Әлемдік футболдағы ең беделді жеке марапаттардың бірі саналатын «Алтын доп – 2026»...
Ордабасының жұлдызы Жасұлан Әмір Криштиану Роналду ойнаған клубқа ауысуы мүмкін
Фото: әлеуметтік желіден
Қазақстан құрамасы мен «Ордабасы» клубының жартылай қорғаушысы Жасұлан Әмірге тағы бір еуропалық клуб қызығушылық танытып отыр. Спорт журналисі Елдар Аманбаевтың мәліметінше, Лиссабонның «Спортинг» клубы 19 жастағы қазақстандық футболшыны жіті бақылауға алған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Журналистің айтуынша, португалиялық клубтың скауттары қазіргі уақытта Әмірдің биылғы маусымдағы ойынына қатысты егжей-тегжейлі есеп дайындап жатыр.
Жасұлан Әмір ҚПЛ-дың биылғы маусымында көзге түскен жас футболшылардың бірі болды. Ол «Ордабасы» сапында негізгі құрамнан орын алып, нәтижелі ойынымен ерекшеленді. Осы маусымда барлық турнирде 34 матч өткізіп, 11 гол соғып, алты нәтижелі пас берген.
Клубтағы сәтті өнері ұлттық құрамаға да жол ашты. Биыл жас футболшы Қазақстан құрамасына шақырту алып, ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынын өткізді.
Айта кетейік, Лиссабонның «Спортинг» клубы жас таланттарды анықтап, оларды дамытуға басымдық беретін еуропалық командалардың бірі.
Дегенмен әзірге португалиялық клуб тарапынан ресми ұсыныс түскені туралы ақпарат жоқ. Қазіргі уақытта «Спортингтің» қызығушылығы скауттық бақылау және футболшының ойынына қатысты есеп дайындау деңгейінде.