Иран архивтерінде Қазақ хандығы және қазақтың жаужүрек халық екені туралы жазбалар сақталған

Фото: Ақорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
295

Бүгін Иран Ислам Республикасының делегациясы Қазақстанға ресми сапармен келіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Кездесу барысында Иран мұрағатынан алынған қазақ тарихына қатысты 27 көне қолжазбаның көшірмесі қойылған көрме таныстырылды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Қолжазбалар XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ даласындағы қоғамдық-саяси оқиғаларға қатысты маңызды деректерді қамтиды. Бұл құнды жәдігерлер алғаш рет көрермен назарына ұсынылып отыр және Қазақстан мен Иран арасындағы тарихи байланыстарды айқын дәлелдейді. Көрмеде ұсынылған материалдар қазақ хандығының құрылымы, қоғамдық-саяси өмірі, сондай-ақ қазақ халқының батырлық қасиеттері туралы сирек кездесетін деректерді көрсетеді.

«Иран мұрағаттарында Қазақ хандығы және қазақтың жаужүрек халық екені туралы жазбалар сақталған», – деп атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сонымен қатар ол Қазақстан мен Иран тарихынан ортақ деректерге тоқталып, қолжазбалардың көшірмелерін Иран делегациясы бүгін елімізге әкелгенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Масуд Пезешкиан мен Иран делегациясына тарихи деректермен бөліскені үшін алғыс айтып, көрмені қазақ қауымына және кең бұқараға таныстыру қажеттігін атап өтті.

«Бұл – өте құнды сыйлық. Біз міндетті түрде көрмені қазақ қауымына көрсетеміз және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен дәріптейміз. Бұрын білмеген тарихи деректер бар екен. Қазақ халқына пайдалы болады деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 


Көрмеге қойылған қолжазбалар қазақ тарихын зерттеу, жастарға тарихи білім беру және Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени-тарихи байланыстарды нығайтуға үлес қосатын маңызды құрал болып табылады. Келешекте бұл жәдігерлер арқылы екі елдің ортақ тарихын дәріптеу, ғылыми зерттеулер жүргізу және мәдени жобаларды дамыту жоспарланып отыр.