Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Қазақстан Республикасының өзге де аймақтарында ерекше режимнің 1...
Қожа Ахмет Ясауи шежіресінің бір үлгісі мен мөрі табылды
Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған «Ясауи ізімен» ғылыми-экспедициясы аясында Өзбекстан Республикасының Наманган қаласынан Түркі әлемінде ислам дінінің кең таралуына ерекше леп беріп, сопылық негіздерінің дәнін еккен әйгілі Қожа Ахмет Ясауи шежіресінің бір нұсқасы мен ислам әлеміне әйгілі он бір шайықтың есімі жазылған мөр табылды. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ахмет Ясауидің тарихына қатысты құнды мұралар Ясауидің ұрпағы, ғұлама ғалым Шарифхужаев Ибрахимжан қажының қолында сақталған. 98 жастағы Ибрахимжан ақсақал Түркістан қаласының тумасы. Ахмет Ясауи кесенесінің жанында өмір сүріпті. Діни сенімдерге қарсы атеистік көзқарас дендеген кезеңде Түркістан қаласынан да көптеген тақуа жандар қудалауға түсіп, кітаптары өртеліп, қиын кезеңдерді бастан өткереді. Бұл зобалаң Ахмет Ясауи ұрпақтарына қатты соққы болған. Сол себепті әкесінен ерте айрылған Икрамжан қария 10 жасында анасы екеуі бас сауғалап Наманганға тығылыпты.
Әкем Түркістанда жерленді. Ал анам Наманганда жатыр. Бізге бұл жақта да оңай болған жоқ. Атадан-балаға мұра боп келе жатқан аманатты сақтап қалу анам екеуміздің басты парызымыз болды. Қараңғы сәттерде жасырынып жүріп, арық-атыздар мен елеусіз жерлерге көмдік. Жер астында көп жатқандықтан Насабнаманың кейбір жерлерінің бояуы өзгеріп, шіри бастады. Көзімнің тірісінде бұл аманатты бабам жатқан жерге табыстауды армандап жүрген едім,-деді Ибрахимжан қажы.
Наманганнан табылған Насабнама нұсқасы шағатай тілінде жазылған. Ұзындығы- 2,5 метр. Мұраның қай ғасырға жататыны әзірге белгісіз. Алдағы уақытта «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі тарапынан Насабнамада жазылған деректерге қатысты толыққанды ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Наманган ғана емес бүкіл республика жұртының құрметіне бөленген ғұлама ғалым Ибрахимжан ақсақалдың сегіз ұл, үш қызынан тараған ұрпақ үлкен әулетке айналған.
Икрамжан қажы өз үйінің бір бөлмесінен Қожа Ахмет Ясауи мен Түркістанға арнап шағын мұражай ашыпты. Мұражайға Ясауидің шежіресіне қатысты Насабнаманың көшірмесі мен мөрін және Түркістанға қатысты суреттер мен кітаптар қойған.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында Қожа Ахмет Ясауиге қатысты деректер мен мұраларды жан-жақты зерттеу, іздеу, ұрпаққа аманаттау мақсатында қолға алынған «Ясауи ізімен» ғылыми-экспедициялық жобасы Ташкент қаласында жалғасады.