Қазақстанның халықаралық аренадағы орны

Жаңалықтар
785

Қазақ тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдың аяғына дейін, санаулы күндердің ішінде бізді 18 мемлекет мойындап үлгерді. Бұл мемлекеттердің бастау басында АҚШ, Түркия, Германия, Пәкістан және Қытай болды. Айналдырған бір жылдың ішінде ел егемендігін таныған мемлекеттер қарасы 108-ге жетіп, елордасына 70 дипломаттық өкілдіктің туы тігілді.


Егемендік алған бірінші күндерден бастап біздің ел ішкі саяси-экономикалық мәселелерден бастап, жалпы әлемдік кеңістікке көз жүгіртіп, алыс-жақын шетелмен етене қатынас орнату қамына кірісті. Біріккен Ұлттар Ұйымына, Халықаралық валюта қорына, Халықаралық қайта құру және өркендеу банкіне, ЮНЕСКО-ға, Еуропалық қайта құру және өркендеу банкіне, Түркі тілдес мемлекеттер ұйымына, т.б халықаралық қауымдастықтарға қатысып, белсенді мүшенің біріне айналды. 1992 жылдың 8 шілдесінде Хельсинкиде өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің актісіне Югославиядан бөлініп шыққан мемлекеттер мен посткеңестік елдер басшыларымен бірге қол қойды.
Қазақ елі қос қапталында жатқан алпауыт мемлекеттермен де ара-қатынасты жетілдіре түсті. Мəскеуде 1992 жылы Қазақстан мен Ресей арасында ынтымақтастық жəне өзара көмек көрсету жөнінде екіжақты шарт рәсімделді. Қос тарап көршілес елдердің мәңгілік достық пен қарым-қатынас жөніндегі Декларацияны қабылдап, мұнай өндіру, өңдеу және тасымалдау, Байқоңыр ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану туралы келісімдерді бекітті.
Сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен 50 шақты келісімге, хаттамаға қол қойылды. Қазақстан Республикасы-Қытай Халық Республикасы қатынасында ірі экономикалық әріптестікке, сауда-саттыққа, саяси байланыстарға жол ашылды. 90-жылдардың соңында Қазақ-Қытай арасында тауар айналымы ТМД құрамындағы мемлекеттер бойынша Ресейден кейін екінші орынға шықты. Қос мемлекеттер арасында бұған дейін түйінді мәселе болып келген шекаралық түйткілдер ешқандай ың-шыңсыз шешім тауып, мың шаршы шақырымдық даулы аумақтың 57% Қазақстанға, 43% Қытайға берілді.
Тәуелсіз Қазақстан түбі бір түркі елдер –  Әзірбайжанмен, Өзбекстанмен, Түрікменстанмен және Қырғызстанмен көпсалалы әрі жан-жақты байланыстар орнатты. Тəжікстан мен Таулы Қарабақтағы қанды қақтығыстарды реттеуге көмектесті. Қазақ тарапының Азияда бірлесіп қимылдау жəне сенім шаралары жөнінде кеңесті шақыру туралы ұсынысы, құрылықтағы орнықтылық пен қауіпсіздікті, өзара достық қатынасты қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламасы өте жоғары бағаланды.
 Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрамына енетін елдер 1996 жылы 26 сəуірде(Қазақстан, Қытай, Тəжікстан, Қырғызстан және Ресей) бірінші рет бас қосты. Онда шекаралары түйісіп жатқан мемлекеттердің әскери саладағы сенім мәмілелері қаралды. Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекет басшылары мұнан соң Мәскеуде (1997ж), сосын Алматыда (1998ж), Бішкекте (1999ж) кездесу өткізді. Бұл жиындардың бәрі өңірлік даму мен қауіпсіздік мәселелеріне арналды. Мәскеу кездесуінде шекаралық аудандардағы әскер санын, қарулы жасақтарды қысқарту туралы құжат бекітілді. Алматы саммитінде ШЫҰ мүшелері өзара байланысындағы негізгі бағыттар айшықтанып, сауда-саттық, әлеуметтік-экономикалық байланыстарды тең дәрежеде әрі өзара тиімділік тұрғысынан дамыту жайы пысықталды.
Қазақстанның Түркиямен қатынасы айтарлықтай беки түсті. Республикада сандаған қазақ-түрік бірлескен кәсіпорындары құрылды, оқу орындары ашылды. Қазақстандық жастар Анкараның, Ыстамбұлдың университеттерінде білім-ғылымды иегеруге мүмкіндік алды. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы ақыры аяғында Түркі ұйымының құрылуына әкелгенін өздеріңіз куә болып отырсыздар.
Сондай-ақ жас қазақ мемлекетінің дипломатиясы Үндістанмен арадағы байланысты жандандыруға айрықша көңіл берді. Иранмен, Түркиямен өзара пайдалы мәдени-экономикалық байланыстар күшейді.
Қазақстанға сырттан келетін шетелдік инвестициялардың қомақты бөлігі тиесілі АҚШ-пен де байланыстар нығая түсті. АҚШ көптеген салаларға көп қаржы құюымен бірге, әдеби, мəдени және ғылым- білімді дамытуға орасан қолдау көрсетті. Білім көкжииегін кеңейтуге бағытталған «Болашақ» бағдарламасы аясында біздің студенттер Францияның, Германияның, Американың және басқа да білім-ғылымы дамыған мемлекеттердің оқу ордаларында білім нәрімен сусындап жатыр.
Батыс Еуропа мемлекеттерімен, оның ішінде Ұлыбританиямен қатынасымыз Тәуелсіздік алмай тұрған мерзімдерден де бұрын басталған еді. 1992 жылдың қоңыр күзінде ҚР бірінші президенті Н.Назарбаев Алмания канцлері Г.Кольмен кездесті. Елисей сарайында 1992 жылы Франциямен қос тараптың ынтымақтастық, достық және өзара түсіністікжөнінде мәміле жасалды. Біздің ел Париж хартиясына қол қойды. Болгариямен, Мажарстанмен, Румыниямен және Чехиямен өзара тиімді байланыстар орнатты.
Тәуелсіз мемлекетіміз НАТО блогымен байланысты ұлғайту жоспарын бірауыздан қостады. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы АСЕАН (Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ассосациясы) елдерімен, Жапониямен, Монғолиямен Кореямен өзара ынтымақтастыққа қол жеткізілді. Азияда өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін, дүниежүзілік және дәстүрлі дін өкілдері съезін өткізу ісін қолға алды.
Осыдан 20 жыл бұрын, 2003 жылдан бастап әр үш жыл сайын әлемдік дәстүрлі дінбасылары съезін тұрақты түрде өткізіп, жалпы адамзат игіліктері мен жасампаздық идеялары төңірегіндегі бірқауым құнды ұсыныстар көтерді. Қазақстан Тәжікстанда, Ауғанстанда және Иракта болып жатқан қақтығыстарға, лаңкестікке қарсы күреске, бітімгерлік миссияларға белсене араласты, іс жүзінде елеулі қолдау көрсетті.
Қазақстанның Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуі жөніндегі шешім 2010 жылы қабылданды. Оны аталған ұйымға мүше 56 мемлекет түп-түгел 100 пайыз бірауыздан мақұлдауы арқылы қабылданған шешім екенін де айта кету керек. Мұны өзі біздің еліміздің халықаралық аренадағы беделінің жоғары екенін бір көрсеткіші екені даусыз. Сөйтіп Қазақстан ТМД аумағында ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен бірінші мемлекет болды.
Қазақстандағы БҰҰ-ның қызметі Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде 1993 жылы басталды. БҰҰ-ның агенттіктері 2017 жылы Елордаға көшірілді, ал өңірлік агенттіктер Алматы қаласында тұрақтап қалды. Аталған ұйым атқарушы билікпенғана емес, сондай-ақ жергілікті халықтың ішінен шыққан белсенді қауыммен және басқа да үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс істеп, азаматтарымыздың барлық топтарының, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал қорғалған топ өкілдерінің жайлы әрі қауіпсіз өмір жағдайының сақталуы мәселелерін күн тәртібіне шықты.
БҰҰ халықаралық командасы барлық мемлекеттерде экономикалық және әлеуметтік даму, қоршаған ортаны қорғау, табиғи апат жағдайында жәрдемдесу, денсаулық сақтау, тиімді басқару және адам құқықтарын ілгерілету, гендерлік теңдік және әйелдердің қызметтік және әскерлік мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыс істейді. БҰҰ өзінің бағдарламасын дайындау мен жүзеге асыру барысында Қазақстанның ұлттық мүддесі мен стратегиялық басымдықтарына сүйеніп, соған қарай әрекет етеді.
Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуды қазақ халқының еркіндік пен тәуелсіздікті мұрат тұтқан, соның жолында көптеген азап шегіп, талай абзал азаматтарымыздың тағдырым мен өмірі тәлкекке түскен табиғи сұраныстарынан туындаған табиғи құбылыс, елдік мұрат деп қабылдасақ та қателеспейміз. Мұндай ынтымақтастық жер көлемі үлкен, халық саны аз, экономикасы мен әскери қуаты салыстырмалы түрде әлі де жеткіліксіз біз сияқты, әсіресе посткеңестік мемлекеттер үшін аса қажет қадам. Өйткені БҰҰ – әлем елдерінің өзара бейбіт қатынастарды сақтауын, тату іскерлік байланыстарды дамытуды көздейтін халықаралық үкіметаралық ұйым.
Қазақстан көп салалы халықаралық форумның толық мүшесі бола отырып, әлемдік қоғамдастыққа толыққанды интеграциялану мүмкіндігіне ие болды. Халықаралық ұйымға мүше болып келе жатқан 30 жылдың ішінде Қазақстан халықаралық қауымдастықтың белді бір мүшесіне айналып қана қоймай, өз ұсыныстары мен бастамаларын жемісті іске асырып жүр. Сол арқылы жаһандық өркениеттің дамуына қосқан әл-қадірінше өз үлесін қосу жолында қызмет етіп келеді. Мәселен, Қазақстан ұсынған Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес Азия құрлығындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке арналған сәтті платформа болып табылды. Сондай-ақ, 29 тамыздың –Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде бекітілуінде де Қазақстанның бастамашылық факторы тұрғанын ұмытпайық. Себебі, 1996 жылы еліміз ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына қол қойып, бейбіт және қарусыз әлем құрудың үлгісіне айналғаны естеріңізде болар.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан БҰҰ Жарғысы мен халықаралық шарттарында бекітілген құндылықтарды берік сақтайтынын дәлелдеп келеді. Еліміз 2020 жылы 23 қыркүйекте Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қойып, өлім жазасына тыйым салатынын жариялады. Құжат ҚР Парламентінің ратификациясынан кейін күшіне енді. Мұны айыпты деп танылған адамға ең қатал шара ретінде мемлекеттің өлім жазасын қолдану ықтималдығын азайту және заңнаманы ізгілендіру жұмыстарының жалғасы деп қабылдағанымыз дұрыс.
 Сөзімізді қорыта келе айтпағымыз, қазіргідей әлемдегі геосаяси ахуал ушығып тұрған жағдайда Адамзат баласының алдынан кездескен небір сын-қатерлерді халықаралық қауымдастықтың, әсіресе өркениетті елдердің өзара түсіністікпен, бейбіт жолмен шешуінің маңызы зор. Бұл әлемнің қарулы қақтығыстардың алдын алып, сауда-экономикалық текетіресті, сенімсіздік пен тұрақсыздықтың жоюға, аралық кедергілерді алып тастауға септігін тигізетіні сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның жаһандық бейбітшілік пен татулықты сақтауға, әлемдік жаппай экономикалық дамуға қосып отырған үлесі зор деп білеміз.


 Дәулет АСАУ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...