Қорғаныс министрі әскердегі әлімжеттікке қатысты сұраққа күліп жіберді

Фото: Қорғаныс министрлігі

ЖАҢАЛЫҚТАР
937

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов сенат кулуарында Қазақстан әскеріндегі өлім-жітім мен зорлық-зомбылық туралы сұраққа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. 

Журналистер министрден Қазақстан әскерінде "ай сайын немесе тіпті апта сайын" ажал құшып жатқан сарбаздар туралы ақпараттан хабары бар-жоғын сұрады.

"Ол не дегеніңіз? Сарбаздар? Не айтпағыңыз бар", - деп министр сұраққа сұрақпен жауап берді де, күліп жіберді.

Тілшілер Дәурен Қосановтың берген жауабына таңырқап, министрден не үшін күлгенін сұрады. Дәурен Қосанов журналистерді сарбаздардың әскери қызметі қалай өтетінін көру үшін журналистерді әскери бөлімдерге шақырды.

"Зорлық-зомбылық дейсіз бе? Бізге фактілерді көрсетіңіз! Бізге фактілерді ұсыныңыз! Дәлелсіз сөйлемеңіздер! Біз командирлермен, психологтармен жұмыс істейміз. Камералар орнатамыз, пресс-турлар ұйымдастырамыз, кем дегенде айына бір рет журналистерді шақырамыз.

Әскерде әлімжеттік жоқ, бірақ сіздер олардың жастар екенін түсінсеңіздер екен. Олар тіпті қоғамда да жанжалдасып қалуы мүмкін. Бізде қоғамда мұндай мәселелер бар, жігіттер бір-бірімен жайдан-жай ерегісіп қалатын жағдайлар кездеседі. Әскерді қоғамнан бөліп қарамаңыздар. Біз де қоғамның сондай бір бөлшегіміз. Біз барлық ереже сақталуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз", - деп қорытындылады жауабын қорғаныс министрі.