шеберлік деген осы шығар. Артық қимыл, артық мимика жоқ. Жүрекпен сезіну. 

Дворцевой үсіп-жаураған, сықпыты кеткен гастербайтерлар мен жарқ-жұрқ кеш өткізіп жатқан светский өмірді қатар береді бір кадрда. Екітүрлі өмір. Тағы бір сахнасы есімнен кетер емес. Жануарлар емханасында еден жуатын қырғыз әйел кішкентай ұлын өзімен бірге жұмысқа алып келген. Бала қызылшамен ауыратындықтан, жұмыстағылар көріп қоймасын деп, бұрышқа көрпеге орап тығып тастайды. Бұл бір кезең трагедиясы шығар. Бір елдің, бір халықтың мұңы. Бұл сәбиде балалық шақ жоқ. Ойнағысы келеді, ойнай алмайды. Дауысын шығаруға болмайды. Үндемей қараңғыда жатыр. 

Бірақ, табиғатқа қарсы тұра алмаймыз ғой. Әлгі ұл тығылып ойнайды. "Ойыншығымды бер" деп жылайды. Дворцевойға дәл осы сахна үшін ең биік жүлдені беруге болады. Ал, шатырда тұратын әйелдердің күйі тіпті сорақы. Мал байлайтын қора ондай болмас. Бірінің үстіне бірі үйіліп өмір сүріп жатыр. Елінде қалған бала-шағасымен сөйлеседі. "Сабағың қалай? Менде бәрі жақсы. Москвада жақсы. Жақсы орналастым" деп қояды телефонға. "Қайдағы жақсы" деген ой келеді қарап отырып. 

Жүздерінде бәріне көнген бір сабырлық бар. Тіпті шаштарын бұйралап, еріндерін бояп, сәнденіп қояды. Осы сәтте режиссерге еріксіз басыңды иесің. Өзге елге қара жұмысқа келгендердің өмірін әбден зерттеген екен. Әр деталь, әр зат, әр сөздің салмағы бар, мағынасы бар. 

Кинодан шыққан соң айналама ұзақ қарап тұрдым. Өз-өзіме келе алмай.

Марал Арғын

Парламет дауысы

Сенатор Дархан Қыдырәлі ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында мемлекет...

Мемлекет басшысы

Тарих толқында сан ғасырлар бойы қаншама мемлекет құрылып, бірі ескексіз қайықтай бағыты мен бағдары...