Мұқтаждық деңгейі ескеріледі: Қазақстанда әлеуметтік көмек алу тәртібі өзгереді

Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
122

Қазақстанда әлеуметтік қолдау жүйесін атаулы форматқа көшіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Министрдің айтуынша, реформаның алғашқы кезеңінде мемлекет көмегін шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау қағидаты бойынша 36 төлем түрінің 14-іне қатысты база қалыптастырылады. 

Екінші кезеңде жергілікті деңгейде көрсетілетін 13 түрлі әлеуметтік көмек түрі мұқтаждық деңгейі ескеріліп, төрт бағытқа біріктіріледі.

Сондай-ақ 2027 жылдың басынан бастап атаулы қолдау қағидатын ардагерлерге берілетін көмекке енгізу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, ведомство ерлерге бала күтімі бойынша демалыс беру мәселесін және әйелдерді қолдау тетіктерін өзгертуді қарастырып жатыр. Атап айтқанда, қолдауды балабақшадағы орындар санын көбейту және бала күтушілер тапшылығын азайту арқылы көрсету ұсынылған.

Реформалар «Отбасының цифрлық картасындағы» «А» (әл-ауқаты жоғары) және «В» (жеткілікті қамтылған) санаттарына кіретін азаматтарға да әсер етеді.

Министрдің сөзінше, 1 қазаннан бастап өзгерістер туралы ақпарат SMS-хабарлама, eGov Mobile және банк қосымшалары арқылы жіберіледі. Тиісті түзетулер Ұлттық құрылтай қарауына ұсынылады.