Бүгін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің отырысы өтіп, онда Премьер-Министрдің бірінші орынбас...
Қазақ күресінің қара нарлары
Фотолар автордікі
Ақын Ордабайұлының кезекті жаңа кітабы оқырманға жол тартты
Жуырда Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мәжіліс залында белгілі спорт журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, Желтоқсан көтерілісінің ардагері, «Қазақ күресіне еңбегі сіңген» орденінің журналистер арасындағы тұңғыш иегері Ақын Ордабайұлының «Қазақ күресінің қара нарлары» атты кітабының тұсаукесер таныстырылымы өтті.
Іс-шараға қазақ күресінің майталмандары, елімізге белгілі бапкерлер, ұлттық спорттың жанашырлары, зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жастар қауымы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда қалаларынан арнайы келген құрметті меймандар қатысты.
Тұсаукесер рәсімінің құттықтау сөзінде «Қазақ күресі» федерациясының тұңғыш президенті, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген балуан, профессор Ерғали Мұхитдинов бұл күнді – қазақ спорты, қазақ күресі үшін ақ түйенің қарны жарылған күн деп бағалады.
– Өздеріңізге белгілі, талай ірі-ірі жарыстарда, әлем чемпионатында өзімізбен бірге жүрген белгілі жазушы, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, қазақ спортының жанашыры Ақын Ордабайұлының «Қазақ күресінің қара нарлары» атты кітабының тұсаукесері болып отыр. Бұл кітаптың қазақ күресі туралы басқа кітаптарға қарағанда айырмашылығы – қазақ күресінің бүгіні мен ертеңі жайлы жазылып отыр. Байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген балуандарды баптайтын бапкерлері туралы жазыла бермейтіні белгілі. Ақын Ордабайұлы бапкерлер жөнінде көп жазды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазіргі кезде жоғары оқу орындарында қазақ топтары өте көп. Бірақ, оқитын кітап жоқ. Магистратурада, докторантурада ғылыми еңбектер жазылып жатыр, ал бұл кітап сондай ғылыми еңбектерге пайдалы мағлұмат беретін құнды еңбек болады деп ойлаймын. Қазақ күресі туралы жазып жүрген журналистер бар, баршылық, Құдайға шүкір. Бірақ та, қамшы салдырмай, қазақ күресінің дамуына үлес қосып жүрген Ақын Ордабайұлына мың да бір алғыс, – деді ол.
Кезінде дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының бас хатшысы болып қызмет атқарған, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Ғалым Құлекешев өз сөзінде Ақын Ордабайұлын жарық көріп отырған кітабымен құттықтап, автордың қазақ күресін насихаттаудағы ерен еңбегіне тоқталды.
Кітаптың тұсаукесер лентасын Ерғали Мұхитдинов пен Ғалым Құлекешев қиды.
Республикалық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев құттықтау сөзінде жинақтың ұлттық спортымызды насихаттаудағы мән-маңызына тоқталып, авторға осынау қажырлы еңбегі үшін зор алғысын жеткізе отырып, қоғамдық бірлестік атынан кеудесіне «Ұлт патриоты» деген орденді тақты.
Кітапқа 21 бапкердің есімдері енген. Алқалы жиынға солардың ішінен –Ғалым Құлекешев, Қапар Рауанов, Өтебай Бітіков, Белай Рахымбаев, Әбдісаттар Садықов, Есенқос Зұлханов, Қуанжан Құлпейісовтер қатысты. Барлығы да бірауыздан Ақын Ордабайұлының кітабына оң болсын айтып, бұл жинақ студент жастардың оқу құралына айналып, қазақ күресінің жас бапкерлері ұлттық спорттың даму көкжиегінен кең арналы мағлұмат беретін, есте қалатындай дүние боларына сенім білдірді.
Жиында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың өнер, мәдениет және спорт институты денешынықтыру және спорт кафедрасының доценті, Ақын Ордабайұлына мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ берген алғашқы ұстазы Асылхан Әбішев, Абай атындағы ҚазҰПУ өнер, мәдениет және спорт институтының директоры Кәрім Байқұтов, «Киокушинкай каратэ-до» жаттықтырушысы, Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Ақмырза Кенжебаев, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев «Алғыс хаттармен» марапатталды.
Тұсаукесердің қорытынды сөзінде Ақын Ордабайұлы жиналған қауымға, осы іс-шараның өткізілуіне қолдау көрсеткен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Болат Анапияұлы Тілеп мырзаға зор алғысын жеткізді. Жарыққа шығып отырған кітабында қазақ күресі мен кешегісі мен бүгінін түгендеп жазғанын, аттары ұмыт қалған есімдерді жаңғыртуға мән бергенін, көптеген тың деректерді қамтығанын атап өтті. Мұндағы шежірелік дүниелер мен деректер спортсүйер қауым үшін пайдалы болады деген ой-пікірін ортаға салды.
– Жылдар бойы тер төгіп, қаншама мұзбалақ, апайтөс балуандарды тәрбиелеп шығарып қана қоймай, еліміздің әр өңірінде қалың елдің қазақ күресіне деген сүйіспеншілігін арттырып, осы бекзат өнеріміздің қып-сырын қалың елге барынша кемел көрсетіп келген бапкерлердің еңбегіне зор алғыс айтамыз. Қазақ күресінің тарихы тереңде жатыр. Десек те, соңғы 20-30 жыл аралығында айлығы шайлығына жетпесе де, ата күресімізден береке тауып, балаларды жаттықтырып, үлкен аламанға қосып келген бапкерлердің еңбегі адал, көпке үлгі. Олар өз ісіне жан-тәнімен берілген білікті мамандар деп айтамыз. Сондықтан да бұл кітапта 1990-2015 жылдары аралығында қазақ күресінде есіл еңбектері еш кетпеген ардагер жаттықтырушылар мен төрешілер туралы кеңінен айтылады. «Елің еміренсе – сен тебірен» демекші, ел алғысына бөленген бапкерлерге деген құрмем-қошемет ұмытылмақ емес. Бапкерлерді ұлағатты ұстаз әрі бота балуанның екінші ата-анасы деп білген орынды. Ендеше, оқырманға ұсынылып отырған бұл кітапта қазақ күресінің тарихынан аз-кем сөз қозғалып, төл күресіміздің өрлеу жылдарында елге еңбегі сіңген бапкерлермен бірге ұлттық күресімізді әлем сахнасына алып шыққан ардақты жандар туралы айтылады. Қазақ күресі ол ұлттық құндылығымыздың бірегей түрі. Сондықтан да ұлттық күрес жайында білгісі келген оқырманға бұл кітаптың берері көп, танымдық жағы басым деп білеміз, – деді Ақын Ордабайұлы.
Автордың айтуынша, сонау 2004 жылы Берлинде Дүниежүзі қазақтарының құрылтай өтіп, сол жерде қазақ күресінің болашағы жайлы сөз қозғалып, Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясы құрылған.
– Біздің жас ұрпақ қазақ күресі үшін қысы-жазы үй көрмей, балаларды жаттықтырып, жан аямай тер төккен жаттықтырушылардың ерен еңбегін естен бір сәт шығармауы керек. «Бір кісі жаққан отқа мың кісі жылынады» деген қазақ. Бапкерлердің салған сара жолы – дара жол. Өткенге құрмет етпей, жаңа күн жақсылығын төгіп бере салмайды. Сондықтан да қазақ күресінің осы күнгі толағай табыстары мен аламан жарыстардағы топ жарып, ел мақтанышына айналған балуандарымыздың барлығы дерлік кешегі күнгі барын салып еңбек еткен бапкерлердің еңбегінің жемісі, – дейді Ақын Ордабайұлы.
Алқалы жиыннан соң кітаптың тұсаукесер құрметіне орай университеттің Мұхтар Әуезов атындағы спорт залында журналистер арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды. Турнирге «Қазақстан ұлттық телеарнасы», «Алматы телеарнасы», Абай атындағы ҚазҰПУ, «Алатау-ақпарат», «Қазақ спорты» газеті, «Қаламгер» командалары қатысып, тартысты бәсекенің көрігін қыздырды. Футбол турнирінің бас төрешісі – Асылхан Әбішев болды.
Нәтижесінде «Алатау-ақпарат» командасы турнирдің бірінші орынын қанжығаларына байласа, екінші орынды – Абай атындағы ҚазҰПУ командасы, үшінші орынды – «Қаламгер» командасы еншіледі. Жүлдегер командаларға сайыстың кубоктары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Жекелей аталымдарда үздік өнер көрсеткен ойыншыларға да марапаттар берілді.
***
Кітаптың мазмұны мен құрылымы туралы бірер сөз айта кетелік.
«Қазақ күресінің қара нарлары» кітабы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, еңбек сіңірген жаттықтырушы, профессор Серік Түкеев кітаптың алғы сөзімен басталады. Серік Адамболсынұлы өз сөзінде: «Қазіргі кезде төл күресіміз аяғынан нық тұрып, әлем назары ауа бастаған белді спорт түріне айналып келеді. Әлемнің 5 құрлығында 50-ден аса мемлекеттерде ұлттық күресімізден федерациялар ашылып, қарқынды жұмыс жасап келеді. Сонымен қатар Халықаралық Біріккен күрес түрлері федерациясы UWW толықтай мүше болып кірді...Келешек үшін қазақ күресінің өрлеу жылдары, тарихымен қатар оған зор үлес қосқан майталмандар туралы осы шығарылып оторған кітаптың маңызы ерекше деп санаймын. Жас ұрпақ ата күресіміздің тарихы мен өрлеу жылдарынад өлшеусіз еңбек қосқан қазақ күресіндегі жаттықтырушылар мен төрешілердің есімдерін біліп, еңбегін бағалауы керек. Қалың оқырман қауымға жол тартқан «Қазақ күресінің қара нарлары» атты Ақын Ордабайұлының кітабы болашақ үшін үлкен қазыналы мұра. Барша қазақтың арманы – ата күресімізді олимпиада ойындарынан көру екені белгілі. Мен алдымен қазақ күресінің жазғы Азия ойындарына кіруін қалар едім. Ол күннің де ауылы алыс емес деп ойлаймын. «Көп тепкен жерден көл шығады» демекші, ата спортымызды дәріптеуге көп болып кіріскеніміз абзал. Болашақта төл күресімізден төбелі жетістіктер күтеміз» деген ойын білдіріпті.
Энциклопедиялық жинақ «Қазақ күресінің қысқаша тарихы», «Ата күресіміздің алыптары», «Алғашұқы чемпионаттардың апайтөстері», «Қазақ күресіне еңбегі сіңген ардақты ардагерлер», «Қазақ күресінің майталман бапкерлері», «Қазақ күресінің өрлеу жылдары», «Қазақ күресінің өрлеу жылдарынан фотокөріністер», «Кемел келешек», «Әлемдік деңгейдегі байрақты жарыстар», «Көреген кісі көргенін айтар» деп аталатын бөлімдерден тұрады. Ата күресіміздің алыптары – Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Нұрмағанбет Баймырзаұлы (Балуан Шолақ), Боранқұл Садырұлынан бастап еліміздегі алғашқы чемпионаттардың апайтөстері – С.Адасқанов, Қ.Алтыбасаров, И.Түменов, Е.Досқалиев, А.Мусин, Қ.Бибатыров, К.Бәкіжанов, Ә.Сәлімбаев және т.б. туралы мағлұматтар ұсынылған. Автор өз кітабында 1938 жылдан бастап 1972 жылдар аралығындағы чемпионаттарға қатысып, жүлделі орындардан көрінген балуандардың есімдерін атай отырып, сол арқылы қазақ күресінің кешегі кеңес заманындағы даму үрдістерінен де пайдалы мәліметтер келтірген. Туындының «Қазақ күресіне еңбегі сіңген ардақтты ағалар» бөлімінде Бауыржан Жаналин, Серік Түкеев, Марат Жахитов, Диқанбай Биткөзов, Ерғали Мұхитдинов, Бақыт Жаңбырбаев, Маркс Қызыкенов, Омар Исаханов, Әуелхан Жатқанбаевтардың аталған спорт түрінің дамуына қосқан сүбелі үлестері баян етілген.
Қазақ күресінің майталман бапкерлері: Ғалым Құлекешев, Қуанышбек Наханов, Алмас Мұсабеков, Серік Қапалбаев, Қапар Рауанов, Шыңғысбек Тұрсынов, Қуатбек Байхожаев, Өтебай Бітіков, Белай Рахымбаев, Орынбасар Жолмағанбетов, Әбдісаттар Садықов, Есенқос Зұлханов, Қайырбек Оңдағанов, Анас Исин, Кенжебай Елубай, Қуанжан Құлпейісов, Руслан Махмұтұлы Мұхамедғалиев, Ерлан Иманғалиев, Нұржан Рыскиев, Жұмаған Қасымханов, Әділбек Серікбаев, Нұржан Өтенов туралы мағлұматтар келтірілген.
Жалпы, бұл кітаптың қазақ күресінің кең көлемді энциклопедиялық жинағы деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, мұнда қазақ күресінің даму тарихы сонау сақ дәуірінен бастап Ақсақ Темір кезеңін қамтиды. Сонымен қатар ұлттық күресіміздің ерекшеліктері, көрші елдердің күресі (өзбекше «Куреш», қырғызша «Күреш», әзірбайжан мен түрікменше «Гүлещ», татар башқұрттарда «Күрящ», татарларда «Белбеулі күрес»), қариялар мен әйелдер күресі, төл күресіміздің тарихи бастау бұлағы туралы айтылады. Батырларымыздың да ұлттық жекпе-жектен күрескені тарқатылады.
Қазақ күресінің дарабоздары ретінде – Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Балуан Шолақ (Нұрмағанбет Баймырзаұлы), Боранқұл Садырұлы, Молдабай Төкеұлының есімдері аталады. Қарағанды мен Қазалыадн шыққан батыр балуандар Әлімшайқы Сәлімбаев, Балуан Шеріпбай туралы деректер ұсынылған. Қазақ күресінің өрлеу жылдары көрсетіле отырып, аталған спорт түрінің тарихи табыстары, ІІІ дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарлмасына енгені, Бейжіңде кеңсесі ашылғаны, қазақ күресінен бірінші Әлем чемпионаты Пеленің отанында өткізілгені, қазақ күресі арқылы ана тіліміздің әлемге қалай дәріптелгені де қызықты деректермен өрілген.
«Қазақ күресінің өрлеу жылдарынан фотокөріністер» бөлімінде ұлттық спортымыздың шежіресінен сыр шертетін айшықты фото туындылар ұсынылған. Жалпы, кітаптағы фотосуреттердің авторы, ардагер фотожурналист Қуантқан Сапаровтың күрес тарихын фотодеректер ретінде қаттаудағы еңбегін ерекше атап айтуға тұрарлық.
Автор А.Ордабайұлы қазақ күресінің жылт еткен жағымды жаңалықтарын қалт жібермей, көзінен таса қылмай, қойын дәптеріне түртіп жүретіні байқалады. Әрбір жетістікке төл өнеріміздің кезекті бір асуы мен биік белесі ретінде зер салып, мәртебесі мен тұғырын көтерген жарыстар мен сайыстарды, әртүрлі дәрежедегі чемпионаттарды, дүбірлі додаларды, әлемнің басқа мемлекеттеріндегі игі жетістіктерді жіпке тізгендей етіп, сүйіншілей жеткізіп, қаза күресінің киім үлгісіне дейін бейжай қарамай, үлкен жауапкершілікпен жазып шыққаны аңғарылады. Иә, «жүз рет естігеннен бір көрген артық» дегендей, аталған ауқымды еңбекті, автордың ұзақ жылдар бойы талмай ізденіп, қажыр-қайрат таныта отырып жазып шыққан кітабын – қазақ руханияты мен мәдениетінің, ұлттық спорт өнерінің қомақты қазынасы деп бағалауға әбден болады.
Айта кетейік, аталған іс-шараға «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Қазспорт», «Қазақ радиосы», «Алматы» телеарнасы, «Алматы ақшамы», «Ақиқат», «Қазақстан дәуірі», «Қазақ әдебиеті», «Спорт жұлдыздары», «Қала мен дала», «Қазақ спорты» басылымдары, «Sportpress» сайты ақпараттық қолдау көрсетті.
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ