Алматыдағы Орталық стадионда өткен Дженнифер Лопестің үлкен шоу-концертінен қанша ақша түскені белгі...
«Шыдамды неге әйелге міндеттеп қойдық?»: Қайрат Нұртастың әйелі жазбасымен оқырмандарын ойландырып қойды
Фото: әлеуметтік желіден
Танымал әнші Қайрат Нұртастың жұбайы, актриса Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі оқырмандарымен сырласып, әйелдің қоғамдағы орны, қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесі және өзінің балалық шағы туралы ой бөлісті. Ол әйелге төзімділік пен шыдамдылықты міндеттеу қаншалықты дұрыс екенін сұраққа алып, көпшілікті ойландырды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Жұлдыз Әбдікәрімова қазақ әдебиетіндегі белгілі әйел кейіпкерлерінің тағдырына тоқталды. Оның пікірінше, мектеп қабырғасынан оқып өскен шығармаларымызда әйел көбіне тағдыр тауқыметін тартқан, махаббаты үшін күрескен немесе қоғамның қатал талаптарына мойынсұнуға мәжбүр болған кейіпте суреттеледі.
Актриса осы арқылы әйелдің шыдамдылығы неге ерекше қасиет ретінде дәріптелетінін және мұндай түсініктің қалыптасуына әдеби шығармалардың ықпалы болуы мүмкін екенін сөз етті.
«Шыдам дегенді неге әйелге әкеп тіреп қойдық екен, ә? Бәлкім, біз оқыған кітаптар осындай ой салады ма? Мәселен, Міржақыптың Жамалы – махаббат құрбаны. Ғабиттің Ұлпаны – тағдыр тауқыметін тартқан. Әуезовтің Әйгерімі – мұң арқалаған. Сұлтанмахмұттың Қамары – ескі салттың құрбаны. Бейімбеттің Шұғасы – сүйгеніне жете алмаған. Шәкәрімнің Еңлігі – махаббаты үшін жанын қиған», – деп жазды ол.
Жұлдыздың пайымдауынша, бұл шығармалардағы басты мәселе әйелдердің қайғылы тағдыры ғана емес. Жазушылар сол арқылы әйелді бақытсыздыққа душар еткен қоғамдық көзқарасты, ескі салт-дәстүрдің қысымын және әлеуметтік теңсіздікті көрсеткісі келгендей.
Ол әдеби туындыларды тек оқиға желісіне қызығып оқумен шектелмей, кейіпкерлердің тағдырына әсер еткен себептерді де түсіну маңызды екенін жеткізді.
«Қазақ қаламгерлері әйелдің бақытсыздығын емес, оны бақытсыз еткен қоғамды суреттеген шығар. Сондықтан шығарманы сюжет қуып оқу қауіпті», – деді актриса.
Сонымен қатар ол қарапайымдылық пен қарабайырлықтың айырмашылығына да назар аударды.
«Қарапайымдылықты қарабайырлықпен шатастырып алмау маңызды. Жайдақ судың пайдасы мен бұлақтың мөлдіріндей», – деп жазды ол.
Жұлдыз Әбдікәрімова оқырмандарымен әңгімесінде өзінің балалық шағын да еске алды. Ол әжесінің тәрбиесінде өскенін, бала күніндегі ең жылы естеліктерінің бірі түнде тыңдаған ертегілер екенін айтты.
«Менің балалығым кемпірдің қасында өткен. Әжемнің қызымын. Ол заманда ұялы телефон атымен жоқ, болса да қолжетімсіз еді. Түнді таңға жалғап, ертегі айтатын. Қазір ойлансам, сол ертегілердің біразын өзі ойдан тоқып бере берген екен ғой, жарықтығым», – деп еске алды ол.
Актрисаның айтуынша, ол кезде балалардың бүгінгідей телефонға телміретін мүмкіндігі болмаған. Оның орнына әжесінің ертегілерін тыңдап, қиялға беріліп өскен.
Осылайша, Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі жазбасында әйелдің қоғамдағы орны туралы толғанысын, адам бойындағы қарапайымдылыққа қатысты көзқарасын және әжесімен өткен балалық шағының естеліктерін бөлісті.