«Ұлы дала жорығы» басталды

Сурет ашық дереккөзден алынды

Жаңалықтар
522

Астанада өтетін ауқымды 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсаңында халықаралық аренада ұлттық мәдениеттің насихатын жасау мақсатында «Ұлы дала жорығы» өтеді, деп хабарлады madeniportal.kz Айқынға сілтеме жасап.

Бұл марафон-бәйге халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, 3-7 қыркүйек аралығында бірқатар елдің шабандоздарының басын біріктіреді.

Атап айтқанда, Түркия, Венгрия, Оңтүстік Африка Республикасы, Иран, Қырғызстан, Ресей (Қабардин-Балқар, Татарстан, Қарашай-Черкесс Республикасы, Башқортостан) елдерінен келген командалар ат бәйгесінен бақ сынайтын болады. Сонымен қатар Қазақстаннан Адай, Әулиеата, Найман, Жетісу арғымағы, Қостанай, Көшім жылқы тұқымдарынан 9 команда қатысады. 

«Ұлы дала жорығы» нағыз көш­пенділердің құндылықтарын – бостандықты, табиғатпен үйлесімділік пен саналы тұтынуды, төзімділік пен бірлікті, өзгеге көмектесіп, қуанышыңмен бөлісу қабілетін насихаттайды. Бұның барлығы көшпенділердің мәдени кодын айшықтайды. 

Дүбірлі додаға қатысатын шабандоздардың арасында ат тізгінін ұстаған 22 қыз бала бар.  Қазақстаннан Маңғыстау және Ақмола облысынан 2 қыздар командасы қатысса, Оңтүстік Африка Республикасынан келетін 5 адамның төртеуі қыз бала. Ал Қабардин-Балқар Республикасы командасының төртеуі, Қарашай-Черкесс командасының үшеуі қыздар болса, Мажар командасының 1 шабандозы қыз бала. Жалпы, марафон-бәйгеге 20 команда қатысып, бақ сынайды.

Марафон маршруты Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Ботай мекенінен (Лобаново ауылы) басталып, Астана қаласында аяқталады. Жол ұзақтығы – 500 шақырым. Бәйге басталатын Ботай қонысы – 5 мың жыл бұрын жылқы қолға алғаш үйретілген орын. Ал ұлттық ат спортын дамытуға тың серпін беретін бү­гінгі «Ұлы дала жорығы» жылқының ең мықты тұқымы анықталатын далалық лабораториясы іспетті.

«Ұлы дала жорығы» былтыр 1 200 шақырымда 18-29 қыркүйек аралығында 5 облыс (Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстары) аумағында өткен еді. Биыл Қазақстан аумағында өткізілетін, жалпы қашықтығы 1 300 шақырымды құрайтын әлемдегі тұңғыш ат марафоны болып отыр. Бәйге Қазақстанның бос жатқан иен даласында, шөлейт жерлерінде, яғни ауа райының күрт құбылуы жиі болатын климаттық аймақтарында, температура айырмашылығының табиғи жағдайында өткізіледі.

Жастарды ұлттық мәдениет пен тарихты зерделеуге, ұлттық спортқа деген қызығушылығын қалыптастыру, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңіруге бағытталған жорық жеңімпаздары үшін ақшалай сыйлықтар ұсынады: І орын – 100 000$, II орын – 60 000$, III орын – 40 000$. 

Айта кету керек, «Ұлы дала жорығының» Қазақстанға қатысты танымал бренд қалыптастыруда, елдің ішкі және сыртқы туризмін дамыту үшін жаңа қызықты экскурсиялық маршруттардың ашылуына және қазақы жылқы тұқымдарын танымал етуде ықпалы зор.

 

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...