Астанада Сарыарқа ауданында, Конституция көшесі, 25 мекенжайында қазақтың көрнекті опера әншісі және...
Жаңа театр және аудиоантология. Жазушылар одағының І пленумында не айтылды?
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет жиынды ашып, мақаланың маңызына тоқтады.
Президенттің “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласы тарихымыз пен мәдениетіміздің қадір-қасиетін танытты. Мақаланың мән-маңызы мен құны әлі талқыланып, тиісті жобалар да қолға алынып жатыр. Бүгінгі басқосуда алдымен осы мақаланың ең басты бағыттарын анықтап алуымыз қажет. Өйткені біз отаршылдықтың қиын-қыстау кезінен шықсақ та, өз тарихымызға қол жеткізе алмай, зәру болып келдік, – деді ол.
Жиында одақтың биыл атқарған жұмысы қорытындыланып, келер жылғы жоспары талқыланды. Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде “Сөз патшасы” атты поэтикалық театр құрылады. Жаңа театрдың көркемдік жетекшісі Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрының режиссеры Бейбіт Камаранов болады.
Театр 2019 жылдың басында ақын, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделханның ақын Әмірхан Балқыбектің рухына бағышталған “Қасқыр құдай болған кез” атты поэтикалық драмасымен ашылады. Екі айда бір шығарма сахналанады. Алдағы уақытта театрдың репертуары өзге де қаламгерлердің шығармаларымен толығып отырады, – деді ол.
Жиын барысында Ұлықбек Есдәулет Қазақстан Жазушылар одағы тұңғыш рет “Азия елдері қаламгерлерінің І форумы” атты халықаралық конференция ұйымдастырғалы отырғанын айтты.
Біздің осы бір аса ірі жобамыз жоғарғы жақтан қолдау тауып, 2019 жылдың бюджетіне енгізілгені жөнінде Мәдениет және спорт вице-министр Ақтоты Райымқұловадан қуанышты хат алдық. Бұл шын мәнінде 1973 жылы Алматыда өткен Азия-Африка жазушыларының 5-конференциясынан кейінгі орасан басқосу болмақ. Форум арқылы жаңа заманғы қазақстандық мәдениеттің әлем халықтарына кеңінен насихатталуына, рухани кеңістігіміз бен бай әдебиетіміздің жан-жақты таныстырылуына жағдай жасай отырып, бүкіл Азия әдебиетінің болашағына қатысты күрделі мәселелерді бірлесіп шешу жөнінде алғаш болып бастама көтерген мемлекет ретінде Қазақстанның халықаралық имиджінің өсуіне ықпал етуіміз керек, – деді ол.
Жазушылар одағының басқарма төрағасы “МузАРТ” студиясында жасақталатын аудиоантологияны жазу жұмысы басталғанын және жаңа жылда жалғасын табатынын айтты.
Бұл – Қазақстан Жазушылар одағы мен “МузАРТ” студиясы арасындағы жасалған келісім бойынша ақындар мен прозаиктерге берілген тегін мүмкіндік. Ақын өлеңін, прозаиктер мен драматургтер өз шығармаларын оқып, тарихқа дауыстарын қалдырады, – деді төраға.
Басқарма төрағасының айтуынша, 2019 жылы Қазақстан Жазушылар одағының жанынан сараптамалық жұмыс тобы құрылмақ.
ҚР Білім және ғылым министрлігіне барлық оқушыларға арналған әдеби оқулықтарға сараптама жасап, оқулықтарды Жазушылар одағының мақұлдауынан кейін ғана бекітіту туралы ұсыныс дайындап отырмыз. Сонымен бірге Жазушылар одағы жанынан ән мәтіндерін қадағалайтын “Көркемдік кеңес” құрылады. “Көркемдік кеңес” әннің естісін елеп, ессізін електен өткізіп, қазақ руханиятының тамырына қан жүгіртіп, ұлттық идеологиямыздың жаңаша жаңғыруындағы ұстынымызды ұстап қалуды көздейді, – дейді ол.
Жиын барысында Ұлықбек Есдәулет төрағалық міндетке келген 9 айдың ішінде Үкімет, жергілікті ұйымдар мен жалпы халықтың Жазушылар одағына деген көзқарасы мен пікірін өзгерте алғанын айтты.
Ең маңызды істердің қатарында Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойы тұр. Осыған орай биыл ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың қабылдауында болып, 2019 жылы Жазушылар одағының ғимаратына күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге және осы Әдебиетшілер үйінің заманауи үлгіде жабдықталуына байланысты келісімін алып қайттық. Ол кісі тиісті орындарға тапсырма берді. Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойы қаламгерлермен қатар барша халықтың жаппай тойлайтын торқалы тойы деп білемін. Сонымен қатар “Қазақ әдебиеті” газетінің де мерейтойы. Бұл ортақ мерейтойға және рухани өмірімізге тың серпін берер қаншама іргелі шаруаларға осы отырған барлығыңыз да бір кісідей атсалысасыздар деген сенімдемін, – деді ол.
Еске салайық, Президент Нұрсұлтан Назарбаев “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласында “мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет” деген еді.