АҚШ-та 37 жастағы боксшы жеңілген жекпе-жектен бірнеше сағат өткен соң қайтыс болды

Сурет ашық дереккөзден алынды

ЖАҢАЛЫҚТАР
2906

Мексикалық боксшы Педро Антонио «Тони» Родригес Аризона штатының Финикс қаласында өткен кәсіби жекпе-жегінен бірнеше сағат өткенде қайтыс болды. Бұл қайғылы жағдай сенбі мен жексенбіге қараған түні бокс әлемін есеңгіретіп тастады, деп жазды Мadeniportal.kz.

Бұл туралы испандық Marca газеті хабарлады.

37 жастағы ринг ардагері өзінің соңғы кездесуін болашағынан үміт күттіретін америкалық боксшы Филлип Веллаға қарсы өткізді. Жекпе-жек «Бой в Баррио» турнирі аясында өтті. Алты раундқа жоспарланған кездесу толық өтіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен америкалық боксшы жеңіске жетті.

Marca басылымының мәліметінше, жекпе-жектен кейін Родригес қонақүйдегі бөлмесіне оралған және кешкі асқа басқа спортшылармен бірге қатысуға ниетті болған. Алайда мейрамханаға келмеген. Келесі күні таңертең спортшыларды әуежайға жеткізуге келген көлікке шықпаған соң, қонақүй қызметкерлері оның бөлмесіне кіріп, боксшының денесін тауып алған.

Родригестің жұбайы журналистерге соңғы әңгімесін баяндады: «Жекпе-жектен кейін ол маған қоңырау шалды. Қонақүйге келген соң видеоқоңыраумен сөйлестік. Ол кешкі ас алуға сыртқа шығып, кейін қайтып оралатынын, өйткені таңертең оларды әуежайға алып кететінін айтты. Бұл – біздің соңғы әңгімеміз болды. Шын мәнінде не болғанын білмеймін... бәлкім, бір соққы әсер еткен шығар. Не ойларымды білмей отырмын», – деді ол.

Родригестің соңғы қарсыласы Филлип Велла әлеуметтік желіде көңіл айтты.
«Бұл хабарды естіп қатты күйзелдім. Педромен алты раунд бойы ринг бөліскеніме қуаныштымын.Оның отбасымен бірге. Жаның жәннатта болсын, чемпион», - деді ол.

Педро Антонио Родригес кәсіби мансабын 2007 жылы бастаған. 18 жыл ішінде 44 жекпе-жек өткізіп, 15 рет жеңіске жеткен (оның 7-еуі нокаутпен), 26 рет жеңіліп, 3 рет тең түскен. Спорттан тыс уақытта Мексиканың Әлеуметтік сақтандыру институтында жұмыс істеген.

Қазір Финикс полициясы боксшының өліміне қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Қайғылы жағдайдың нақты себебі мен оның жекпе-жек кезінде алған жарақаттармен байланысы әзірге анықталған жоқ.

 

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...