Сенбіден жексенбіге қараған түні Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында қақтығыстар болды. Ауған тарапын...
Мемлекет бөлген қаржы мұғалімге жетпей ме? Маңызды ақпарат
Фото: Видеодан кадр
Қоғам белсендісі Санжар Боқаев мұғалімдердің құқығын қорғап, бейнеүндеу жариялады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Боқаев мемлекеттік сатып алу сарапшысы Бибек Қаныбектен маңызды мәліметтер сұрастырды. Олардың айтуынша, жыл сайын мемлекет мектептерге 250 млрд теңге бөледі. Бұл қаражат мұғалімдердің сабаққа қажетті құрал-жабдықтарын алу үшін қарастырылған. Яғни бөлінген ақша қағаз, қалам, компьютер, принтер, ноутбук, мұғалімдер бөлмесіне жөндеу жүргізу, ақпараттық стендтер алу сияқты шығындарға жұмсалуы тиіс.
«Бірақ көптеген мұғалімдер әжетхана қағазы мен А4 форматындағы қағазды да алмайтындарын айтады. Тіпті 30 жыл еңбек өтілі бар ұстаздар да бұл жағдайды растайды. Бұл — жүйелі мәселе. Мұны шешу керек», — деді Бибек Қаныбек.
Санжар Боқаев елімізде 500 мыңға жуық мұғалім бар екенін атап өтті. Қоғам белсендісі жоғарыда аталған қаражатты тікелей мұғалімдерге бөлуді ұсынды.
Айтуынша, білім бөлімдері тендер өткізіп, тауар жеткізушілерді анықтағанымен, бөлінген жабдықтар мектепке дейін жетпей жатады. Көп жағдайда мұғалімдер қажетті заттарды өз қалталарынан алады, ал ата-аналар балалары үшін керек-жарақты өздері әкеледі.
«Бұл мәселенің шешімі — бөлінген қаражатты мұғалімдердің жалақысына қосып беру. Сонда олар өзіне қажетті құралдарды өзі сатып ала алады. Қазірдің өзінде мұғалімдер қажетті заттарды жалақысынан немесе ата-аналардан өтініп алып жүр», — деді мемлекеттік сатып алу сарапшысы.
Бибек Қаныбек бұған дейін министрлікке бірнеше рет хат жолдап, мәселені көтергенін айтты. Бірақ нәтиже болмаған.
«Бұл мәселе бойынша білім министрлігіне хат жаздым. Алайда олардың тарапынан мәселені шешуге ынта байқамадым. Бұл — бұрыннан келе жатқан проблема», — деді ол.
Осы орайда Санжар Боқаев білім саласындағы жемқорлықтың тамыры тереңдеп тұрғанын атап өтті.