Қаланың мен тұрған пұшпағында «Қожаберген жырау» атындағы көше бар екен. Сонымен маңайла...
Әр қазақты дос тұтудың бұралаң жолы
Ұлы Абай «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деген өсиет қалдырыпты. Бірақ, «қайран қазағымыз» әлі де болса құтыла алмай отырған рушылдық пен жершілдік «дерті» қараңғылықтың тас түнегінде «бұғып», қыр соңымыздан қалмай-ақ қойды. Мемлекет басшысының республикалық мәжілісте ескерткіштер қоюдағы берекетсіздікке назар аударуы тегін болмаса керек.
Амал қайсы, ескінің нашар елесі, рушылдық пен жершілдіктің қара «көлеңкесі» күн түспейтін «үңгірді», яки санасыз тобырды паналап итжандылық танытады. Алты алаштың ауыз бірлігін ірітетін аса қауіпті рушылдық, әсіресе оқуы мен тоқуы шала-пұла надан ортада асқынып, айналасын былғауын қоймауда. Тек қана бас пайдасы үшін ата-тегін түгендеп, «ығы зор», қамқор «көке» іздейтіндерге не дауа?
«Үңгірде» үйелеп, «сырқаты» әбден асқынған «қамқоршылар» күні ертең «таяққа» аяқ артқанда қолтығынан демейтін қолбаласын ерте бастан қамдайды. Өзінің «қараңғыда қамалғаны» аздай, рушылдық пен жершілдікті желкілдетіп, «күйкентайы мен қарғасын» желіктіреді. Өмір бәйгесінде әділ бәсекеден жалтарып, тамыр-таныстықтың көмегімен құрыққа сырық жалғап, «сұңқармен» жағаласқан «құзғынға» не дауа? Ондайлар «не өзі алмай, не қыранға алдырмай» текке арамтер болады (Абай Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы, Алматы, Жазушы, 2016, 1-том, 49-бет).
«Қамқор көкесінің» арқасында тірлік «бәйгесіне» қосылғандар ел-жұртының хал-жағдайын елемей, «қолында бардың қонышынан басқан» кебін киюде. «Жанашырының» және өзінің «жемсауын» тығындаудан басқасы ондайлардың үш ұйықтаса да түсіне кірмейді. Ал жаңағы «ұрылардың» жылтырақ тірлігінің кейбіреуді алтындай арбап, адал жолдан тайдыратынын да көріп жүрміз. «Бір-екі жолы болған кісі көрсе, Құдай сүйіп жаратқан осы демектің» кебі баяғы (сонда, 1/47). Жең ұшынан жалғасқан тонау мен тоздырудың масқарасы Қаңтар қасіретінен кейін ғана жалғанның жарығына шығып жатыр.
Ең өкініштісі, «ұры қалталар», тіпті ертең көктейтін «тұқымын» да «шірітіп», аздырып отыр. Олай болса, соңғыларының отбасында алған «тәрбиемен» күн кешуіне таңдануға болмас. Өйткені әкесі мен «көкесінің» түрі мынау: «Не таптық мұныменен деген жан жоқ, Түні бойы күпілдер құсын мақтап» (сонда, 1/49). Бұрын өз басым рушылдықтың барына, тіпті сенгім де келмейтін. Алайда белгілі бір орынтаққа, аспаннан түскендей, қонжия қалған кейбіреудің «қисық» жүріс-тұрысына қарап-ақ қателігімді ұққандаймын. Ұлы Абайды қынжылтқан «ісі білмес, кісісі білердің» салқыны жанымды түршіктіреді.
Неге бұлай? Рас, бағзы замандарда алғашқы адамдар отбасымен немесе руластарымен бірге үңгірлерде жан сақтады. Олар аңға да, балыққа да бірлесе шығып, жыртқыштар мен тағы жандардан білек қоса қорғанды. Ендеше, жабайы кезеңде үңгірлерде ұялас өмір сүру – күнкөрістің қамы, яғни адамның өзге тіршілік иелерінен айырмасы аз кездегі қажеттілік. Ал өркениет көшімен жарыққа – білім мен ғылымға талпынған уақытта халқымыздың игі жақсысының бас қосып, «үңгір сырқаты» меңдеген «милары жоқ аңдарды» өздерінен алыс ұстағаны абзал емес пе?
Алайда ескілік «көлеңкесі бұққан үңгірді» айналшықтап, жапалақ пен жарқанат секілді «қараңғы қапаста» рушылдық пен жершілдік отына май құятындардың тоқтам табатын түрі көрінбейді. Ондайлардың туысын немесе «сыбайласын» қара жермен шана сүйрегендей, делқұлы әрекеті аса жиіркенішті. Әлбетте, ағайынмен сыйласып, туған-туыстың қадірін білгенге не жетсін?! Дегенмен, туысым емес екен деп, жақсыны жатырқаудың да жөні қайсы? Өзгенің перзентін өгейсітіп, өзінің басбұзар баласының, тіпті ауыр қылмысы үшін басқаны жазалы етуден тайынбайтындардың хайуаннан айырмасы жоқ: «Тегін ойлап байқасаң, Мұнда ми жоқ, құлақ бар» (сонда, 1/39).
Осындай албасты әрекетті көргенде еріксіз ойға қаласың: тажал «тұяқтарының» тепкісінен күні ертең басқа емес, «үңгір» жағалаған жабайы ата-енесінің зардап шекпесіне кім кепіл? Кезінде қараусыз кеткен балаңның қылмысы үшін жазықсыз жанды жылатудың еш кешірілмес күнә екені даусыз! Жалпы, қазір жұртшылықтың жүрегін сыздатқан жаңағыдай сауал көп. Өмір бәйгесінде жабыны үкілеп, жарысқа қосып, шын жүйріктің аяғына тұсау салатындарға жұдырығың түйіліп, сазайларын бергің-ақ келеді. Әділеттілік қайда: «Арым – жанымның садағасы» дейтін киелі ата-бабаның ұрпағы емес пе едік?
Амал қайсы, жабайы нарық кезінде «үңгір» қағидасын жете меңгергендер қызметке ентелей кіріп, екпіндей араласып жүр. Осының бәрі «үңгірде» қалғандардың, рушылдық пен жершілдік «дертінен» сауыға алмай жүргендердің былық-шылығы. Әйтеуір, «сидаң мен олақ жігіттің» әлі де мұрты қисаятын емес. Ақшалы жерге тіркеліп қойып, жалақы алатындар да солар: «Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ, Бәрі де шаруаға келеді олақ. Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп, Бар өнері – қу борбай, сымпыс шолақ» (сонда, 1/52). Хакімнің «Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма» деген өсиетін ұстансақ қандай! (сонда, 1/62).
Алайда ұлы ақынды қынжылтқан сол баяғы «көңілсіз құлақ – ойға олақ»: «Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап, Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап» (сонда, 1/74) немесе «Таппадым көмек өзіме, Көп наданмен алысып. Көнбеді ешкім сөзіме, Әдетіне қарысып» (сонда, 1/132). Хакім «көлеңке» туыс пен достың жайын жақсы біледі: «Жаман дос – көлеңке: Басыңды күн шалса, Қашып құтыла алмайсың; Басыңды бұлт алса, Іздеп таба алмайсың» (сонда, 2/124) немесе «Мен досыңмын деп жүріп, Дұспандығын оздырар... Жау көп болса басыңда, Бірі қалмас қасыңда» (сонда, 1/69).
Өкінішті, әрине. Ойымызға ұлы Абайдың сөзі оралады: «Туысқаның, достарың – бәрі екіұшты, Сол себепті досыңнан дұшпан күшті» (сонда, 2/53). «Әркімде бар ғой туысқан, Қайсысы жауды қуысқан? Күн жауғанда қойныңда, Күн ашықта мойныңда», сонда, 1/70) немесе «Ортақтық, тыныштық, достық қой, Оның қадірін кім білер? Әркімге тілеу қостық қой, Бәрі – алдамшы саудагер». Ақынның «Атадан алтау, анадан төртеу» бола тұра, «Моласындай бақсының / Жалғыз қалдым – тап шыным» деп жаны ауруының себебі де осында жатыр.
Тағы да қайталаймыз, бұл арада біз ағайынды ұмыт деуден аулақпыз. Алайда мынау «бес күндік» тірліктің мәні де туыстық пен сыйластықтың қадіріне жете білуде екені даусыз. «Шіріген жұмыртқа» болса да «бауыр етің – балаңды» далаға тастау қиын. Бірақ, ондайлардың ауыртпашылығы басқаның иығына түсері немесе тағдырын тәлкекке салуы кәміл. «Ел танымай, үй танып құр, Шаруасын да ұқпаса – Үміті қайда? Соны ойла, Абайла... / Не пайда?» (сонда, 1/124). Ендеше, «жақыным» деп, жаманды алға сүйреу – жақсының жолын кесу деген сөз.
Ұлы Абай «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген өсиет қалдырыпты. Жақында ғаламторда тараған Маңғыстау облысының әкімі Ноғаевтың халқымыздың өзі ішінен жік-жікке бөлініу туралы ашына айтқан сөзі баршамызды ойландырса керек. Бір-бірін Ресейден, Түрікменстаннан, Өзбекстаннан, Көкшетаудан келген қазақ, орыстілді қазақ»деп тыжырынып, жүз бен руға бөліну «бөріге жем болу» екені даусыз.
Демек, «жігері жоқ, ақылы кенде» жанды «үңгірде» баптап, алға сүйреу де оңбағандықтың бір түрі. Руласың, тіпті туған балаң екен деп, олардың қылмысына қорған болу адам тілінде хайуандық, заң тілінде қылмыс болып табылады. Пайдасы үшін ата-тегін түгендеген мұнафықтың әрекеті үшін неге басқа адам күюі тиіс? «Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек, Әр нәрсеге өзіндей баға бермек...» (сонда, 1/46). «Үңгірден» шығып, жарыққа – әділеттілік пен адамгершілікке мойын бұрар күнге де жетерміз. Бұл үшін «Ыстық қайрат, нұрлы ақылды» жылы жүрекке билете алсақ ғанибет.
Болат ЖҮНІСБЕКОВ, жазушы
janabastau.kz