ҰБТ-дан бас тартқан арыстық оқушыға әлемнің үздік оқу орындары ұсыныс жасады

Сурет ашық дереккөзден алынды

ЖАҢАЛЫҚТАР
865

Қазақстандық түлек әлемнің 10 еліндегі 86 университеттен шақырту алды, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ.

Бұл туралы Tengri Life жазды.

Түркістан облысы, Арыс қаласындағы Абай атындағы "Білім-Инновация" лицей-интернатының 18 жастағы түлегі Айсұлтан Алтынбек ерекше жетістікке қол жеткізді – оған Еуропа, Азия және Америка құрлығындағы жетекші жоғары оқу орындары шақырту жіберген. БІЛ дерегінше, ұсынылған гранттардың жалпы сомасы – 4,6 миллион доллар.

«Мен Шымкент қаласында дүниеге келдім. Мектепте алғашында математиканы ұнаттым, бірақ кейіннен информатикаға деген қызығушылығым арта түсті», – дейді Айсұлтан.

Айсұлтанның IT саласына деген шынайы қызығушылығы 10-сыныптың соңында басталған. Сол кезде ол шетелдік жоғары оқу орындары жайлы ақпараттарды іздеп, жоғары сынып оқушыларымен, түлектермен кеңесе бастаған. Алайда, ол кезде нақты бағыт пен практикалық білімнің жеткіліксіздігін байқаған.

«Барлық өтініш беру процесі бір жылдан астам уақытқа созылды. Әр кезеңнің өз мерзімі мен дедлайны болды», – дейді ол.

Шетелге түсу – тек баға мен тест балы емес. Университеттер талапкердің өмірлік жолына, олимпиадаларға қатысуына, спорттағы жетістігіне, көшбасшылық қасиетіне, еріктілік пен шығармашылық жобалардағы белсенділігіне мән береді.

«8-9 сыныпта олимпиадаларға қатыстым, бірақ оның жеткіліксіз екенін түсіндім. Сол себепті портфолиома спортты да қостым – мен 7 жыл бойы каратэ-доға қатыстым, спорт шеберлігіне үміткер дәрежем бар. Сонымен қатар, еріктілік пен менторлықпен айналыстым, оны растайтын сертификаттарым бар», – деп бөлісті Айсұлтан.

Құжаттарды аудару мен рәсімдеуде де бірқатар техникалық қиындықтар туындаған. Бұл мәселелерді шешуге мұғалімдері мен отбасы көмектескен.

«Кейде өзімді сенімсіз сезіндім, бірақ ұстаздарым үлкен қолдау көрсетті. Әсіресе, ата-анама алғысым шексіз – олар үнемі жанымда болды, ешқашан райымнан қайтаруға тырысқан жоқ», – дейді Айсұлтан.