Қарым-қатынас ушығып барады: Ресей мен Әзербайжан арасында не болып жатыр?

Фото: ЖИ

ЖАҢАЛЫҚТАР
371

Соңғы айларда Баку мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас күрт шиеленісе түсті. Бұл жағдай бірқатар даулы оқиғалардан кейін өршіді: Әзербайжан ұшағының күмәнді жағдайда апатқа ұшырауы, Әзербайжан азаматтарының Ресейде қаза табуы мен күштік құрылымдардың әрекеттері жағдайды ушықтырып жіберді, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ El.kz интернет порталына сілтеме жасап. 

Әзербайжандық БАҚ-тың хабарлауынша, 27 маусымда Екатеринбург қаласында Гусейн және Зияддин Сафаров есімді екі азамат ұсталған. Әзербайжан тарапы олар қамауда азаптауға ұшырағанын мәлімдеді. Гусейн Сафаровтың ІІМ ғимаратында, ал оның бауыры Зияддиннің қызметтік көлікте қаза тапқаны хабарланды.

Ресейлік тергеушілер бастапқыда олардың өлімін "жүрек талмасы" деп түсіндірген. Алайда Бакуге жеткізілген мәйіттерге жасалған сараптама кезінде көптеген жарақаттар мен ауыр соққы белгілері анықталды.

Баку ресейлік құқық қорғау органдарын азаптау мен қасақана өлтіру айыбымен айыптап, қылмыстық іс қозғап, халықаралық ұйымдарға жүгінді. Сонымен қатар, ресейлік тараппен байланысты барлық ресми шаралар тоқтатылды. 

Бұл оқиға аясында Әзербайжан ІІМ ел аумағында бірнеше ресейлік азаматты тұтқындады. Олардың есірткі тасымалы, интернет арқылы тарату және кибералаяқтық бойынша күдікке ілінгені айтылды. Ұсталғандардың қатарында IT мамандары мен Ресейден мобилизациядан қашып келген кәсіпкерлер де бар.

Баку бұл арқылы халықаралық есірткі трафигін әшкерелегенін хабарлады. 

30 маусым күні Баку қаласында "Sputnik Әзербайжан" медиа ұйымының бірнеше қызметкері тұтқындалды. Полиция агенттіктің "заңсыз қаржыландыру негізінде жұмыс істегенін" алға тартты.

Мәскеу бұл әрекеттерді "достыққа жат" және "заңсыз" деп бағалап, Әзербайжан елшісін Ресей Сыртқы істер министрлігіне шақырды.

Жергілікті БАҚ-та Sputnik өкілдерінің барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін деген болжамдар пайда болды. 

Ресей тарапы да әзербайжан диаспорасына қысымды күшейтті. 1 шілде күні Екатеринбургтегі "Баку Плаза" сауда орталығы маңында Оралдағы әзербайжан диаспорасының жетекшісі Шахин Шихлинский мен ұлы тұтқындалды. Көліктерінің терезелері сындырылып, олар күшпен шығарылған. Кейінірек Шихлинский босатылды.

Осы күндері Воронеж қаласында да ресейлік күш құрылымдары әзербайжандық кәсіпкер Юсиф Халиловтың үйіне тінту жүргізді.

БАҚ бұл оқиғаларды Сафаровтар ісімен байланыстырады. 

2024 жылғы желтоқсанда Ақтау маңында орын алған AZAL ұшағының апаты да Бакудегі реакцияны күшейтті. Жергілікті ақпарат құралдары бұл оқиғаға ресейлік әскери күштердің қатысы болуы мүмкін деген болжам таратты.

Тіпті зениттік "Панцирь-С" кешенімен атып түсірілгені, байланыс жүйелерінің радиоэлектрондық құралдармен өшірілгені туралы мәліметтер жарияланды. Бұл ресми түрде расталмағанымен, Әзербайжан қоғамында алаңдаушылық туғызып отыр. 

БҰҰ бұл шиеленісті бақылауда ұстап отырғанын және жағдайдың дипломатиялық жолмен шешілуіне үміт артатынын мәлімдеді. Әзербайжан Адвокаттар алқасы өз азаматтарының құқығын қорғау үшін халықаралық құқық қорғау ұйымдарына жүгінуге дайындалып жатыр. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қостанай облысында әйелі мен енесін өлтірді деген күдікпен Қарабалық ауылының 45 жастағы тұрғыны ұст...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Жамбылда келінін балағаттаған қайын ата жазаланды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ Спутник...