Әлеуметтік желіде дәрігерлердің баланың сынған аяғының орнына сау аяғына гипс салғаны туралы видео қ...
Қызылордада дәрігерлер әйелге кесарь тілігін жасаған кезде қуығын тесіп алған
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
Үш баланың анасы бес ай бойы жөргекпен жүр. Отбасы әйелдің денсаулығына немқұрайлы қараған дәрігерлерден жауап талап етіп отыр. Ал оларға 1,5 миллион теңге көлемінде "көмек" ұсынылған. Қызылордадағы "Ана мен бала" орталығында босанған әйелдің жақындары мұндай ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы шығып, дәрігерлерді айыптады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Қызылордадағы "Ана мен бала" орталығында үшінші баласын босанған әйелдің денсаулығы нашарлап, бес ай бойы ауыр жағдайда жүргені айтылды. Бұл туралы оның жақыны Ботагөз Жүсіптегі әлеуметтік желіде мәлімдеді.
Ботагөз Жүсіптегінің айтуынша, әйел бес ай бұрын "Ана мен бала" орталығына үшінші баласын босануға жоспарлы түрде барған.
"Менің ет жақыным бес ай бұрын осы "Ана мен бала" орталығында босанды. Оған алдымен жасанды толғақ беріліп, кейін кесарь тілігі жасалған. Операциядан кейін әйелдің жағдайы нашарлап, дене қызуы көтерілді. Бұған қоса, денесінің бір жағы сіресіп, қалтырап ауырған. Ертеңіне дәрігерлер бізге "жатырын алып тастау керек" деді. Ақыры дәрігерлердің ұсынысымен жатырын алып тастауға келістік", – деді Ботагөз Жүсіптегі.
Оның сөзінше, кейін әйелге жатырын алып тастау бойынша операция жасалған.
"Кесар тілігі, жатырды алып тастауды қосқанды, жалпы екі үлкен ота болды. Арасы екі күн. Ақыр соңында қуығын тесіп алады. Оны айтпайды. Үйіне келсе, дәрет шықпайды. Одан бері бес ай өтті! Бес айдан бері әйел ересектерге арналған жөргек киіп, мүгедек боп қалды. Бірақ сондағысы мұнда біз ғана шырылдап жүрміз", – деп жазды ол.

Ботагөз Жүсіптегі бес ай ішінде әйелдің бірнеше дәрігерге барғанын айтып, қазір жергілікті мамандардың оны Алматыға емделуге жіберіп жатқанын жеткізді.
"Қуығы тесілгеннен кейін қаншама дәрігерге барды. Баласына басқа адамдар қарауға көмектеседі, әйел былайша айтқанда мүгедек болып қалды. Сөйтіп біздің облыстағы дәрігерлер бұл тесіктің үлкен екенін айтады. Біз жасай алмаймыз" деп басқа жаққа жібереді. Енді тесілген қуықты жергілікті дәрігер тіге алмайды, себебі қауіпті әрі үлкен көлемде екен", – деді блогер.
Ботагөз Жүсіптегінің айтуынша, отбасы дәрігерлерден жағдайға қатысты жауап талап етіп, заңгерлер мен адвокаттарға жүгінген.
"Енді дәрігерлерден жауап талап етеміз. Заңгерлермен, адвокаттармен кеңесіп жатырмыз. Олар: "Сіздерге көмек ретінде 1,5 миллион теңге берейік, порталдарыңызды шешіп берейік, ал әрі қарай өздеріңіз білесіздер" дейді. Біз бұл ұсыныспен келіспейтінімізді, өзіміздің талаптарымыз бар екенін айттық. Сонда үш баланың анасы, 30-ға толмаған жас әйелдің өмірі 1,5 миллион теңге ме? Алматыға барып-келу, бес ай бойы кеткен шығынды айтпағанда, адам өмірінің бағасы осы ма?" – деді Ботагөз Жүсіптегі.
Ботагөз Жүсіптегі отбасының бес ай бойы әйелдің күтіміне қаражат жұмсағанын айтты. Оның сөзінше, әйелдің күйеуі ғана жұмыс істейді. Енді науқасты Алматыға апару үшін де отбасыға қосымша шығын қажет.
“Бауырымды қазір өте қатты уайымдап тұрмын. Қазір портал арқылы Алматыға дайындалуымыз керек. Ол үйде ата-енесімен тұрады, жалғыз күйеуі ғана жұмыс істейді. Бес ай бойы әйелін бақты, күніне қаншама дәрі-дәрмек кетті. Біз енді оның бәрін есептегенде шегіне жете алмаймыз. Алматыға қанша рет ұшып бару керек, оның қасында бөпеміз болу керек, өйткені емізулі. Әйелдің өзіне бір адам керек, баласына әйел ауруханада жатқанша қарайтын тағы бір адам керек. Осының бәрінің шығынын есептеп отырмыз", – деді Ботагөз Жүсіптегі.
Ботагөз Жүсіптегі енді Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасына жүгініп, жағдайға жауапты мамандардың әрекетіне баға беруді талап ететіндерін айтты.
"Ертең денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы бізді қабылдап, жауапты мамандар жазасын алуы үшін арыз жаздық. Себебі ол дәрігерлер әлі де өз қызметін жалғастырып жүр. Қаншама бала анасыз қалса, не болады? Жаңа басшы құлақ түрер ме екен?! Есін жисын, қалпына келер, дәрігерлер де адам, қате кеткен болар, бастысы аман болса болды деп едік… Өкінішке қарай, қалпына келетін түрі жоқ", – деп жазды блогер.
Қазір отбасы әйелді Алматыға емделуге жіберуге дайындалып жатыр.
Қызылордада "Ана мен бала" орталығында босанған әйелдің денсаулығына қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпараттан кейін ресми өтініш түскен.
"Аталған өтініш белгіленген тәртіппен қаралып, пациентке көрсетілген медициналық көмектің сапасына қатысты мән-жайлар зерделенуде", – делінген Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы жауабында.