Антон ЧеховАударған З. АхметовОтставкадағы генерал-майор Бульдеевтің тісі қатты ауырды. Аузын арақпе...
ШЫҢҒЫСXАН ТУРАЛЫ ЖАЗЫЛҒАН ТАРИXИ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТЕДІ
2018 жылдың 31 қазаны күні сағат 16:00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында әлемге әйгілі тарихшы Рашид ад-Дин Хамаданидің тұңғыш рет қазақ тіліне аударылған «Жамиғ ат-тауарих» 5 томдығының тұсаукесер рәсімі өтеді.
Ғұлама ғалым Рашид ад-дин Фазлуллах Хамаданидің 1316 жылы парсы тілінде жарық көрген «Жамиғ ат-тауарих» («Тарихтар жинағы») атты шығармасы түпнұсқадан тұңғыш рет қазақ тіліне толық аударылып, оқырман қауымның назарына ұсынылып отыр.
Бұл кітапта Ұлы далада ғасырлар бойы өмір сүріп, тіршілік еткен халықтардың пайда болуы, олардың түрлі тайпаларға бөлінуі, солардың ішінен кейіннен қазақ халқының құрамына кірген ру-тайпалардың шығу тегі, тарихы, өмірлік салт-дәстүрлері, ата қоныстары, бір-бірімен қарым-қатынастары толық баяндалған.
Сондай-ақ, осы тайпалардың арасынан шыққан Ұлы қаған Шыңғыс ханның өмірбаяны, шежіресі, оның ата-бабаларының, даңқты ұлдары мен ұрпақтарының тарихы, жорықтары, нақыл сөздері мен өсиеттері, олар билік жасаған уақыттарында орын алған ерекше оқиғалар және көршілес елдердің билеушілерінің тарихы жазылған.
Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» шығармасы сол кездегі Шыңғыс қағанның мұрагерлері мен куәгерлердің, шежіреші тарихшылардың талқысы мен көмегі арқылы бекітілген бірден-бір шынайы түпнұсқа дереккөзі болып саналады. Яғни, кітаптан Шыңғыс хан және оның ұрпақтары туралы шынайы мәліметтермен танысуға болады.
Шығарманы қазақ тіліне тікелей аударған – араб, парсы тілдерінің білгір маманы, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Түркітану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Зәріпбай Жұманұлы Оразбай.
Туынды Еуразиялық Топтың (ERG) қаржылай қолдауымен жарық көрді.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар және зиялы қауым өкілдері қатысады.