Қанатжан-ау, қарсыласыңды таңдасаңшы!!!

Жаңалықтар
4689

Жұма, сенбі күндері екі үлкен оқиғаға куә болдым тележәшік арқылы. Біріншісі Қанат Ислам баламыз бас кейіпкер болған кәсіпқой бокс кеші де,екіншісі, Димаш Құдайбергеннің "Арнау" атты концерті. Қанаттың жеңісіне қуандым. Бірақ оны кәсіпқой бокс соқпағымен жетектеп келе жатқан жандардың бәріне зығырданым қайнап отыр. Мен Қанатты 2008 жылғы Пекин Олимпиадасында көріп,боксіне риза болып,кейін елге келгенде жақын танысып,білген ақылымды айтқан ағасымын. Бірде ол әлеуметтік желіде; "Головкин - қазақ,біз екеуміз жұдырықтаспаймыз!" деген ой айтты. Мен бір кездескенде; "Қанатжан,ондай патриоттық жақсы-ақ,бірақ жеме-жемге келгенде мықтыны анықтау керек болса Головкинмен шығу керек!" дедім. Бөтен ойлап қалмаңыздар. Мен білетін спортта,оның ішінде кәсіпқой боксте жерлестік,ұлттық белгі деген болмауы керек! Мексика елінің кәсіпқой боксшілері бірін-бірі ұтпай,үлкен шайқастарға жете алмайды.  Рас,бірге туып,бір емшектен еміскен егіз Кличколарды бір-бірімен шайқаспаймын десе түсінуге болады. Ал басты мақсаты кәсіпқой бокстың шыңына шығу боп табылатын бұл өнерде туысқандық деген атымен болмайды!                                                                                                 ...

Не айтқалы отырмын? Сол Пекин Олимпиадасында көрген Қанат баламыз мен күткен шыңына әлі шыққан жоқ. Өйткені оны өз салмағындағы мықтыларға салмай келеді. Сонау жер түбінен Алматыға келіп түрып,бірінші раундтың 14-ші секундында мұрттай ұшатын боксшы кімге абырой? Сол үшін де Қанатты аспанға көтеру керек пе? Бұл - өзегімізді жарып шыққан өз баламызға жасаған көз байлау, өтірік мақтау және оны шындықтан адастыру боп табылады! Әрине,бұған Қанат кінәлі емес. Оған қарсылас тауып, беттестіріп отыратын командасы. Реніш соларға. Ал бүгінде отыздың ортасына келген Қанат айналайын мықтылармен қашан шайқасады? Шайқасып үлгере ме? Әлде оның командасы секілді бізге де ЖЕҢІЛМЕГЕН деген желпілдек атақ жете ме? Сонда кімнен жеңілмеген?  Кешегі өзін көрмек түгілі атын да естімеген Доминикан республикасынан келген боксшы секілді  боқкеуделерден бе? Менің ойымша,одан да Альварес секілділермен шайқасып,жеңіліп қалған әлдеқайда абыройлы болар еді! Әрине, Қанатқа Альваресті ертең ешкім бермейді. Сондықтан да қарсыластың ең ауырын,ең шеберін таңдап, кескілесу керек бұл өнерде. Сонда ғана күштіден күштіге өрлейсің. Ал, осы күйімен жеңіліссіз аяқтағанда не абырой кәсіпқойлық ғұмырын? Жеңілмегендерінің ішінде бір жеңілуге  лайық боксшы болмаса?! Кәсіпқой бокс ойыншық емес. Мені де өзі жеңе алатындай сайрап отыр деп ағаш атқа мінгізетіндер табылады. Ешкімнің аузын жаппаймын. Менің ұлы мақсатым - аса талантты болған Қанат Ислам баламды кәсіпқой бокс секілді жеңісті қан майданда ғана ала алатын өнерде жалған қол шапалақтап, шындықтан ажыратып алмайық деген әкелік,ағалық ниет,тілек қана!!!                                                                                                                  ...

Осы ойларды айту ауыр болды.  

Несіп Жүнісбаев, 

спорт журналисті, 

Астана

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...