Екі аяғынан айырылған Алуаның жақындары мәлімдеме жасады

Фото: ашық дереккөзден

ЖАҢАЛЫҚТАР
1031

Астанада автобуста апатқа ұшырап, екі аяғынан айырылған Алуаның туыстары жантебірентерлік мәлімдеме жасады. Олар «Автопарк №1» басшылығымен өткен кездесу туралы айтты, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

 

Алуаның туыстарының айтуынша, олар «Автопарк №1» басқарма төрағасы Мадияр Түкпатовпен өте ауыр әрі эмоциялық әңгіме өткізген.

- Бұл – қарапайым ғана емес, үлкен адамгершілік танытқан кездесу болды. Ол біздің жан жарамызға, Алуаға деген шын жанашырлығын көрсетті, – деді Алуаның ағалары Мадияр мен Бахтияр.

Олардың сөзінше, апатқа жауапкершілік алып отырған автопарк басшысы Алуаға және оның анасы Махаббаттың басқа төрт баласына өмір бойы лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге уәде берген.

– Қазір бізге заңгерлер мен экономистер көмектесіп жатыр. Олар Алуа мен отбасының өмір бойғы қажеттіліктерін инфляцияны ескере отырып есептеп бермек. Бұл уәдені заңдық тұрғыда қалай рәсімдейміз, әкімдіктің араласуы қандай болады – бәрін сіздерге хабарлап отырамыз, – делінген мәлімдемеде. 

Алуаның жақындары барша қазақстандықтарға шын жүректен алғыс білдірді.

– Бізге бей-жай қарамай, лайк басқан, репост жасаған, пікір жазған, тікелей хабарласқан әрбір жанға ризамыз. Алуаға тілекші болып, дұға арнаған, жандары ауырып, бөліскен әрбір адамға алғысымыз шексіз. Ақшалай, азық-түлікпен, ойыншықпен немесе жылы сөзімен қолдау көрсеткен әрқайсыңызға мың алғыс, – дейді туыстары.

Олардың айтуынша, Махаббат күндіз сабыр сақтағанымен, түнде көз жасына ерік берген. 

– Біз бәрін оқып отырдық. Махаббат бәрін оқып шықты. Жүрегі елжіреген әр қазақтың ықыласы – бізге демеу болды. Енді, міне, сіздердің арқаларыңызда Алуаға барынша жайлы болашақты заңды түрде бекітуге кірістік. Бүкіл отбасымыздың атынан алғысымыз шексіз! – делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ олар көлік қауіпсіздігіне қатысты барлық мәселелерді автопарк пен әкімдік алдында көтеретіндерін айтты. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлаған сәтте өзгелерге көмек көрсетуге ұмтылып жүріп ауыр жаралан...