Ресейдің намысын қорғайтын этникалық қазақ Ілияс Хамзин ММА-дағы үшінші жекпе-жегін өткізді, деп хаб...
Әлем кубогінің чемпионы, шорт-трекші Абзал Әжіғалиев спортпен қоштасты
Фото: әлеуметтік желіден
Қазақстандық шорт-трекші Абзал Әжіғалиев кәсіби спорттағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Кәсіби спортпен қоштасатынын жариялаған Абзал Әжіғалиев бұл шешімді өкінішпен қабылдамайтынын айтты. Ол шорт-трекке арнаған жылдарын өмірінің маңызды бөлігі деп бағалап, осы спорттың өзіне мінез, тәртіп, төзім және жауапкершілік қалыптастырғанын атап өтті.
Осы жылдардың әр сәтіне ризамын. Басып өткен жолыма көз жүгіртсем, жүрегімді өкініш емес, шексіз алғыс пен мақтаныш сезімі кернейді. Енді сол жолдың жалғасын жаңа міндетпен жалғастыратын уақыт келді, – деді спортшы.
Ендігі мақсаты – көп жылдық тәжірибесін Қазақстан спортының дамуына арнау. Әжғалиев ұлттық құраманың жанынан табылып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беріп, шорт-тректің жаңа буынын тәрбиелеуге ниетті.
Мен үшін ең маңыздысы – келесі буынның бұдан да биік белестерді бағындыруы, – деді ол.
Абзал Әжғалиев үшін мұз айдынындағы жарыстар аяқталғанымен, Қазақстан спортына қызмет ету жолы жалғаса береді. Тәжірибелі спортшының жаңа миссиясы – жас буынға бағыт көрсету, ұлттық құраманың дамуына үлес қосу және қазақстандық шорт-тректің келесі жеңістеріне негіз қалау.
Менің спорттағы миссиям аяқталған жоқ. Тек енді ол жаңа деңгейде жалғасады, – деп түйіндеді Абзал Әжіғалиев.
Абзал Әжіғалиев — Қазақстанның шорт-тректен танымал спортшысы. Ол 1992 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Шорт-трекпен 9 жасынан бастап айналысып, 2009 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетті.
2016 жылы Әлем кубогының кезеңінде 500 метр қашықтықта алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихында жеке сында Әлем кубогының жеңімпазы атанды. Ол 2014, 2018, 2022 және 2026 жылдары төрт қысқы Олимпиадаға қатысты. 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында 500 метр қашықтықта төртінші орын алды.
2025 жылы Харбиндегі қысқы Азия ойындарында 5000 метрлік эстафетада алтын медаль жеңіп алды. 2026 жылы кәсіби спорттағы мансабын аяқтады.