Жаңа жыл түні алкоголь ішуге және сатуға шектеулер енгізілді

Фото: Жасанды интеллект

Жаңалықтар
421

Еуропаның және Азияның бірнеше қаласында Жаңа жыл қарсаңында алкоголь ішуге және сатуға шектеулер енгізілді. Сонымен қатар фейерверк сатуға, адамдардың көптеп жиналуына тыйым салынды, деп хабарлайды madeniportal.kz Euronews тілшісіне сілтеме жасап.

«Италияның Венеция қаласында Жаңа жыл түні қоғамдық орындарда алкогольді және алкогольсіз сусындарды шыны немесе пластик бөтелкелерде алып жүруге және ішуге тыйым салынды. Шектеу 31 желтоқсан кешкі сағат 19:00-ден 1 қаңтар таңғы 06:00-ге дейін енгізіледі. Бұл тыйым барлар мен мейрамханалардың ашық террасаларында да қолданылады. Венеция мэрі Луиджи Бругнаро бұл қатаң шаралардың басты мақсаты қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін айтты», — деп жазады басылым.

Жапонияның Токио қаласындағы Сибуя және Синдзюку аудандарында да алкоголь ішуге шектеу енгізілді. Бұл аудандар бұрынғыдай адамдардың көп жиналатын орны болғандықтан, билік Жаңа жыл түні тәртіпті сақтау үшін 31 желтоқсан кешкі сағат 18:00-ден 1 қаңтар таңғы 05:00-ке дейін тыйым енгізді.

«Францияның Страсбург қаласында 31 желтоқсан күндізгі 12:00-ден 1 қаңтар күндізгі 12:00-ге дейін қоғамдық орындарда алкоголь ішуге және сатуға тыйым салынды. Сонымен қатар 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге 31 желтоқсан кешкі сағат 22:00-ден 1 қаңтар таңғы 06:00-ге дейін ата-анасыз немесе заңды өкілсіз сыртта жүруге шектеу қойылды», — делінген материалда.

Лион қаласында да осындай шектеулер енгізілді. 31 желтоқсан кешкі сағат 17:00-ден 1 қаңтар таңғы 11:00-ге дейін қоғамдық орындарда алкоголь ішуге болмайды, ал сатылым 31 желтоқсан сағат 20:00-ден 1 қаңтар сағат 09:00-ге дейін тоқтатылады.