Еуропа Қазақстанға неге ерекше назар аударып отыр? Антониу Кошта Астанада

Фото: Ақорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
455

Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта ресми сапармен Астанаға келіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты келіссөздер жүргізді. Мемлекет басшысы мәртебелі мейманды әуежайда қарсы алды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Былтыр екіжақты тауар айналымы 50 млрд долларға жетсе, 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына ЕО елдерінен 200 млрд долларға жуық инвестиция тартылған. Еуроодақтың Орталық Азиямен бүкіл саудасының 80%-ы Қазақстанға тиесілі.


Президент Тоқаев энергетика, көлік, цифрландыру, өнеркәсіп салаларында жұмыс істейтін 4 мыңнан астам еуропалық компанияның еліміздің экономикасына қосқан үлесін атап өтті. Қазақстан өз тарапынан шетелдік бизнеске тұрақты және ашық инвестициялық климат ұсынуға дайын екенін растады.

Гуманитарлық сала да маңызды бағыттардың бірі ретінде аталды. ЕО-ның білім беру бағдарламалары арқылы 5 мыңнан астам қазақстандық студент пен оқытушы Еуропа университеттерінде білімін жетілдірді.

Кездесуде Қазақстан мен ЕО арасында визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісім әзірлеу жұмыстарының басталғаны да айтылды.


Антониу Кошта Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын айтып, жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.

«Соңғы 10 жылда Еуропа Одағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне және шетелдік инвесторына айналды. Бүгін біз қарым-қатынасымызды нығайтудың жаңа кезеңіне қадам басамыз», – деді Еуропалық Кеңес Президенті.

Кошта Қазақстанның халықаралық бейбітшілікке қосқан үлесін, соның ішінде Кавказ аймағындағы тұрақтылықты қолдау жөніндегі бастамаларын жоғары бағалады. Оның айтуынша, өңірдегі тұрақтылық Транскаспий көлік дәлізін дамытуға жаңа мүмкіндік ашады.

Келіссөздер барысында көлік-логистика, цифрландыру, энергетика, маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы сияқты стратегиялық бағыттар егжей-тегжейлі талқыланды. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлаған сәтте өзгелерге көмек көрсетуге ұмтылып жүріп ауыр жаралан...

ЖАҢАЛЫҚТАР

IBHOF жыл сайын әлемдік боксқа елеулі үлес қосқан спортшыларды марапаттайды, деп хабарлайды MadeniPo...