Ресейдің Қазан қаласында жолаушыларын дәрі араластырылған сумен улап, кейін олардың бағалы заттарын...
Экс-депутат ұлымен қоштасу рәсіміне уақытша босатылды
Фото: видеодан скриншот
Қырғызстандағы «Ала-Арча» шатқалында қаза тапқан 14 жастағы Амир Кунакуновтың әкесі ұлын жерлеу рәсіміне қатысу үшін уақытша тергеу изоляторынан босатылды. Бұл туралы жергілікті БАҚ мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қайғылы оқиға 7 қарашада болған. Амир тауда өтетін жүгіру жарысына қатысу үшін үйінен шыққан. Алайда ұйымдастырушылар жасына байланысты оны жарысқа жібермеген. Осыдан кейін жасөспірім Адыгене шатқалына қарай жалғыз кеткен.
Сол күні кешке Амир Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігіне хабарласып, тауда адасып қалғанын айтқан. Алайда көп ұзамай онымен байланыс үзілген.
Жасөспірімді іздеу жұмыстары екі күннен астам уақытқа созылды. Операцияға құтқарушылар, альпинистер мен еріктілер қатысып, дрондар мен тікұшақтар да пайдаланылды. 9 қарашада оның денесі Электро шыңы маңынан табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге суық ауа райы себеп болуы мүмкін.
Амирдің әкесі Максат Кунакунов бұған дейін ұсталып, Бишкектегі №1 тергеу изоляторында отырған. Ол — Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты. Жергілікті БАҚ мәліметінше, оған қатысты қаржылық сипаттағы күдік бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Ұлының қазасынан кейін туыстары билікке өтініш жасап, әкесіне баласымен қоштасуға мүмкіндік беруді сұраған. Адвокаттың өтінішін қарағаннан кейін тергеуші оны қанағаттандырған.
10 қарашада Бішкекте Амирді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Жерлеу рәсіміне әкесі Максат Кунакунов та қатысты. Онымен қоштасуға туыстары, достары, сыныптастары, мұғалімдері және жасөспірімді іздеуге көмектескен еріктілер мен альпинистер келген.