Астанада Торғай өңірі өнерпаздарының концерті өтті

Фото: Ақбота Құрманбек

ЖАҢАЛЫҚТАР
362

Торғай өңірі өнерпаздарының Астанадағы концерті аншлагпен өтті. Жастар сарайының концерт залында ине шаншар орын болған жоқ. Билет кассасын төңіректеп жүрген ағайынды да көзіміз шалып қалды. Тіпті, бір апамыздың бақылаушы қызға телефондағы чаттар арқылы тараған «Концертке келіп, қолдау көрсетейік!» деген хабарламаны көрсетіп тұрғанына да куә болдық. Не керек, бір күн бойы Елорда аспанында ән әуелеп, күй күмбірлеп тұрды. Бұл – «Торғайдан сәлем!» еді.

Қош, сонымен, астаналық көрермен сарғайып күткен мерекелік концертті әйгілі «Ғасырлар пернесі» халық ансамблі Марат Бердіғұловтың «Ақсауыт» күйімен ашты.

Жаңаша леп! Ерекше серпін! Бір сәт күн астында күй-құдірет күмбірлеп тұрғандай әсер алдық. Енді бір сәт күй мұхитына сүңгіп, тереңінен маржан теріп, нәр алғандай болдық. Екпін мен жігер рухымызды оятты. Күйге еліткен есімізді жиғанда, осының бәрі көз алдымызда өтіп жатқанын байқадық. Сосын барып, әлгі бір алапат көңіл-күйді сыйлаған жаңарған һәм жасарған «Ғасырлар пернесі» екенін түсіндік. Ғажап та, ғаламат та сонда! Оны тек қабылдай білу керек.

Биыл жарты ғасырлық тарихы бар ансамбльге белгілі айтыскер, Қазақстанның Халық ақыны Қонысбай Әбілдің есімі берілгенін айта кету керек. Кештің ашылуында сөз алған Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Еренбол Алматов арнайы жеткізген бұл сүйінші хабарды астаналық көрермен ыстық ықыласпен қабылдады.

Осы жерде Нұрхан Ахметбеков атындағы Мәдениет үйінің өнерпаздары сахналаған «Ұлылар ізімен» атты прологтан көрермен концерттің тақырыбына сай мазмұны қалай өрбитінін айтпай-ақ түсінгенін бөліп айтқан абзал. Сахналық көрініс көңіл-күйіңе серпіліс беретін қоңыр күймен көмкеріліп тұрды.

Күй демекші, бірқатар республикалық байқаулардың лауреаты Әділ Ақанов пен «Тобыл толқыны» конкурс-фестивалінің Назымбек Молдахметов атындағы күйшілер байқауының жүлдегері Перизат Қалабайқызының күй тартысына көрермен ерекше желпініп отырды. Біз күй-құдірет тағы да бойға рух беріп, жігер құйғандай әсер алдық. Шөліркеп-ақ қалыппыз!..

 

Осы жерде Перизат Қалабайқызы жетекшілік ететін «Балқадиша» жетігеншілер тобы мен Сымбат Еріктің «Еркеназ» «үлгілі» би ансамблі астаналық көрермен үшін жаңалық болғанын айта кеткен жөн. Сонымен бірге Болат Хамзин атындағы өнер мектебінің «еркеназдық» бишілері де, DaNas шығармашылық орталығының жанынан құрылған жетігеншілер де мектеп оқушылары екенін бөліп айту керек. «Еркеназ» би ансамблі өткен жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің бұйрығымен «Үлгілі» атауын иеленді. Енді алдағы уақытта торғайлық жас жетігеншілер де сол биіктен көрінсе деген тілегіміз бар.

Жалпы, торғайлық өнерпаздардың жаңалыққа жаны құштар келеді. Олай дейтініміз, үлкен сахнаға «Арқалықтың ақ таңымен» шығып, көрерменнің айрықша қошеметіне бөленген Бақытжан Байқадамов атындағы камералық хордың құрылғанына көп бола қоймапты. Алғашқы күннен овация!

Концертте Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығына арналған республикалық «Ахмет әндері» және дәстүрлі «Халық әндері» байқауының жеңімпазы Байдос Қожасағиев Нұрхан Ахметбековтің «Торғайдан сәлемін», Тобыл-Торғай өңірінің әндерін насихаттаушы Серік Алпысов Хамитбек Мұсабаевтың сөзіне жазылған Нағашыбай Алпыстың «Қаншеңгелі» мен Серік Тұрғынбековтің сөзіне жазылған өз әні «Біздің Торғай осындайды», облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Жоламановтар отбасылық ансамблі Мақсат Жәутіковтің «Егеменді елім» әнін, Корей ұлттық өнер университетінің түлегі, Халықаралық байқаулардың лауреаты, өнертану магистрі Дилара Қарекенова Ғафу Қайырбековтің сөзіне жазылған Садық Кәрімбаевтің «Торғай толғауы» мен Алтынбек Қоразбаевтың «Желдірмесін», Халықаралық байқаулардың жеңімпазы Фариза Жоламанова Латиф Хамидидің «Бұлбұлын», Халықаралық байқаулардың лауреаты Тасқын Әжібай Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Өмір-өзенін», әкелі-балалы Алмас Нұрлан мен Жәния Алмасқызы Ринат Зайытовтың сөзіне жазылған Есен Жүсіповтің «Әке тілегін», Мирас Әбдікәрім Жұбаныш Жексенұлының «Жолдарын», Халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат Сапабеков Ерлан Нұрманғалиевтің «Киелі Торғайым» әнін және Республикалық байқаулардың жеңімпазы Дильназ Әлімжан Евгений Брусиловскийдің «Алтынайын» скрипкада орындады.

Сонымен қатар, бұл концертте Қонысбай Әбілдың әйгілі «Бала махаббаты» әні Халықаралық байқаулардың лауреаты Жәуке Оңдағанның орындауында өз орындаушысын енді тапқандай әсер берді.

Бұдан бөлек Республикалық байқаулардың жеңімпазы Фариза Бүркітбайдың орындауында Болат Хамзиннің «Шолпаным – жұлдызым» әні мен Серікболсын Әбікен орындаған Бекболат Әдетовтің сөзіне жазылған Болат ағаның тағы бір әні «Ұялмашы, қалқатайдың» тұсауы кесілді. Жалпы, Фаризаны да, Серікболсынды да жергілікті композиторлардың соңғы кездері ұмыт бола бостаған әндерін «тірілтіп» жүрген өнерпаздар сеніммен айтуға болады.

Алмас Сейілхан, Алмас Нұрлан, Фариза Бүркітбай, Мейрамбек Бейсенбек және Мирас Әбдікәрім секілді бірқатар өнерпаздарға Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттары табысталды. Астана қаласының ардагерлері, Халық ақыны Қонысбай Әбілдің туыстары және Торғай селосының 1964 жылғы туған азаматтары өнерпаздарға ықылас гүлдерін тарту етті.

Қош, сонымен концерт өтті. Көрермен әлі де әсерден арылмаған сияқты. Ол көңіл-күй әлеуметтік желідегі толассыз пікірлерден анық байқалады. Алғыс айту күнінде Астана тұрғындары мен қала қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлаған торғайлық өнерпаздардың концерті жыл сайын дәстүрге айналса деген тілек көп. Біздің де тілек – сол! 

Мұхарбек Жәкейұлы,

журналист

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қостанай облысы Арқалық қаласында 35 жастағы блогерді сексуалды зорлық жасады деген күдікпен ұсталды...

Әлем

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын 4 сәуір күні Корей халық армиясының арнайы операциялар күштерінің...