Әлемге әйгілі опера әншілері (фото, видео)

МУЗЫКА
10318

"Мәдениет порталы" талғампаз оқырмандарына XX-шы ғасырдың маңдайына алтын әріппен жазылған, күміс көмей, бір шоғыр опера әншілері туралы естелік пен олардың шырқаған әндері жазылған бейнетаспаны ұсынады.

Федор Шаляпин

Федор Шаляпин – орыс операсының ең атақты әншісі. Ол кедей-шаруа отбасында дүниеге келіп, келешегін етікшілікпен ұштастырмақ болады. Теңдессіз талантының арқасында оның өмірі өзгеше түзіледі. Бала кезінде ол шіркеу әншісі болып, он алтыға толғанда Серебряков труппасына хорист болып кіреді. Жас Шаляпин ойламаған жерден, науқастанып қалған артисті алмастырамын деп солистке айналады. Осы тұста  Дмитрий Усатов деген орыс әншісі және педагог оған қол ұшын береді. Оған Шаляпиннің дауысы қатты ұнап қалады. Сонымен қалтасында қара бақыры жоқ, кедей әншіге ол тегін сабақ бере бастайды. 

Біраз жыл өткен соң, Шаляпин Савва Мамонтовтың опера театрында, Маиирск және Үлкен театрларында ән шырқайды. Сол кезде ол -  бүкілресейлік, артынан әлемдік танымалдылыққа ие болады. Көрермендерді таң қалдырған: оның тек вокальдық қабілеті ғана емес, образға кіру шеберлігі мен көзіндегі ерекше оты және табиғи тартымдылығы еді. Осындай қасиеттерінің арқасында оның сомдаған: Мефистофель, Дон-Кихот және Борис Годунов сияқты образдары өте айшықты болып шықты. 

Аты әлемге жайылса да ол өзінің шыққан тегін ұмытпай, жоқ-жітімдерге көмегін аямады. 1905 жылғы революция кезінде ол - өнерінен түскен табысты жұмысшыларға таратып берді. Ал 1927 жылы концерттерінің бірінен жиналған қаржыны эмигранттардың балаларына табыстады. Бұл, саяси ұпай жинау үшін жасалған қитұрқылық емес, адамгершіліктен туған таза жанашырлық еді. 

Лучано Паваротти

Лучано Паваротти опера сахнасының нағыз супержұлдызы болды. Оны «жоғарғы до-ның королі» санады. Себебі ол, ер-әншілердің екісінің бірі ала бермейтін осы нотаны қысылмай алатын-ды. Өзінің еңбегімен ол опера өнерін танытып, қалың көрермендерге қол жетімді етті. «Паворотти мен достары» атты қайырымдылық концерттерін ұйымдастырып, сахнаға поп және рок-музыканттармен бірге шықты. Кейбір сыншылар оның бұндай қылығына ашу шақырып, шынайы музыканы қорлады деп сөкті. Не деседе көрермендер Павороттиді құшақ жая қарсы алды. Нью-Йорктегі Орталық алаңдағы өткен концертте жарты миллион көрермен жиналды. Бұндай керемет аудиторияны жинау – бұған дейін бірде бір танымал орындаушылардың қолынан келмеп еді. Ал "Метрополитен Опера" залындағы концертте көеремендердің сұрауы бойынша шымылдықты 165 рет көтеруге тура келген. Осы жағдай «Гиннес рекордттар кітабына» енді.

Жас кезінде Лучано Паваротти футболист болуды арман етті. Ал, ата-анасы оны мұғалім болуға көндіреді. Екі жылдық ұстаздық қызметтен кейін ол – жүрек қалауы музыка екенін анық түйсінеді. Әншілік жолына жаңа түсіп, өнер биігіне өрмелей бастаған ұлын,  отызға толғанша әкесі асырамақ болып міндеттенеді. 

Талай уақытқа дейін Лучано Павароттидің айы оңынан туа қоймады. Алты жылға созылға оқу-үйренуден соң тамағанынан кінәрат табылып, ән айтуды мүлдем доғармақ болып шешеді. Бақытына орай ол өйтпеді. Кейін келе әлгі кінәрат дауысының бүгіндей, өзінің қалауынша қалыптасуына жол ашты.  

Хосе Карерас

Бұл әнші өзінің таңдауына ешқашан да күмән келтірген емес. Ол туа сала, ән шырқап келе жатқандай, сегіз жасындағы алғашқы әнін жұрт радио арқылы тыңдады. Тым ерте бастан қол жеткізген жетістіктеріне қарамастан, Хосенің ата-анасы оны музыка саласында айтарлықтай табысқа кенеледі деп ойламады. Сондықтан, бозбала Хосе Қарерас институтта химияны екшеп, соның арасында вокалды да қоса алып жүрді.  

Ісіне деген адалдығы жемісін де тез берді. "Метрополитен Опера" мен миландық "Ла Скала" және Вена опера театрында ән салды. Ол, олимпиадалық ойындардың ашылу және жабылу салтанаттарының музыкалық директоры болды. Оның дискілері талай мәрте «алтын» және «платина» бағалығымен шығарылды. 

1987 жылы күтпеген жерден қайғыға тап болды: әлемге танымал әнші өзінің лейкемиямен науқас екенін білді. Айығып кетуге мүмкіндік жоқ десе де болғандай еді, бірақ Хосы Карерас дертті жеңіп, әлемдік сахнаға қайта оралды. Осындан кейін, ол лейкемиямен күрес үшін қор құрып, жылғы бойғы концерттің алпысынан түскен қаржыны сол қорға аударып отырды. Өзінің ашқан қорына көпшіліктің назарын аудару үшін, «Үш тенор» атты концерттік серия өткізіп, онда  Пласидо Доминго және Лучано Павароттимен бірігіп ән шырқады.

Пласидо Доминго

Пласидо Доминго– атақты тенорлар үшітігінің үшіншісі. Сыншылар: оның дауысы жанға өте жайлы және орындауы ерекшелігі кісіні елжіретіп, керемет мәнерлі естіледі деп сүйсініскен-ді. Оның ата-анасы, испан музыкалық-театр жанрындағы сарсуэлалық актерлер қатарына жатады. Бозбала шағында Пласидо Доминго сол топта дебют жасап, кез келген музыкалық жұмыстан қашпай: мюзиклдерде ән айтып, барларда фортпианода ойнап, спектакльдерге фондық музыкалар қиыстырып, радиода музыкалық хабар жүргізеді. Жиырма алты жасында, Нью-Йорктегі мемлекеттік театрінде салған әнінен соң, әлемдік деңгейдегі танымал әнші болып мойындалады.    

Пласидо Доминго "Метрополитен Опера", "Ла Скала", "Ковент Гарден" сахналарында және басқа музыкалық орындарда ән салып, Еуропа мен АҚШ арасында екіге бөлініп, әуре-сарсаңға түседі. Ол 140 жетекші опера партияларын орындап рекорд жасайды, бұндай өнімді жұмыспен танымал деген ешбір тенор мақтана алмайтын-ды. 

Сондай-ақ, Пласидо Доминго – шынайы романтик. Марта Орнелас деген опера әншісіне құлай ғашық болып қалып, оның терезесі астында серенада орындағаны бар. Мынадай ғажап дауысқа жүрегі еріп кеткен қыз, көп ұзамай оның жары атанады. 

Андреа Бочелли

Әншінің көзіне жас кезінен дерт жамалып, он екі жасқа толғанда мүлдем суқараңғы болып қалады. Бұл қасірет оның жақсы оқуына және музыкамен шұғылданып, не түрлі вокальдық конкурстарда жеңімпаз атануына кесірін тигізбейді. Мектептен соң заңгер дипломын алғанымен, ол мамандықпен жұмыс істемей, өзін музыкаға арнайды. Күндіз опералық вокалды шыңдаса, түнге қарай мейрамханаларда ән салып, пианинода ойнайды. 

Андреа Бочеллидің деможазбасы қалайда Лучано Павароттидің қолына тиеді. Ол жас орындаушының дауысына қатты таң қалып, оны өзімен бірге концерт беруге арнайы түрде шақырады. Бір-жар жылдан соң, бұрынғы ресторандық әнші Рим Папасының алдында ән салып, оның концертіне жүз мыңдаған қалың көрермен жиналады.

Дмитрий Хворостовский

Дмитрий Хворостовский музыка және ән салумен бала кезден айналысады. Бозбала шағында хард-рокпен әуестеніп, жастар тобында солист те болады. Бірақ көп ұазамай, классикалық вокалға қайта оралып, осы бағытта табандылықпен еңбектенеді. Тіпті студент кезінің өзінде-ақ, оны Краснояр опера және балет театрына солист ретінде шақырады. Одан арғы өмірі: Бүкілресейлік және әлемдік конкурстардағы жеңістерге ұласады. Тоқсаныншы жылдары әнші батысқа қоныс аударып, содан бастап: "Ковент-Гарден", "Ла Скала", Вена мемлекеттік операсы, "Метрополитен Опера" және басқа да әйгілі музыкалық алаңдарда өнер көрсете бастайды. 

Дмитрий Хворостовский  2017 жылдың 22 қарашасында 55 жасында қайтыс болды.

Дайындаған З. Самалбекұлы


➢ ➣ Адамзат тарихындағы 10 ұлы композитор

➢ ➣ Әлемдегі ең танымал 10 скульптура

➢ ➣ Қазақстандағы ең мықты 10 суретші

➢ ➣ Ұлы суретшілер картинасындағы қол нені меңзейді

author

Федор Шаляпин

ӘНШІ

Жаңалықтар

Жаңа адамдар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті деканының қызметтен босатылуын...

Жаңалықтар

Оқиға Есет батыр шағын ауданында болған. Ойын баласының аулаға жүгіріп шығып, көлік астына түскен сә...