Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген америкалық "The World's Best" шоу байқауынан кетуд...
«КЕЗДЕСУ. ӘБІШЕВ ӘЛЕМІ»
888
Республика күні мерекесі қарсаңында Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Әбішевтің туғанына 75 жыл (1947-2017) толуына арналған «Кездесу. Әбішев әлемі» атты көрменің ашылуы болды.
Экспозицияға автордың 40-қа жуық мүсін туындылары және монументалды ескерткіштердің фотосуреттері ұсынылған. Мүсінші Бақытжан Әбішев 1970-жылдары Қазақстан бейнелеу өнеріне өзіндік ұлттық мәнерімен енді. Оның туындылары сюжеттік мазмұн ауқымдығымен, пластикалық шешімдер табудағы шеберлігі, кеңістікте мүсін жасаудағы еркіндігімен ерекшеленеді. Бақытжан Әбішев Әлімұлы 1947 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келді. 1969 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1975 жылы В.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген. Мүсіншінің шығармашылығындағы жылқы образы ерекше орын алады. «Құлагер»(1986), «Ұран» (1986), «Жауынгер» (1987) туындылары қазақ халқының рухын сездіретін күрделі динамикалық қозғалыста берілген. Оның бірталай композицияларының кейіпкерлері - әйел-ана, ошақтың қамқоршысы, атқа қонған қайсар қыздар. Б. Әбішев олардың бейнелерін сомдау арқылы өзінің сұлулық, адамгершілік, рухани тектілік және өз халқына жанқиярлықпен қызмет етуге деген ұмтылыс туралы ұғымын бейнелейді. Мүсіншінің «Ұмай» (1986), «Күту» (1985), «Томирис» (1994), «Аттылы» (2004) туындылары композиция силуэттерінің экспрессивтілігі мен әуезділігімен баурайды. Суреткердің мүсіндік туындыларының көбісі қазақ тарихымен, халық өмірі және салт-дәстүрімен тығыз байланысты. басқа Бақытжан Әбішев станоктық мүсінмен қатар монументалды пластика саласында табысты жұмыс істеді. Ол Қазақстанның әртүрлі аймақтарында орнатылған қазақ халқының ұлы тұлғалары мен батырларына арналған көптеген ескерткіштердің авторы. Олардың арасында: «Жамбыл Жабаев» (1996, Алматы), С. Сейфуллин (Қарағанды), С. Торайғыров (Баянауыл), Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы (2003, Атырау), Әлия Молдағұлова (2004, Ақтөбе. 2008, Астана. 2005, Мәскеу.), тағы басқалары бар. Мүсіншінің туындылары Ә. Қастеевтің музей қорында, Астанадағы Ұлттық музейде, Германия, Швейцария, Ресей елдерінің жеке жинақтамаларында сақтаулы. «Кездесу. Әбішев әлемі» атты көрме көрермендерін мүсінші жасаған бейнелердің ерекше және бай әлеміне үңілуге шақырады, нағыз өнердің сиқырын сезінуге мүмкіндік береді. Көрме қараша айының 19-на дейін жалғасады.
Лаура Әбілдаева, көрме жетекшісі, Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің ғылыми қызметкері