Шыңғыс Мұқан жаңа қызметте не істейтінін айтты

Жаңалықтар
2350

Бүгін алғашқы жұмыс күнім аяқталды. Құттықтауларыңызға рақмет. Мемлекеттік қызметтен тыс жүріп те мемлекетке қызмет етуге болады. 

Осы ойға бекініп, мемқызметтен қашқақтап жүр едім. Соңғы айда көрген індет ойымды біраз өзгертті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Facebook-тегі парақшасында жариялады.Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өткен аптада ұсыныс жасады. Біраз сөйлестік. Бұрын сыртынан ғана танушы едім. Ұсынысқа таңғалдым. Оған ойын ашық айтып жүрген меннен гөрі, бұрыннан танитын, яғни сенімді адам қолайлы емес пе деп ойладым. Біраз сөйлескен соң Әйтенов мырзаның Шымкентке барын салып адал қызмет еткісі келетінін сездім, - деді Шыңғыс Мұқан.


Енді не істемекпін?

Біріншіден, денсаулақ сақтау саласы. Адам қолын кесіп алса, ол жерге су жиналып, жара пайда болады. Себебі адам ағзасының жасушалары жараны жазуға жиналады. Қазір сондай жағдай. Қаланың бүкіл күш-қуаты жараны жазуға жұмылдырылып жатыр, - деді ол.  

Екіншіден, білім саласы. Қарапайым ата-ана ретінде өткен оқу жылын әупірімдеп өткердік. Ата-аналарға да, мұғалімдерге де оңай болған жоқ. Жаңа оқу жылы да оңай болмайды. Дегенмен онлайн мектептің сапасы түспеуге тиіс.

Үшіншіден, коммуникация. Әр істің табыстылығы 55% коммуникацияға байланысты. Көлденең коммуникация ешқашан қиын болған емес. Әңгіме тік, яғни төменнен жоғарыға, жоғарыдан төменге жүретін коммуникация. Сондықтан, байланыстың дәстүрлі түріне қоса, өзімнің қызметтік WhatsApp нөміріме (+77007007091) аса маңызды сұрағы бар адам тікелей жазып жіберіңіз, - деді Мұқан.

Төртінші, мәдениет. Компанияларда "корпоративтік мәдениет" деген түсінік бар. Оны қалыптастыруға ұзақ уақыт керек. Егер қалыптасса, ол компанияны келіп-кететін басшылар емес, мәдениет басқарады. Сондықтан, мәдениет дегенде тек өнер мен музыканы меңзеп тұрғаным жоқ. Сол сияқты жақсы құндылықтардан бастау алатын шымкенттік мәдениетті ары қарай орнықтыру.

Бесінші, бірлік. Қазақстандағы әралуандық (тіл, дін, этнос, мәртебе, көзқарас) алауыздыққа емес, ауызбіршілікке себеп болардай үйлесім табу. Бір түсті гүлден, түрлі түсті гүлден жасалған гүлшоғы әдемі. Әралуандық деген - байлық, әсемдік, әдемілік. Қандай өлшем бойынша әралуан болсақ та, мақсат бір болса, бірлік болады. Ол мақсат, меніңше, Қазақстанның болашағы, елімізді дамыған мемлекетке айналдыру, - деді әкімнің бірінші орынбасары.

Алтыншы, жастар. Не шықса да жастардан шығады. Жастарға жаңа кәсіп үйретіп, жігерлендіріп, жаңа өрістер ашу. Жастарды қуаттандыру да басты міндетім болмақ.

Жетінші, қаланың дамуына халықты қатыстыру (public engagement). Халық әкімдік пен мәслихат қабылдайтын маңызды шешімдерде өзінің қатысы барын сезінуі тиіс. Үкіметтік емес ұйымдар осы жұмыста бастамашылдық танытқаны жөн. Түптеп келгенде қоғамдық ұйымдар мемлекеттік органдар атқарып отырған функцияның бірқатарын өздері атқаратын жағдайға жетуі тиіс.

Сегізінші, сенім. Осы жұмыстың барлығын атқару үшін халықтың сенімі қажет. Сенімнің формуласы әділ шешім мен адал еңбек. Сенімге селкеу түсіретін көп фактордың бірі - сыбайлас жемқорлық. Бұл да бір вирус. Онымен әр азамат коронавируспен күрескендей күрессе ғана жеңбек. Өзім басқаратын әлеуметтік сала қызметкерлерін таза жұмыс істеуге, бүгінімізге емес, болашағымызға қызмет етуге шақырамын. Барлық әріптестерім қолдайды деп ойлаймын. Менің алдымда тұрған міндеттің бірқатары осы, - деді ол.

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...