Магдебург қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Фотосурет: Ашық дереккөзден

Жаңалықтар
495

Германияның Магдебург қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды, – деп хабарлайды madeniportal.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл лауазымға Феликс фон Лимбург тағайындалды. Саксония-Анхальт жеріндегі жаңа кеңсенің алдында тұрған міндет-межелер жайлы тілші бейнематериалында. Консулдықтың ашу салтанатына саясаткерлер мен кәсіпкерлер, Германиядағы өзге елдің дипломаттары қатысты.

Жаңа кеңсенің мақсаты – Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынасты арттырып, ел экономикасына инвестиция тарту. Бұл өңірде ауыл шаруашылығы, химия өндірісі жақсы дамыған. Сондай-ақ білім мен туризм саласындағы байланыстарды бекемдеуге мүмкіндік мол.

– Қазақстан – біз үшін маңызды серіктес. Біз екіжақты байланыстарды одан әрі ұлғайтуға мүдделіміз. Ал елімізге танымал кәсіпкердің басқаруы жаңа консулдықтың жұмысына тың серпін береріне сенімдіміз. Қазақстан табиғи ресурстарға бай. Ал біздің кәсіпкерлер технологияларымен бөлісуге дайын, - дейді Саксония-Анхальт аймағы үкіметі кеңсесінің басшысы Райнер Робра.

Жалпы, қазір Қазақстанның Германияда 4 құрметті консулдығы бар. Олар Гамбург, Штутгарт, Ганновер және Дортмундта орналасқан.

– Құрметті консулдық Саксония-Анхальт өңірі үшін өте маңызды. Салтанатты ашылуға түрлі сала өкілдерінің көптеп келіп қатысуы соған дәлел. Ауыл шаруашылығы, шикізатты өңдеу және тамақ өнеркәсібінде жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өңірімізге газ бен сутегі қажет. Екіжақты қарым-қатынас жанданатынына сенімдімін, - деді Euroglas компаниясының директоры Кристиан Винтер.

Аталған аймақта еліміздің құрметті консул міндетін 30 жылдан бері кәсіппен айналысып келе жатқан танымал бизнесмен Феликс фон Лимбург атқарады. Оның компаниясы құрылыс саласында инновациялық шешімдерді жүзеге асырады. Кәсіпкер екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтумен қатар мәдени-гуманиатрлық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.

– Біздің федералдық аймақта машина жасау, жаңғыртылатын энергия және сутегі өндірісі жақсы жолға қойылған. Осы себепті кәсіпкерлеріміз Қазақстанда жаңа серіктестерін тез табады деп ойлаймын. Осы бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға күш салатын боламын, - деді Германияның Саксония-Анхальт аймағындағы ҚР Құрметті консулы Феликс Лимбург.

Тараптар Құрметті консулдықтың ашылуы екіжақты қарым-қатынасты бекемдеп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашыларына сенімді. Бұл қадам Қазақ еліне қосымша инвестиция мен озық технология тартып, бірлескен жобаларды көбейтуге мол мүмкіндік бермек.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...