Аһ, сенің жас күнің менде болса ғой...

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
3638

Үстіміздегі жылдың екінші айының бесінші жұлдызында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеу керектігін айтып өткен болатын. 

Президентіміз қазақстан халқы айтулы мерекені тойлау кезінде өткізілетін шаралардың көп бөлігі жастарға арналуы тиіс екенін де ескертуді ұмытпады. Өйткені, елімізде не жасалса да болашақ ұрпақ үшін жасалатынын естен шығармағанымыз жөн. Ал, жастар дегеніміз тек ғылым немесе өнер саласымен айналысатындар ғана емес, жастар – еліміздің кез келген өңірінде өзі ұнатқан немесе тағдыр жазған қандай да бір жұмыспен айналысатын, тіпті айналыспайтын Қазақстан Республикасының азаматтары. Дәл осы азаматтың қай-қайсысы да еліміздің болашағы деп аталуға құқылы. Олар қандай салада қызмет атқарса да бар көңілімен, ынта-пейілімен жұмыс жасауы үшін оларға жағдай жасалынуы тиіс.

Президент Тоқаев жастар туралы айтқанда дәл осы жастарды жұмыспен қамту мәселесін, әсіресе өңірлердегі жастардың жұмыспен қамтылуын өзекті мәселе етіп көтерді.

"Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет", – деді мемлекет басшысы.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас жоба әзірленуі керек екенін кешегі Кеңес үкіметінің құрығынан құтылған мемлекеттердің бәрі аңғарған секілді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Өзбекстан Республикасында «Камолат» жастар қозғалысының жұмысын тоқтатып, Өзбекстан жастарын біріктіретін «Өзбекстан Жастар одағы» құрылды. Оларға жүктелген міндеттемелер де күллі Өзбекстан жастарының қандай салада қызмет атқаратынына қарамай бір ортаға жұмылдыру, сонымен бірге жастарға ортақ арман-мақсат қалыптастыру, қанат бітіру болатын. Бүгінгі таңда ол мақсаттың қаншалықты орындалып жатқанын сырттан тұрып біз бағаламай алмайтынымыз анық. Бірақ бастысы Өзбекстан Президентінің Жастардың құрылтайында айтқан сөздері, расында, естіген құлаққа қонымды, оқыған жанға жағымды еді. Шавкат Мирзиев өз сөзінде өзбек ақыны Хамид Ғуломның «Аһ, сенің жас күнің менде болса ғой...» деген өлең жолдарын жастарға бағыттап айтты. Бұл жұмыс іздеп, өзге елде жүрген өзбек жастарына іштей күш-қуат сыйлағанын сезінуге болады.

Өзбекстан жастары

Кеше ғана арманы «Тәуелсіздік» болған Кеңес халықтарының жастарында «Ұлттық арман» деген ұғым мүлде болмап еді. Өздерінде болмаған сол «Арманды» жастарға жасап беру – ілкі буынның басты міндетіне әлдеқашан айналуы тиіс еді. Бірақ оны пайымдауға 30 жылдай уақыт кеткені өкіндіретіні тағы рас.

Қазақ жастары - елдің болашағы. Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы - жастар тәрбиесіне көңіл бөліп отырған. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішінде шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі - жастарды патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс саналады.

Соңғы 10 жылда санақ қорытындысы бойынша 14 пен 29 жасқа дейінгі жастардың саны 919 153 адамға өскен (1999 жылы — 3,78 млн. адам, 2012 жылы — 4,7 млн. адам). Қазіргі уақытта бүгінгі жастардың басты «әлеуметтік сатылары» сапалы білім болып табылады. Жалпы, білім беру деңгейі бойынша 718 мың жастар жоғары білімге ие екендігі анықталса (15,9%), 306 мың жастың аяқталмаған жоғары білімі бар (6,8%), 728 мың жастардың білімі — арнайы орта болып табылады (16,2%). 

Мәселен, еліміздің Батыс Қазақстан облысында 150 мыңға жуық жастар тұрады, бұл - өңір халқының 24,7 пайызы. Өңірдегі 9 ЖОО-да 22 мыңнан астам, 38 техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде 20 мыңнан астам жастар білім алуда. «Мәңгілік ел жастары индустрияға!» әлеуметтік жобасына сәйкес 960 студент оқып жүр. Облыста 88 жастар ұйымы болса, соның 63-і Оралда, қалған 25-і өзге де аудандарда. Сондай-ақ 47 жастар ісі комитеттері де өз қызметтерін атқаруда. Өңірде еш жерде жұмыс жасамайтын және оқымайтын жастар саны 3 пайызды құрайды. Биыл мұны 2,6 пайызға дейін төмендету көзделуде. Облыста мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарды жұмыспен қамту бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Мысалы, 2015 жылы жұмыспен қамту орталықтары арқылы 5583 жас өз орнын тапты. 822 түлек кәсіби білім-білігін жетілдірсе, 2904 жас қоғамдық жұмысқа жолданды. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына сәйкес 818 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы, соңғы төрт жылда бағдарламаға 5 мыңнан астам адам қатысып, соның мыңға жуығы жұмысқа орналастырылды. «Дипломмен ауылға» жобасына сәйкес 2015 жылы 448 маман ауылдық жерлерге аттанды.

Ал, Оңтүстік Қазақстан облысында 800 мыңға жуық немесе жалпы халықтың үштен бір бөлігін жастар құрайды. Өткен жылы «Мәңгілік ел жастары - Индустрияға» жобасы аясында Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы жоғары және кәсіптік колледждерде білім алуға 6495 жас өтініш білдірсе, жоғары оқу орындарына бөлінген 5000 гранттың 2580-і, арнаулы орта оқу орындарына бөлінген 1200 гранттың 359-ын Оңтүстік Қазақстан облысының жастары иеленді. Ал «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Шымкент қаласындағы 4 мекемемен (ЛТД «Тұрмыс», «Шымкент жасыл қала», «Бәйтерек» ЛБ, «Автоматика») меморандумға қол қойылып, бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. 2015 жылғы жұмыс маусымында 1000 жас жұмыспен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, кадрлардың жетіспеушілігі проблемаларын шешу мақсатында, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 734 маманға 101,8 млн. теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы ұсынылды. Оның ішінде: 198-денсаулық сақтау, 504-білім беру, 3-әлеуметтік қамсыздандыру, 2-мәдениет, 11-спорт және 16-ветеринария мамандары. Сондай-ақ, әлеуметтік және агроөнеркәсіп кешені саласы мамандарына тұрғын үй сатып алу, немесе салу үшін жеңілдетілген бюджеттік несие түрінде 893,7 млн. теңге бағытталып, нәтижесінде, 303 маман баспанаға қол жеткізді.

Қазақстан жастары

Елімізде болашақ ұрпақтың кемел келешегі үшін біршама жобалар әске асырылып жатқандығы көз қуантады. Қай елде болмасын ең басты мәселе сол жастардың жұмыссыздығы екені сөзсіз. Ел ертеңіне айналар сол бір кедергілерді болдырмас үшін бүгінде елеулі шаралар жалғасын тауып келеді, нәтжесінде жұмыссыздықтың деңгейі бүгінде 2001 жылмен салыстырғанда 4 есеге азайып отыр, ТМД елдері мен Еуропаның дәл сондай көрсеткіштерінен төмендеген. 2001 жылмен салыстырғанда жастар жұмыссыздығының деңгейі 4,6%-ды құрап отыр. Соңғы 11 жыл ішінде жастар ұйымдарының саны 7 есеге артты (2000 жылы — 150 жастар ұйымдары, 2011 жылы — 1043), ал жастар саясатын қаржыландыру 7 жыл ішінде 10 есеге өсіп отыр. 

Қоғамдық жұмыстар жүйесін дамыту, жастар үшін әлеуметтік жұмыс орындарын құру, «Жастар тәжірибесін» ұйымдастыру және «Жастардың еңбек биржасын», жастарды жұмыспен қамтуға ықпал етудің жастар орталықтарын және жастардың еңбек нарығында бейімделу орталықтарын құру жөніндегі әлеуметтік маңызды жобалар өз жалғасын табуда. 

XXI ғасырды біз жаһандық сын-қатерлер дәуірі ғана емес, жас, қуатты және талантты адамдардың дәуірі деп те атаймыз. Қазақстанда бүгінде әрбір төртінші азамат - жас ұрпақтың өкілі екендігін ескерсек, жастар саясаты деп отырғанымыз - жастардың білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, сонымен қоса шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру мен патриотизм құндылықтарын қалыптастыру және дамыту үшін жағдай жасауға бағытталған. Бұл шаралардың барлығы дерлік ел экономикасы мен мәдениетіне елеулі үлес қоса алатын жастар үшін бүгін мен кемел келешектің көпірі іспетті.

Бүгін ертеңгі күннің табалдырығында тұрып, қолындағы туды Болашақтың иелеріне басын тік ұстап ұсына алатын аға буынның бар екеніне әлі де сенгіміз келеді. «Таланттар фабрикасы» жайлы сөз қозғаған мемлекет басшысымыз талантты жастардың креативті экономика құрудағы рөлінің маңыздылығын назарда ұстау керектігін айтыпты. Себебі, креативті индустрия әлемдік экономикада ең жылдам дамып жатқан сегмент. Дамыған мемлекеттерде аталған сала ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын құрайды. Осы ретте мемлекет басшысы үкіметке стратегиялық тұрғыдан маңызды саланы кешенді түрде дамыту жоспарын ойластыруды тапсырды. Президент пікірінше, оның негізін қалаушы бөліктің бірі ғылым, мәдениет және заманауи шығармашылық салалары бойынша Ұлттық білім хабы болуы қажет.

«Жастардың әрқайсысының Отанымыз жеткен жетістіктерге қатысы бар екенін сезініп, табыстарын мақтан тұтуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жомарт Жылкелдіұлы,

"Мәдениет порталы"

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...