Шымкенттен АҚШ-қа: полиглот Айша Хабибуқызының тіл меңгерудегі жолы

Фото: Айша Хабибуқызы

СҰХБАТТАР
170

Тіл үйрену – тек жаңа сөздерді жаттау ғана емес, ол жаңа ойларды түсіну, жаңа мәдениетпен танысу, бұрын көрмеген кеңістікке қадам басу. Білімнің шекарасы жоқ: әр жаңа сабақ, әр жаңа тәжірибе адамды бұрын болмаған мүмкіндіктерге жетелейді. Қорықпай ізденген, қателіктен сабақ алған адам ғана осы шексіз әлемді танып, өз қабілетін кеңейте алады. 8 тіл меңгерген Шымкенттің тумасы Айша Хабибуқызы айтқан сөзімізге дәлел. MadeniPortal.kz тілшісі полиглот отандасымызбен байланысқа шықты.

24 жастағы  Айша Хабибуқызы 17 жасында Ұлттық біріңғай тестілеуден 140-тан 133 балл жинап, грантқа оқуға түседі.

18 жасында Қытай тілін нөлден бастап бір жылдың ішінде үйреніп, HSK 4 деңгейін сәтті тапсырады. Ал 19 жасында IELTS-тен 8.0 балл алады. Әрі Қытайда академиялық мобильдік бағдарламамен білім алып, неміс тілін қатар оқиды.

Бар жоғы 20 жасында логистикалық компания ашады және тауарлық бизнеспен айналысты. 21 жасында бакалаврды қызыл дипломмен бітіріп, IELTS-ті 8.5 баллға жеткізді. 8 тіл мегеріп, олардың 5-інде еркін сөйлей алды. Айша Хабибуқызы 22 жасында Республикалық деңгейде ашық сабақтар өткізді. Лиганың Плюща университетіне және АҚШ-тың 5 университетіне түсті. 23 жасында Айша жолдасымен бірге АҚШ-қа магистратураға көшіп, ана атанды. Айша жолдасымен Шымкентте танысқан.

«2024 жылдан бері жолымыз Америка Құрама Штаттарымен тоғысты. Жолдасыммен Шымкенттегі мектепте жұмыс істеп жүрген кезімде таныстық. Бізді тоғыстырған ортақ құндылық - ұстаздық жол, екеуіміз де білім беру саласының өкілдеріміз», — деді ол.




Шетелде жүрген шымкенттік қыз Америкадағы білім беру жүйесі біздің елден айтарлықтай өзгеше екенін айтты.

«Мұнда тек білім алып қана қоймай, кәсіби жолын қалыптастырып, түрлі салаларда жаңашыл идеяларымен танылып жүрген дарынды қазақ жастары аз емес. Жалпы алғанда, мұндағы білім беру жүйесі біз үйренген үлгіден айтарлықтай өзгеше. Америкада дайын жауаптан гөрі, мәселені терең түсініп, оған балама шешімдер ұсыну, сыни ойлау қабілетін дамыту басты орынға қойылады. Дәл осы ерекшелік америкалық білімнің құндылығын арттыра түседі», — дейді Айша Хабибуқызы.

Әрине осы тұста 8 тіл меңгерген полиглот отандасымыздан тілді меңгеруге деген махаббатының қашан бастау алғанын сұрамасқа болмас. Айшаның тілдерге деген сүйіспеншілігі бала кезінен бастау алған. Жас кезінен түрлі іс-шаралар мен байқауларға үш-төрт тілде қатысып, өзін әр мәдениет пен әр тілдің кеңістігінде сынап көрген.

«Университетке түскен соң бұл қабілетімді одан әрі шыңдап, тілдерді меңгеру мен үшін табиғи әрі жеңіл үдеріске айналды. Менің ойымша, бірнеше тілді еркін меңгеруіме ең алдымен тәртіп пен әлемді, әртүрлі мәдениеттерді тануға деген шынайы қызығушылығым себеп болды. Әлемде біз әлі білмейтін қаншама құбылыс пен білім бар екеніне көз жеткізген сайын, үйренуге деген құштарлығым арта түсті. Әрбір жаңа білім мені жаңа сұрақтарға, жаңа ізденістерге жетелеп отырды», — дейді Айша.



Ол тіл үйренуге ниетті адамдарға, жаңа ілім іздеген жастарға кеңесін айтты. Тілді тек пән немесе міндет ретінде емес, өмір сүру құралы ретінде қабылдау керек екен.

«Тіл тек сөз жаттау емес, ол ойлау жүйесін, мәдениетті, адамдарды түсіну құралы. Ең маңыздысы -  қорықпау. Қателіктен қорықпау керек, себебі акцент немесе қате сөйлем әлсіздік емес, керісінше дамудың белгісі. Тілді меңгерген әр адам дәл осы қателіктер арқылы өседі және өтеді. Сонымен қатар, тәртіп пен тұрақтылық өте маңызды. Күніне аз болса да үздіксіз еңбек ету ең сенімді жол. Байқағаным, көп адам мотивацияны күтеді, бірақ шын мәнінде нәтиже тәртіптен келеді. Ең бастысы, өзіңізге сеніңіз. Әр адамның мүмкіндігі әртүрлі, бірақ тіл үйрену қабілеті барлығы үшін қолжетімді. Тіл - есік. Ол ашылған сайын әлем де кеңейіп, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа ойлар әлеміне апарады», - дейді Айша Хабибуқызы.

АҚШ-та жүрген жас отбасы алдағы уақытта Қазақстанға оралуға ниетті.

Олар жас ұрпаққа бағыт-бағдар беруді, олардың талпынысы мен бастамаларын қолдауды мақсат етіп отыр.

«Америкада жинаған тәжірибеміз: білім мен медицинаның инновациялық жүйелерінен үйренген құнды сабақтарды - туған еліміздің дамуына қызмет ететін игі іске айналдырғымыз келеді», — дейді ол.

Америкада жүрген қазақ қызы көпке үлгі. Қазақстанның әрбір жасы Айшадан үлгі алуға, оның айтқан кеңестеріне құлақ түруге барынша ден қоюы керек. Айша Хабибуқызы жастардың талпынысына сенім ұялататын дарынды қазақ қызы.

ЖАҢАЛЫҚТАР

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезінде президиумның жаңа төрағасы сайланды....

ЖАҢАЛЫҚТАР

"Томирис" фильмі арқылы танылған отандық киножұлдыз, актриса Альмира Тұрсын екінші сәбиін өмірге әке...