Шымкентте ер адам 2003 жылы жасаған қылмысы үшін 13 жылға сотталды. Ол Ресейде тек 2024 жылы ұсталып, содан кейін Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстандық 23 жыл бұрынғы қылмысы үшін 13 жылға сотталды
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
Соттың анықтауынша, 2003 жылдың тамыз айында ер адам есірткіні көтерме сатып алумен және өткізумен айналысатын халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланыс орнатқан.
Сол жылдың қазан айында оған аса ірі мөлшердегі героинды тасымалдау және өткізу туралы тапсырма берілген.
"Е. есімді азамат осы тапсырманы орындау үшін 2003 жылғы 20 қарашада сыбайласымен бірге Шымкент қаласынан Ақтөбе қаласы бағытына қарай жолға шыққан. 2003 жылғы 22 қарашада Шымкент–Самара тасжолының Арал қаласына жақын тұсында сотталушы отырған автокөлік тоқтатылды. Кейін көлікті тексеру барысында жанармай багынан жалпы салмағы 34 047,41 грамм болатын 35 пакет ұнтақ зат, атап айтқанда, аса ірі мөлшердегі "героин" есірткі құралы тәркіленді", - делінген хабарламада.
Осыдан кейін ер адамға халықаралық іздеу жарияланды. Оны тек 2024 жылы Ресей аумағында қолға түсіру мүмкін болды. 2025 жылы ол Қазақстанға жеткізілді.
Сотта Е. өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады. Прокурор сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот оны 1997 жылғы редакциядағы Қылмыстық кодекстің баптары бойынша ұйымдасқан топқа қатысқаны және есірткінің заңсыз айналымы үшін кінәлі деп таныды. Оған 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.