Нұр-Сұлтанда қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясының салтанатты...
ІІМ танымал блогерге халықаралық іздеу салынғанын мәлімдеді
ашық дереккөзден алынған
Азаматтарға блогер туралы хабар бергені үшін сыйақы уәде етілді, деп хабарлады MadeniPortal.kz .
Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті блогер Андрей Буримге (лақап аты — *Mellstroy*) халықаралық іздеу жариялағанын хабарлады.
Агенттік мәліметінше, 38 жастағы Беларусь азаматы әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан азаматтарын да қамтитын онлайн-казино Mellstroy.game-ды насихаттауға бағытталған ауқымды жарнамалық кампанияны ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Агенттік бұл іске қатысты сыйақы мен анонимдік кепілдендірілетінін атап өтті.
«Сот Бурим А.А.-ға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Онлайн-казиноны алға жылжыту мақсатында блогер әртүрлі ұтыс ойындары мен челленджтер ұйымдастырған. Қатысушыларға TikTok, YouTube Shorts және өзге де әлеуметтік желілерде Mellstroy.game бренді, казино логотиптері мен сайт сілтемелері көрсетілген видеороликтер түсіру ұсынылған», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.
Бұған дейін Бурим Ресейде тікелей эфир кезінде адам ұрғаны үшін түзету жұмыстарына және айыппұлға кесілген болатын. Сондай-ақ 2025 жылғы қарашада Минск соты блогердің барлық платформалардағы арналары, логотиптері мен сутаңбаларын экстремистік материалдар деп таныды.
«Қазақстан Республикасының заңнамасында құмар ойындарды жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар, заңсыз ойын бизнесіне қатысқаны және көмектескені үшін қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Осыған байланысты Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды заңсыз ойын бизнесін насихаттауға қандай да бір түрде қатысуға жол бермеу қажеттігі жөнінде ескертеді», – деп мәлімдеді агенттік.