Мұрат Әбенов Бақытжан Базарбектің жол апатына не себеп болуы мүмкін екенін айтты

коллаж: MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
357

Қоғам белсендісі Мұрат Әбенов Жамбыл облысындағы жол апатына қатысты пікір білдірді. Апатқа Мәжілістің VIII шақырылымының депутаты Бақытжан Базарбек қатысқан, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Әбенов Бақытжан Базарбекті шамамен 12 жылдан бері білетінін және онымен достық қарым-қатынаста екенін айтты. Ол депутатты азаматтық ұстанымы берік, заңсыздыққа қарсы ашық сөйлейтін және күрделі мәселелерді тікелей көтеретін саясаткер ретінде сипаттады.

Қоғам белсендісінің сөзінше, Базарбек апаттан кейін оқиғаға байланысты барлық жағдайды ашық айтуға дайын. Алайда тергеу мүддесіне байланысты қазіргі уақытта істің негізгі детальдарын жариялай алмайды. Әбенов жолдағы көліктің жылдамдығын да арнайы камералар арқылы анықтауға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, трассадағы камералар арасындағы уақытты есептеу арқылы көліктің орташа жылдамдығын анықтауға болады.

Әбеновтің мәліметінше, Бақытжан Базарбек жолға әйелі және кәмелетке толмаған екі баласымен бірге шыққан. Сондықтан жүргізушінің жол қауіпсіздігіне ерекше мән бергенін айтады.

«Апат болғанын естіген бойда Бақытжанмен телефон арқылы байланыстым. Ол оқиғаға қатысты бәрін ашық айтуға дайын, бірақ тергеу мүддесіне байланысты қолхат бергендіктен, негізгі детальдарға түсініктеме бере алмайды», – деді Мұрат Әбенов.

Қоғам белсендісі апаттан зардап шеккен адамның жағдайына да тоқталды. Оның айтуынша, Базарбек оқиғадан кейін зардап шеккен адамның денсаулығын біліп, ауруханаға барған. Сонымен қатар оның анасымен және туыстарымен кездесіп, қажетті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген. Әбенов депутаттың зардап шеккен азаматтың денсаулығына алаңдап отырғанын атап өтті.

Мұрат Әбенов жазбасында жол апатының ықтимал себептерінің біріне де тоқталған. Оның айтуынша, полиция бастапқыда халықаралық жылдамдықты тасжолға қараусыз үй жануарының шығып кеткенін атаған.

Әбеновтің баяндауынша, жолға шыққан сиырды көлік қағып кеткеннен кейін жануар тасжолда жатып қалған. Бақытжан Базарбек жолдағы кедергімен соқтығысып қалмау үшін маневр жасаған, содан кейін жол апаты болған.

Қоғам белсендісі бұл жағдайда тек жүргізушінің әрекетін емес, жануардың тасжолға қалай шыққанын да зерттеу қажет деп санайды. Оның пікірінше, мал иесі жануарды қараусыз қалдырған болса, оның жауапкершілігі мәселесі қаралуы тиіс. Ал егер мал тасжолға қоршаудағы ақау арқылы кірсе, жол операторларының жауапкершілігі туындауы мүмкін.

«Егер сиыр халықаралық трассаға қоршаудағы тесік арқылы кірген болса, онда бұл мәселеге “ҚазАвтоЖолдың” жауапкершілігі тұрғысынан да құқықтық баға берілуі керек. Ақылы жолда көлік жүргізушілеріне қауіпсіз жағдай жасалуы тиіс», – деп есептейді Әбенов.

Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің жоғары санаттағы халықаралық жол екенін еске салды. Мұндай жолдарда жоғары жылдамдықпен қозғалысты қамтамасыз ету үшін жол жабыны, жарықтандыру, жылдамдықты бақылау жүйелерімен қатар, жануарлардың жолға шығуына жол бермейтін қоршаулар болуы керек.

Әбеновтің пікірінше, ақылы тасжолға қойылатын негізгі талаптардың бірі – қауіпсіздік. Себебі жоғары жылдамдық кезінде жүргізушінің жолда кенет пайда болған кедергіден қауіпсіз түрде айналып өтуі немесе көлікті тоқтатуы қиындайды.

Сондай-ақ қоғам белсендісі трассадағы байланыс мәселесін көтерді. Ол жол апаты болған жағдайда полицияға, жедел жәрдемге және басқа да шұғыл қызметтерге дер кезінде хабарласу мүмкіндігі қаншалықты қамтамасыз етілгенін анықтау қажет деп санайды.

Осыған байланысты Әбенов тергеу барысында Бақытжан Базарбектің әрекетімен қатар, үй жануарының тасжолға шығу себебі, жол қоршауларының жағдайы, жол операторының міндеттері және апаттан кейінгі жедел байланыстың жұмысы да жан-жақты қаралуы керек деген пікір білдірді.

Жол апатының нақты себептері мен оған қатысушылардың жауапкершілігі ресми тергеу нәтижесінде анықталады.

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекеттік қызметкерлерге әлеуметтік желі мен мессенджерлерді қолдануда абай болу ескертілді, деп х...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Көксу ауданының прокуратурасы лудоманияның алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің са...