Тұрғын үй ауласынан X-XI ғасырға тән ескерткіш табылды

Жаңалықтар
2401

Түлкібас ауданы, Абай ауылындағы жекеменшік тұрғын үй ауласынан ортағасырлық құлпытас пен әулиелерге тән ескерткіш орны анықталды. Өзіндік тарихын ішіне бүгіп, белгілі бір тұлғаның өмірінен хабар беретін құлпытас сан ғасырлар бойы жер астында сақталып келген.

Осыған орай, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері Ясауи ізімен ғылыми-танымдық экспедициясы аясында Абай ауылына барып, тарихи орынмен танысты.

Сыры мен жұмбағы мол құлпытас 2018 жылы Абай ауылының тұрғыны Досжан Қыдырәлиевтің ауласынан табылған. Аталған жайттан үй иелері хабардар болған соң бірден көне жазуларды оқитын арнайы мамандарға хабар береді. Осыған байланысты араб, парсы,  көне түркі тілдерінің маманы, белгілі ғалым Зәріпбай Оразбайұлы бастаған ғалымдар құлпытас бетіндегі мәтінге тілдік зерттеу жүргізіп, араб әріптерімен куфи үлгісінде: «Бұл қабір Мұхаммед Нұран Баб деген жазу барын анықтады.

Құлпытастар әдетте зират басына қойылатыны белгілі. Осыған орай, Халықаралық Түркі академиясының археолог ғалымдары Нәпіл Базылхан және Нұрболат Бөгенбаевтың жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Ғалымдар ескерткішті осы аймақтың байырғы атауына байланысты «Әлдибастау әулиесі» деп атаған.

Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде осы жерден ұзындығы – 4 м, ені – 1,65 м, қабырғасының биіктігі – шамамен 2 метрге жуық құрылыс болғаны белгілі болады. Ескерткіштің қабырғаларын жақын маңдағы Көкбұлақ өзенінің жұмыр тастарымен қиюын келістіріп, арасын саз балшықпен бекітіп қалаған.

Қазба жұмыстары барысында металдан, сүйектен, қыштан, шыныдан жасалған бірқатар археологиялық артефактілер табылды. «Табылған заттай айғақтарға ғылыми зерттеулер жүргізу нәтижесінде бұл ескерткіш шамамен X-XI ғасырларда қазақ даласында өмір сүрген өзі ұста, әрі діни-ағартушылық қызмет атқарған «Мұхаммед Нұран Баб» атты әулиеге арналған ескерткіш деген қорытынды жасауға мүмкіндік берді», – дейді ғалымдар.

Қазба жұмыстары барысында аталған аймақтан бұлақ көзі шығып, судың көтерілуі ары қарай зерттеуге кедергі болған. Әйтсе де жер астынан аршылған түрлі жәдігерлер мен құрылыс нысандарының іргетасы көптеген тың мәліметтерге жол ашты.

Ғалымдардың пікірінше, құлпытастың тік тұруы аталған аймақта қабір жатқандығын аңғартады. 

«Құлпытас қабірдің басына қойылады. Бұл ескерткішті әлі де тереңірек зерттеу қажет. Менің пікірімше, «Мұхаммед Нұран Бабтың» қабірі құлпытастың астында 1,5-2 метр тереңдікте жатқан болуы мүмкін. Өкінішке қарай, бұлақтың көзі ашылып, су арық сияқты толып ағып жатыр. Құлпытас орнатылған тұлға ұсталықпен айналысқан болуы мүмкін. Себебі, қазба орындарына қарап өте ерекше әрі ауқымды жұмыс жүргізілген пештің орнын байқадым. Бұл мәселелерді саралай келе, баптың қабірі ұстаханасының жанына орналастырылған немесе шәкірттері ұстазының құрметіне қабір жанында ұсталық ісін жалғастырған деп пайымдауға болады. Пештің үлгісі мен айналасынан шыққан қалдықтарға қарап темір қорытатын орны болғанын да байқауға болады. Бізді таң қалдырғаны археологияда тек тастан қаланған пештің мұндай үлгісі бірінші рет кездесіп отыр, әрі өзеннің жұмыр тастарынан өріп өте тамаша жасаған», дейді белгілі археолог-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Тұяқбаев.

Расында, аталған ескерткішті қазу барысында ғалымдар көне төс пен шала қорытылған темірдің бірнеше бөліктерін тапқан. Нұран бабаның болаттан құйып жасаған төсі өте берік әрі салмақты екен. Ең қызығы мұндай байырғы төс Қазақстанда алғаш рет табылып отыр дейді ғалымдар. Төстің бетіндегі айқыш-ұйқыш балға іздерінен ұстаның ұзақ жылдар бойы пайдаланғанын бірден байқауға болады. Әсіресе қандай бір заттарды тескенде ұрылған, тесілген іздері төс бетінде анық сақталған.

Аңыз-әңгімелерге сүйенсек бабтардың, сол сияқты діни тұлғалардың әртүрлі сүйікті кәсіптері болған. Арыстан баб, Лашын баб, Қарға баб, Ысқақ баб, Жүсіп ата, Сәдуақас ата сынды тұлғалардың бірі құс баптаумен, ал бірі қасапшылықпен, келесісі жүзім, бау-бақша өсірумен айналасып, халықтың ілтипат-құрметіне бөлене жүріп кәсібіне сәйкес лақап атқа ие болған.

Баб сөзінің араб тілінде  «есік, қақпа» яғни діннің қақпасын ашушы деген мағына береді. Сондықтан, алғаш рет Баб есімі жазылған құлпытастың табылуы үлкен жаңалық болып отыр. «Әлдибастау әулиесі» ескерткішінен 100-150 метр қашықтықта жергілікті халық аяқ асты етпей, әулиелердің табаны тиген қасиетті орын деп құрмет тұтатын шағын төбешік бар. Ауыл қарияларының айтуынша, дінге қарсы атеистік көзқарас орнағанға дейін дәл осы жерде жұма сайын жан-жақтан халық жиналып намаз оқитын, ал астында зікір салып, ауру-сырқауларды шілдеге салатын орын болыпты.

Көнекөз қариялар қадір тұтып қастерлеген, бүгінгі ауылдастары да көздің қарашығындай қорғап отырған төбені көрген тарихшы-ғалымдар үйіндіні белгілі бір діни ғимараттың орны болған деп тұжырымдауда.

Абай ауылындағы жерасты қылуетіне ұқсас бұл үйіндінің сыртқы келбеті Түркістан қаласындағы Құмшық ата қылуетіне ұқсас. Ясауи ілімін жалғастырған сопылардың діни рәсімдер өткізуіне арналған Құмшық ата мешіті екі бөлмелі, ұзынша келген, ені тар дәлізді, шыға берісінде есігі бар үңгір құрылыс. Қылует шаршы пішінді шикі кірпіштерден қаланып, төбесі шатырлы күмбезбен көмкерілген. Оған іргелес диаметрі 2,5 метр және биіктігі 2 метрдей дөңгелек пішінді үй күмбезделіп жабылған. Дәлізі иірлі келген, оның негізгі құрылысы күйдірілген кірпіштен қаланып, күмбезбен көмкерілген.

«Ал мына жердегі жерасты қылуетінің үстіне кесектен қалап мешіт тұрғызылыпты. Бәлкім бұл «Мұхаммед Нұран Бабтың» дәуірінде салынған нысан болса керек. Нақтысы зерттеу жұмыстарынан кейін белгілі болуы тиіс», - дейді археолог Марат Қымызұлы.

Абай ауылынан табылған жұмбағы мол «Әлдибастау әулиесі» ескерткіші жайлы зерттеу, зерделеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр.   

Айта кетсек, аңыз-әңгімелер бойынша Қожа Ахмет Ясауидің үлкен бабасы Ифтихар шайық Түлкібас ауданында Әулиетөбеде жерленген. Жаугершілік заманда атқа қонып, қолына қару алған Ифтихар шайық мұсылман әскерін басқарып, жауды қазіргі Әулиетөбенің жанына дейін қуып келіпті. Жаумен алысып жараланған әулие жан тапсырар алдында теріскейден келетін жауға қарсы түркінің басы ретінде қорған болу үшін үлкен төбенің басына жерлеуді өсиет етіпті. Содан бастап аталған жер Түркібасы әулие, Әулиетөбе аталған екен. Қазіргі аудан атауының негізгі түп тарихы да Түркібасы атауымен, яғни Қожа Ахмет Ясауидің бабасымен тығыз байланысты, дейді мамандар.

madeniportal.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...