БЕЙРЕСМИ ЖҰМЫС ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Жаңалықтар
5273

Жұмыспен қамту мәселесі жалпы әлем бойынша күрделі шаруа саналады. Бұл әр елдің макроэкономикалық әлеуетіне де байланысты. Мысалы біздің елде  2010 жылдан бері жұмыссыздық саны 497 мың адамнан 442 мыңға азайған көрінеді. 

Қазіргі кезде еліміздің жұмыссыздық бойынша көрсеткіші  4,9% құрап, ең төменгі деңгейде тұр. Егер ЭӘДҰ (Экономикалық әріптестік және даму ұйымы) қатарында салыстыратын болсақ, ондағы көрсеткіш 5,5% мөлшерінде екен.

Жалпы жұмыспен қамтылған азаматтарымыз - 8,5 млн болса, оның 6,5 млн-ы – (76%) жалдамалы жұмысшы, ал қалған 2 млн 100 мыңы – өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандар болып табылады.

Сонымен қатар бейресми жұмыс дегенді де ұмытпауымыз керек. Бұлар ресми түрде еңбек қатынасын рәсімдемей, өз беттерінше табыс тауып, сол арқылы күндерін көріп жатқан топ өкілдері. Олар міндетті әлеуметтік төлемақы мен зейнетақы аударымдарын жасамайды. 

Өткен жылғы дерекке сүйенсек, сол бейресми жұмыспен шұғылданатындар саны 1,4 млн адамға жетіпті (16%). Әрине бұл орташа әлемдік көрсеткіштен екі еседен аса төмен (35%). Осы орайда Дүниежүзілік банк дерегіне құлақ түрсек, бейресми жұмыс жасаушылар Финляндияда - 18%, Бразилияда – 37%, Аргентинада – 48%, Мексикада – 57%.

Соңғы деректер бойынша өзін жұмыспен қамтушылар саны елімізде 24 пайыз көрсеткіште тұрған көрінеді. Ол дегеніңіз Оңтүстік Корея және Чилимен деңгейлес дегеніңіз. Осы аталған елдердегі өзін жұмыспен қамтушылар үлесі – 25%-26% құрайды екен. 

Сөз арнасын енді бейресми жұмыспен қамтудың негізігі себептеріне аударайық. Кәсіпкерлікті қалап, сонымен айналысып жатқан тұлғалар қазіргі кездегі қолданыстағы 6 салықтық режимнің қалағанын таңдай алады. Егер оларды таратып айтар болсақ, жеңілдетілген декларация; патент; бірегей жер салығы жатады. Салықтың осы түрі - ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне арналған арнайы салықтық режимдерінен қалыптасады.

Осындай талаптардың бір де біріне қатысы жоқ табыскер әрине бейресми жұмысшы деген күңгірт атауға ие болып шыға келеді. Соның салдарынан мемлекет тарапынан қарастырылған әлеуметтік қолдауларға ие болмай, ауырып-сырқағанда, зейнеткерлік жасқа жеткен кезде талай шырғалаңды басынан кешіруге тура келеді.

2017 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзін жұмыспен қамтыған қауым арасында зерттеу жүргізді. Жасалған сауалнама қорытындысы бойынша қатысушылардың 50 пайыздан астамы, егер кәсіпті рәсімдеу жұмысы жеңілдетіліп, сонымен қатар салық салмағы азайтылса, олар өз кәсіптерін заңдастыруға қарсы емес екендігін білдіріпті.

Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзге де мүдделі органдармен тізе түйістіре отырып, тіркеу машақатын жеңілдетіп, салық көлемін төмендетіп, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық қызмет атқаратын заң жобасын әзірлепті. Және де жұмыссыз қалған жағдайда немесе еңбекке жарамдылығын жоғалтқан азаматтарға төленер өтемақылар да осы заң аясына енген екен.

Осы салықтық режим механизмі заң жобаcs шеңберіндегі бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) аумағында іске асырылады. Аталмыш жүйенің арқасында қызметкер тиісті органға өз жұмысы туралы мағлұмат беріп, жеңілдігі қарастырылған дербес табыс салығы мен міндетті зейнетақы (БЖЗҚ) және әлеуметтік (МӘСҚ) медициналық сақтандыру жарнасын (ММСҚ) төлеуге мүмкіндік алады. 

Осыдан осылай азамат кәсібін тіркеп немесе тоқтататын болса, оған арыз жазып әуре болмайды. Егер кәсіп ашушы бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеген болса, автоматты түрде: зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінде тіркелінеді. Егер келесі айда аталмыш төлем түспесе, қызметті автоматты түрде тоқтатады. Ендігі енгізгелі отырған жаңа жүйеде салықтық есеп беру де қажет емес. Төлемдерді банк немесе терминал арқылы жөнелтуге болады.

Айта кетерлік бір жағымды нәрсе, өзге салықтық режимдермен салыстырғанда бұндағы мөлшерлеме ауқымы айтарлықтай көп емес екен. Қала үшін – 1 АЕК (2405 теңге), ауыл үшін – 0,3 АЕК (722 теңге). 

Жоғарыда аталған жеңілдіктер:  жаңа көзқарас туғызып,  бейресми саналып жүрген кәсіп орындарды жариялылыққа баулып, сонымен қатар олардың қызметтеріне қолайлы жағдай жасауға зор ықпалы бар қадам деп санауға толығынан болады. Сондай-ақ олар осындай төмендетілген қаржылық жүктемелер арқылы әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне белсене қатысып, келешегіне сенімді қарауға мүмкіндіктер алады.

З. Самалбекұлы


Жаңалықтар

"Қазгидромет" РМК 9 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер күн райының нашарлауы...

Жаңалықтар

Дамаскіде мемлекеттік мекемелер мен жеке үйлер тоналып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды...