Бүгін дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің туған күні

Ашық дереккөздерден

ЖАҢАЛЫҚТАР
352

Биыл туғанына 131 жыл толып отырған Сәкен Сейфуллин – қазақ әдебиетін жаңа түр, тың мазмұнмен байытқан, қоғамдық ой мен әдеби-мәдени тарихымызда ерекше орын алатын күрескер, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ.

Ол 1894 жылы қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданында дүниеге келген. Сарыарқаның сағым даласының лебі болашақ ел азаматын рухы биік қалам шебері етіп қалыптастырды. Қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы жастайынан қазақ ауыз әдебиеті мен фольклорынан нәр алып өседі. Сәкен жастайынан өнегелі әке мінезін, салиқалы ана тәлімін зердесіне түйіп, өнерін бойына дарытқан. Ол Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыды. Одан кейін тағы бес жылдай Ақмолада оқып, 1913 жылы Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияға түседі, оны 1916 жылы бітіреді. Оқудан соң, елге келіп, ауылда мұғалімдік қызметті атқарады. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын жариялайды.

Сәкен – жаңа дәуірді ерекше жырлады. Ол өкіметтің мақтаушысына айналмай, қоғамдық өмірдің көлеңкелі тұстарын да күйзеле көрсетті.

Сәкеннің отты шағармалары Қазан төңкерісі тұсындағы аумалы-төкпелі кезеңнің шежіресі. Сол кездегі күрес ақынды ширата отырып, оны әлеумет қайраткері, саяси күрескер етті. Қазақ халқы үшін алапат кезеңге айналған 1916 жыл оқиғалары, әсіресе әлемді дүр сілкіндірген 1917 жыл Сәкенге қатты әсер етіп, халықтың азаттық жолындағы күресі оны жаңа дәуірдің жалынды жыршысы етті.